Екібастұз әкімінің сөгіс алу себебі белгілі болды

 165 

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласының әкіміне сөгіс жариялап, бірқатар жауапты қызметкерлердің жұмысын қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ, ол карантин режимінің сақталуын күшейту шараларын қабылдады, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі штаб отырысына қатысып, онда карантин жағдайында қалалық бөлімдер арасында тиімді өзара әрекет болмауынан карантин және оқшаулау режимі толық қамтамасыз етілмегенін атап өтті.

«Сондықтан да мен Екібастұз қаласының әкімі, қалалық штабтың бастығы Ержан Иманзайыповқа штабтың дұрыс жұмыс жасамағаны үшін және салалық мекемелер арасында өзара үйлесімді қызмет ұйымдастырылмағаны үшін сөгіс жариялаймын», – деді Сқақов.

Ол сонымен қатар ережелерге сай жұмыс істемеген емханалардағы бас дәрігерлер мен бас санитарлық дәрігердің жауапкершілігін қарастыру қажеттігін айтты.

«COVID-19 расталған пациенттердің жақын және ықтимал байланысын анықтауда алгоритмнің орындалуына қатысты көптеген сұрақтар туындайды. Кейбір жағдайларда бұл жұмыс белгіленген мерзімнен кеш аяқталды. Маған карантинге жабылған кіреберістердің тұрғындары оқшаулау ережелерін сақтамайтындығы туралы ақпараттар жетіп жатыр. Яғни, қала әкімдігі мен қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб жағдайды тұрақтандыру үшін жедел шараларды уақтылы қабылдаған жоқ», – деді Әбілқайыр Сқақов.

Өз кезегінде қалалық штаб жетекшілері ведомствоаралық өзара іс-қимылда және алгоритмдерді сақтауда проблемалар болғанын ашық мойындады. Қазіргі уақытта аймақтық эпидемиологтар мен басқа мамандардың араласуынан кейін жағдай тұрақтандырылып, бақылауға алынған.

 

Бөлісу: