Жаңалықтар

LRT құрылысы қайта жанданды

0
(0)

 Бас қалада аты шулы ЛРТ-ны аяқтау жұмыстары қайта жандана бастады. Әуежай маңына ұзақ уақыттан соң алғашқы жұмысшылар да келді. Олар жер үсті метроларының бағаналарына бетон өтпелерді орнататын болады. Бірақ, бір өкініштісі бұл құрылыс жанданбай тұрып мамандар үлкен проблемаға тап болды. Бұл туралы  newsroom.kz тілшісі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

2021 жылдың жазы. Араға 2,5 жыл немесе 900 күн салып ЛРТ құрылыс алаңында тағы да крандар пайда болды. Мамандар қоршаулары қираған, арам шөп басып қараусыз қалған нысанды жамап-жасқап, дайындық жүрігізіп жатыр. Жауаптылар алғашқы жұмыстарды әуежай маңынан бастауды жөн санапты.

Бір өкініштісі, сенбі күніне жоспарланған құрылыс жұмыстарының басталуынан аяқталуы тез болды. Өйткені, бетон балкаларды көтеруі тиіс салмағы 400 тонналық мына крандар істен шығыпты. Ал, қыруар қаржыға сатып алынған техниканың бүлінуіне бірден-бір себеп, ол вандалдар. Құрылыс тоқтап тұрған уақытта пысықайлар қосалқы бөлшектерін ұрлап, сатып жіберген көрінеді. Енді, міне жөндейін десе алып құралдың тілін білетін маман елімізде жоқ екен. Аттай қалатып шеттен алдыртып жатқан көрінеді.

Аcқат МЫРЗАБАЕВ, құрылыс алаңының инженері:

«Күн жыли бастаған кезден бастап, балканы қою жұмыстарын бастап жатырмыз. Сенбі күні бірінші балкамызды қоюға ниеттеніп жасап едік, өкінішке орай техникалық ақауларға байланысты осындай жағдай болып, қайтадан тоқтап қалды».

Бұл құрылыс жұмыстары ұзындығы 22 шақырымды құрайтын жеңіл рельсті метроның қай бөлігіне дейін жалғасатыны белгісіз. Қазір, Қытайдан бірнеше маман жұмыс істеп жатыр екен. Бір қызығы, бетон қондырғыларды орнату тек шетел азаматтарының ғана қолынан келеді-мыс. Ал, біздікілер оларға шама-шарқынша көмектесетін болады.

ЛРТ-ны аяқтауға қанша қаражат бөлінгені жөнінде жауаптылар жақ ашпады. Тек құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық қызу жүріп жатқанын растады. Жеңіл рельсті метроны соңына дейін жеткізу үшін Қытайлық компаниямен келісімшарт жасалыпты.

CITY TRANSPORTATION SYSTEMS компаниясының ресми мәлімдемесінен үзінді

 «Мердігер қытайлық консорциум қазіргі уақытта келісім-шарттық міндеттемелер шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық жүргізіп жатыр. Пандемияға байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесі түзетілді. Өйткені, оған дейін қытай мамандары елімізге кіре алмады».

Еске сала кетейін, жуырда ғана осы «Астана ЛРТ» ісіне қатысты сот отырысы аяқталған еді. Фемида өкілдері әртүрлі лауазымда болған 7 азаматты 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, прокурор   айыпталушылардан 5 млрд теңге өндіріп алу жөнінде сұрады. Ал, бүкіл былықты бастаған қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Астана ЛРТ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жариялнған.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button