ЖаңалықтарҚаржы

Елде азық-түліктен басқа тағы да не қымбаттайды?

0
(0)

Ресейде жанармай нарығын тұрақтандыруға бағытталған жаңа жобалар қолға алына бастады. Яғни елдің қаржы және энергетика министрлігі бірлесіп, бағаны төмендету мәселесіне қатысты ортақ байлам жасады. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің, оның ішінде Қазақстанның жанармай нарығына қалай әсер етеді? Ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында Ресей билігі мұнай өнімдерінің экспортын шектеуге ниетті.

Жылдың алғашқы екі айында Ресейде бензин екі жарым, солтүстік федералды аймағында 4 процентке дейін қымбаттады. Яғни болжамдағы есептен еселеп асып кетті. Оған жанармай акциздерінің көбеюі және мұнай бағасының қайта көтеріліп, сұраныстың артуы әсер еткен. Енді үкімет жағдайды мықтап қолға алып, нарықты тұрақтандыруға ниетті. Ол үшін қаржы және энергетика министрілігі бірігіп, бағаны бір қалыпта ұстауға бағытталған жүйеге өзгеріс енгізді. Ол 1 мамырдан бастап күшіне енеді. Өзгерген жүйе бойынша мұнай өңдейтін зауыттар әлемдік нарықта қара алтын қалай құбылса да, бензинді қарапайым халыққа бір бағада ұсынады. Ал үстіндегі шығынды мемлекетпен есептеседі. Оны жабу үшін Ресей бюджетінен 350 миллиард рубль бөлінген. Сондай-ақ бірінші мамырдан бастам Ресей билігі мұнай өнімдерінің экспортына шектеу енгізбек. Ол 1 қазанға дейін жалғасады деген болжам бар. Сарапшылар бұл шектеу егіс науқаны қарсаңында ішкі нарықты жанармаймен қамтуға оң әсер етеді деп санайды.

Елде жанармай қымбаттайды

Ресейдің жанармай нарығына қатысты жасаған өзгерістері Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де әсер етпей қоймайды. Әсіресе Қырғызстан мен Армения қуанып отыр. Себебі осы екі елге мұнай өнімдері жалғыз Ресейден жеткізіледі. Егер бұл елдің ішкі нарығында жанармай жеткілікті болса, импортер екі елге де жетеді. Ал тапшылық байқалса, Қырғызстан мен Арменияның бөшкелері қаңырап бос қалады. Ал біздің елде жағдай бөлек. Мұнай және газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің айтуынша, Қазақстанның жанармай нарығы Ресейге тәуелді емес. Отандық мұнай өңдейтін зауыттар ішкі нарықты толық қамти алады. Керісінше, Ресейде жанармай қымбат болғандықтан шекаралас аймақ тұрғындары бензинді бізден алып, сол елге астыртын сатып жүр. Ал Ресей билігі қабылдаған шаралар бағаның көтерілуін аздап тежегенімен тоқтата алмайды. Өйткені салыстырмалы түрде Ресейде бензин әлемдік нарықтағы бағадан төмен. Олар жаһандық нарықпен теңелуге ұмтылады. Сәйкесінше, бізде де баға Ресеймен теңесуге тиіс болғандықтан жанармай бірте-бірте қымбаттай береді. Қазақстанда бензин бір жылда қанша теңгеге құымбаттады. «Тенгриньюс» сайты елдің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілетеме жасап, мынадай мәліметті жариялады.

Мәселен, 2020 жылдың сәуір айында Ай-92 маркалы бензиннің литрі 150-160 теңгеден саудаланған. Ал қазір жанармай бекеттерінде 160-170 теңге. Тіпті кей өңірлерде 180-ге жуықтайды. 8-12 теңгеге қымбаттаған. Биылғы сәуірде бензин ең қымбат өңір деп Солтүстік Қазақстан облысын айтуға болады. Мұнда АЙ-92 маркалы бензин 170-177 теңге аралығында. Былтыр осы айда 156-157 теңгеден сатылған. Ең арзаны Ақтөбеде. 152-158 теңгеден. Былтыр 147-149 теңге аралығында болған.

Азық-түлік қымбаттауы мүмкін

Бензиннің қымбаттауы азық-түлік бағасының көтерілуіне де әсер етуі мүмкін. Қазақстанның өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының өкілдері өсім 56 процент болады деген пайым жасады. Валюта бағамының құбылуына байланысты қазір өндірушілер мен тасымалдаушылар тауарға тарифті көтерген жоқ. Оның үстіне шетелден импортталатын құрылғылар да қымбаттады. Әрине өндірушілер кеткен шығынды өнімнің өзіндік құнына қосады. Осылайша азық-түлік бағасы көтеріледі.

Елордада судың тарифі көтерілді

1 мамырдан бастап елордада сумен жабдықтау қызметінің тарифі көтеріледі. Жаңа тарифті Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті бекіткен. Ол бойынша тұрғындар ауыз судың бір текше метрі үшін 53 теңге 45 тиын төлейді. Бюджеттік мекемелер 233, теңге 27 тиын төлейді. Кәріз суына 41 теңге 79  тиын төленеді. Жаңа тариф 31 желтоқсанға дейін бекітілді. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 430 теңге 73 тиын деп белгіледі. Еуро 519 теңге 29 тиынға тең. Ал Ресей рублі 5 теңге 73 тиынға тең.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button