Жаңалықтар

Президент баспананы арзандатудың жолын ұсынды

3.1
(12)

Баспана бағасын арзандату үшін оны құрылыс компаниясынан алдын-ала, яғни үйдің іргетасы қаланбай тұрып сатып алу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің  жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға  арналған тапсырмасы бойынша әзірленген құжаттың  кей тұстарын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында нақтылады.  Сондай ақ , ол  білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша да Үкіметке тың тапсырмалар жүктеді.  Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ұлттық кеңестің бесінші отырысында Қасым Жомарт Тоқаев жауыр болған баспана мәселесіне тағы тоқталды.  Зейнетақы қорындағы ақшаның ішінара иелеріне беріле басталуы мұң екен,  елдегі пәтер бағасы бірден 30 пайызға дейін шарықтап шыға келді. Осыдан аз бұрын Президент  жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды тұрақтандыру туралы тапсырма берген еді.  Оған сай  тиісті министрлік  арнайы бағдарлама әзірлеп, жуырда Министрлер кабинетіне таныстырған-ды.  Бүгінгі отырыста сол құжаттың негізгі тетіктерін Қасым-Жомарт Кемелұлының  өзі нақтылады».

Қазір ел бойынша 530 мың отбасы әкімдіктерде  пәтер кезегінде тұр. Жыл сайын  ол  50 мыңға  адамға көбейеді.  Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11 пайызға өскен. Дайын баспананың жартысы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына тиесілі. Президент бұл үйлердің бағасы әлі де қымбат екендігін алға тартты. Ол Үкімет әзірлеген жылжымайтын мүлік нарығын реттеуге бағытталған құжатты қолдайтындығын жеткізді.  Айтуынша, экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті:

Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес, тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді».

Жаңа  бағдарламаға сай ауылдық жерлерден кәсіпкер өз жұмысшыларына деп үй салса,  құрылысқа жұмсаған шығынның жартысын мемлекет субсидиялайтын болды.  Бұл «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына серпін беріп,   осындай елді мекендерде  мұғалім мен дәрігер тапшылығын шешуге де жағдай жасайды. Дәрігер демекші,  алдағы жылы  медицина институттарында оқитын студенттердің шәкіртақысы  көбейеді. Тоқаев , білім беру саласында  цифрлық технологияларды одан әрі жетілдіу керек деді. Балалардың қашанға дейін қашықтан оқитыны әлі белгісіз.  Сондай-ақ, мүгедек жандардың да жағдайы жасалмақ. Енді  олар жыл сайын өздерінің аяғы не қолы әлі жоқ екендігін комиссия алдында дәлелдемейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Келесі маңызды мәселе  мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды».

Президент мүгедектерге лайықтап сұранысқа ие нысандардың тізімін жасау керектігін ескертті. Оған халыққа қызмет көрсету орталықтары, білім беру, медицина және басқа ғимараттар кірмек.  Олардың бәрі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қайта жарақталатын болады. Сондай-ақ, Қасым Жомарт Тоқаев азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуы керек-, деді.

Ол үшін  Денсаулық сақтау мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің ақпараттық жүйесі біріктіріліп, бірыңғай ортақ база құрылмақ. Бұл ведомствоаралық  үйлестіруді жеңілдететін болады. Президент бұл жобаны 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асыруды тапсырды».

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.1 / 5. Бағалар саны: 12

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Ақнұр Сағатова

Инстаграм парақшасы

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button