ЖаңалықтарСұхбат

Әйтенов жапондар салған үйде тұра ма?

5
(1)

Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Шымкент қаласының да өлшеусіз үлес қосқаны белгілі. Өйткені соғыстың кезінде қаламызға Ресейден, Украинадан көптеген зауыт-фабрикалар, оқу орындары көшірілген, қалада жаралы жауынгерлерді емдейтін бірнеше госпиталь жұмыс істеген.

Ел арасында Шымкент қорғасын зауыты жауға атылған әрбір он оқтың тоғызын берген деп айтылатыны мәлім. Дегенмен біз пресс-автомат зауытында танктер құрастырылғанын білмейді екенбіз. Бұл туралы біз таяуда «Шымкент Цирк» мекемесінде жаттықтырушы болып еңбек ететін Виктор Әйтенов есімді ағамыздан естіп-білдік. Яғни соғыс кезінде Шымкентке Воронеж танк зауыты көшіріліп әкелініпті. Онда танктің қосалқы бөлшектері шығарылған, тіпті соғыс машиналарының өздері де құрастырылған көрінеді. Бекеңнің анасы Елизавета Соболева зауыт жұмысшысы болғандықтан Шымкентке эвакуацияланған зауытпен бірге қоныс аударған. Сөйтіп ол пресс-автомат зауытында қалыптаушы (формовщица) болып еңбек етіпті. Ол Шымкентке 1937 жылы туған қызымен бірге келген. Бекең анасының соғысқа дейінгі өмірінен ештеңе білмейді екен.

Ал Бекеңнің әкесі Серқұл Әйтенов деген азамат сол зауыттың күзет бөлімінде істеп жүргенде орыс қызы Е.Соболевамен танысып, екеуі отбасын құрыпты. Бұл енді соғыстан кейінгі жылдары болса керек, өйткені В.Әйтеновтің жасы қазір 69-да. Ол әкесінің кейінгі өмірі туралы білмейді. Себебі әке-шешесі кейін ажырасып кетіпті. «Кейінгі әйелі мен балаларын бізге таныстырған болуы керек, анық есімде жоқ, бір мәрте бір балалармен таныстырғаны ғана есімде қалыпты», – дейді Бекең. Бұл тақырыпқа тереңдей бергенді қаламағандай көрінгендіктен ары қарай қазбалап сұрамадық. Ол кісі анасы мен әпкесінің өмір бойы Шымкентте тұрғанын айтты, оларға қазақ даласының топырағы бұйырыпты.

Ал В.Әйтенов бұрынғы пресс-автомат зауытының қарсы бетінде, сол кездегі Ильич көшесіндегі Н.Островский атындағы №4 мектепте оқыған. Сол жылдары «Металлург» мәдениет үйі аумағында цирк мектебі болған екен, ол бала кезінен цирк үйірмесіне қатысыпты. Сөйтіп кейін Мәскеу цирк училищесіне оқуға түскен. Училищенің жатақханасында орыстың болашақ әйгілі әртісі Ефим Шифринмен бірге тұрған. Кейін Мәскеу циркінде 18 жыл еңбек еткен, оны басқарған Юрий Никулиннің көзін көрген. Осы цирк әртістерінің құрамында әлемнің барлық елдерін дерлік аралап шығыпты. Тіпті Кубада үш айға жуық уақыт болып, бірде әріптестерімен бірге Куба көсемі Фидель Кастромен көзбе-көз отырып сұхбат та құрыпты.

1991 жылы КСРО ыдырағасын Мәскеу циркі де тоқырауды бастан өткерген. Сол кездері онда еңбек етіп жүрген басқа ұлт өкілдеріне оң қабақ көрсетіле қоймаған сияқты. Сосын олар өздерінің тарихи отандарына оралуға мәжбүр болған. Сөйтіп қазақ баласы Виктор Әйтенов Шымкентке қайта оралған.

Виктор Әйтенов қазір Шымкент циркінде еңбек етуде. Бекеңді жасы ұлғайған адам деп айта алмайсыз, ол қазіргі 69 жасында да мығым, сергек, ширақ, қарулы, цирк сияқты күрделі салада белсенді түрде еңбек етіп, әртістерді жаттықтырып жүр. Ол жұмысына велосипедпен қатынайды, тренажер залдарына барып, ағзаға күш салатын жаттығулармен де айналысады. Осыдан үш жыл бұрын Астана қаласында 18 елдің мықтылары қатысқан цирк фестивалінде Шымкент циркінің Ресей, Қытай сияқты азулы елдердің өнерпаздарын да артқа тастап, алтын және күміс медальдар ұтып алуына Бекеңнің де қосқан өзіндік үлесі баршылық.

Біз В.Әйтеновтен соғыстан кейінгі жылдары Шымкентте оперетта театры жұмыс істегені туралы да естідік. Ол кісінің жары Любовь жеңгейге де бірер сұрақтар қоюдың сәті түсті. Жеңгей кезінде бір құрбысының шетелге барғанда әдемі шұлықтар сатып әкеліп, кейін оның шымкенттік «Эластик» фабрикасының өнімі болып шыққанын күле еске алды. Сол кездері Шымкентте түрлі салалар бойынша 60-қа жуық зауыт-фабрикалар жұмыс істеген екен, өнімдер шетелге де шығарылып тұрған.

Бізге бұл кісілермен жарты сағаттай ғана уақыт сұхбаттасудың сәті түсті. Соның өзінде бірталай тарихтан құлағдар болдық.

Тарих демекші, бұл кісілердің тұратын үйлері де тарихтың бір көзіндей екен. Бір қабатты, барак типтес бұл үйлерді соғыс кезінде қолға түскен жапон әскери тұтқындары зауыт жұмысшылары үшін салыпты. Содан бергі уақыт ішінде олар шөгіп те қалмай, ескіріп те кетпей, тұрғындарға қызмет көрсетіп тұр. Бекеңнің үйінің іші-сырты тап-тұйнақтай, ұқыпты күтілген, тап-таза. Қабырғалары зауыт күлінен құйылған блоктармен қаланғандықтан мығым. Оған шеге түгілі, дюбельді қағып өткізудің өзі оңай емес екен. Бекеңнен біз «Металлург» мәдениет сарайының құрылысын да жапондардың жүргізгені туралы білдік.

…Иә, сол бір қиын-қыстау жылдарда Шымкентте әлемнің әр түкпірінен түрлі жағдай-себептермен келген мыңдаған адамдардың тағдыры да мидай араласып жатыпты. Шымкенттік Виктор Әйтеновтің әкесі Серқұл мен анасы Елизаветаның тағдыры да солардың бірі. Осы орайда Бекең өзінің әкесінен туған басқа бауырлары бар-жоғын білмейді екен. Егер өмірде бар болса, олар да Шымкентте өздерінің қаны бір туған ағасы тұрып жатқанынан бейхабар шығар.

Р. ҚЫДЫР

Дереккөз: zamana.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button