Жаңалықтар

Жарылыстан 118 жылжымайтын мүлік бүлінген

5
(1)

Жамбыл облысында әскери бөлімдегі жарылыс кезінде үйлерінен үдере қашқан тұрғындар кешелі бері ауылдарына қайтып келіп жатыр. Алайда, көпшіліктің қорқынышы әлі басыла қойған жоқ. Әсіресе, кішкентай балалар кез келген қатты дауыстан шошып қалған. Қайнар, Жібек жолы мен Базарбай елдімекендері әскери бөлімге өте жақын орналасқандықтан, ондағы үйлер мен нысандар қатты бүлінген. Тұрғындар қираған есік-терезені қалпына келтіріп, шағылған терезелерді өз бетінше жаңалап қойыпты. Жұрт енді мемлекет тарапынан уәде етілген көмекті күтіп отыр, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

Оқиға орнына ең жақын орналасқан Қайнар ауылы. Елдімекен әскери бөлімге тиіп тұр. Алайда, қазір онда тек ауыл тұрғындары мен арнайы қызметтердің ғана кіруіне рұқсат. Бөтен адам, оның ішінде журналистерді әскерилер кіргізбейді.

Ал әскери бөлімнен шамамен 2 шақырым жердегі Жібек жолы ауылындағы тіршілік біртіндеп қалыпқа түсіп келе жатқанымен, тұрғындар қауіптің толықтай сейілгеніне әлі сенбейді. Күні кеше түскі мезгілде әскери бөлім аумағында тағы бір жарылыс болды. Көпшілік қорқып отырғанымен, ауылдағы үй-қораны тастап кете алмай отыр. Жалпы, жедел штабтың зерделеуі бойынша 3 ауылда жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталған. Оның 106-сы тұрғын үй. Жібек жолы ауылында тұратын Альфия Құрманбекованың айтуынша, жарылыс кезінде ол отбасымен қауіпсіз жерге қашқан. Екі тәулік өткен соң ғана қайтып келіпті. Жарылыстан үйдегі бөлмелердің төбелері опырылып, терезелердің сау-тамтығы қалмапты.

АЛЬФИЯ ҚҰРМАНБЕКОВА, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Үйіміз быт-шыт, терезеден терезе жоқ, мынаның барлығы құлап, шаң-топалаң келіп жинастырып, мыналарды өзіміз құрастырып, кірдік. Не істейміз енді, үйімізді тастап кете алмаймыз ғой. Терезелерді жинастырып кіргізіп қойдық, бір-бір слойы жоқ, айналарды әйтеуір елден сұрап, айналарын салып, құрастырып қойдық, мына балаларға сквозняк болмасын деп».
Ал мына үйде жарылыстың толқынынан бүтін бір қабырға төбеден ажырап кетіпті. Комиссия келіп , арнайы тексеру жүргізген екен. Отбасы мүшелері «Баспанамыз өзімізді басып қалмаса екен» деп қорқып отыр.

ГУЛМИРА ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  «Қайда жатарымызды ойладым, жерге жатсақ па , неғылсақ деп, одан кейін екінші жарылыста қаштық бәріміз. Жер сілкініп, неғылатын болса, 2-3 балл жетеді ғой, бір стена ары қарай кетеді ғой».

Комиссияның шешімі бойынша бүлінген 106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Қалған 71-і жеңіл зақымдалған, олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға үкіметпен қосымша жергілікті бюджеттен қаражат жұмсалмақшы.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:»Біз енді өзімізге міндеттеме алдық, екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз. Оған біздің мүмкіндігіміз, жұмысшыларымыздың барлығы жетеді».

Елдімекендердегі білім ошақтарына да зақым келген. Үшбұлақ пен Базарбай ауылдарындағы мектептерге жеңіл-желпі жөндеу жүргізілетін болады. Ал Жібек жолы ауылындағы білім ұясы қатты зардап шеккен.

НҰРЖАН МЕРГЕНБАЙ, ТІЛШІ:»Бұл мектеп 1958 жылы салынған. Жарылыс салдарынан өзі де ескі ғимараттағы сыныптардың төбесі опырылып, әйнектері шағылған. Алдағы уақытта ауылдағы бұл ескі мектептің орнына жаңасын салу жоспарланып отыр».

Мемлекеттік көмекті кәсіпкерлер де күтіп отыр. Жарылыс салдарынан 12 коммерциялық нысан шығынға ұшырады. Әсіресе оқиға орнына жақын орналасқан сауда нүктелері қатты қираған. Арнайы комиссия шығын көлемін есептеп, тиісті шешім қабылдамақ.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button