Жаңалықтар

Семей полигонының жабылғанына 30 жыл болды

5
(1)

Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген – Семей полигонының жабылғанына 30 жылға жуықтады. Бірақ, сынақтар тоқтаса да, зардабын адамзат осы уақытқа дейін тартып келеді. Кейбір дереккөздерге сенсек, ядролық сынақ аумағында тұрған 1,5 млн азамат полигонның қасіретін көрген. Ауаға тараған радиоктивті жауын 304 мың шаршы шақырымға жайылған. Ал, Семей экологиялық апат аймағына айналды. Бірақ, тәуелсіздік алысымен елдің бірінші мақсаты ядролық қарудан бас тарту болды. Алайда, ол шешім оңайға соққан жоқ. Бұл туралы  Newsroom+ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Совет одағының басшылығы АҚШ атом бомбасын пайдалану арқылы соғысқа дайындалып жатыр деген күдікпен, 1947 жылы  Қорғаныс министрлігі №2 оқу полигонын құру туралы құпия қаулыға қол қойды. Оның мақсаты ядролық қаруды сынақтан өткізу еді. Қауіпті аймақ Ертіс өзенінің сол жағалауында, Семей қаласынан 130 шақырым жерге салынды. Тек 1949-1963 жылдары жалғыз Семей полигонында сынақтан өткізілген жарылыстардың күші Хиросимаға тасталған ядролық бомбадан 2500 есе жоғары болған екен.

Совет заманында барлық жарылыстар аса құпия ұсталды. Десе де ашық дерек көздердің мәліметінше, Семей полигоны аймағында  40 жыл ішінде 460 ірілі-ұсақты сынақтар өткізілген. Ядролық қарудың зардабын білген сол кездегі Компартияның бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен полигон есігіне құлып салынды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:

«Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер беті бейбітшілікке бөлену үшін бар күш-жігерін салып келеді. Біз қуаты жөнінен әлемде төртінші орынға ие ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартқан елміз. Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтердік. Бұл – Қазақстанның бейбіт бастамалары жер бетіндегі барша елдің мүдделеріне сай келетінін және олардың қолдайтынын көрсетті».

Талай жанға қасірет әкелген Семей полигонындағы соңғы сынақ 1989 жылдың қазанында болған.  Бірақ, арада аттай 30 жылға жуық уақыт өтсе де радиацияның уыты әлі күнге дейін шашылып келеді. Аймақта радиация қаупі жоғары. Ал, жыл сайын алғаш ядролық сынақ өткізілген 29 тамыз күні «Халықаралық ядролық қарудан бас тарту күні» болып атап өтіліп келеді.

Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрі (1991-1994 Ж), «Невада-Семей» қозғалысының негізін қалаушы:

«40 жылдан астам уақыт ел аумағында 460-тан астам ядролық сынақ өткізілген. Оның ішінде ауада, жердің астындағы жарылыстар Қазақстанға үлкен зардабын тигізді. 1,5 млн-нан астам адам радиация ортасында қалды. Мыңдаған сәби ауру болып туылды, өмір бойы арбаға таңылғандары қаншама. Өзен, көлдер тартылды. 1,5 млн гектар жер жарамсыз күйге түсті. Бұл адамзат баласына үлкен қасірет әкелді».

Полигонда еңбек еткен құрылысшылар, әскери мамандар мен ғалымдардың уақытша тұрағында сол уақыттың бірде-бір картасында көрсетілмеген кішігірім қала бой көтерді. Қазір бұл жерде Қазақстанның Ұлттық Ядролық орталығы орналасқан. Мекеме мамандары қаңырап бос қалған полигоннан топырақ сынамаларын алып, улы заттардың мөлшерін, таралуын тексереді. Ал, жарылыстан зардап шеккендердің ұрпақтары сұмдық оқиғаны былайша сипаттайды.

Сәрсенбай БАЙДАЛИНОВ, Шаған қаласының бұрынғы тұрғыны:

«Менің ағаларым, үлкен кісілер кішкентай кезімде айтып отыратын. Жер үсті сынақтары өткізілетін уақытта, ауыл маңынан тікұшақпен мамандар келіп, тұрғындарға ескерту жасайтын болған. Ал, адамдар бас сауғалап үйлерін тастап қашқан. Курчатов маңындағы аспандағы саңырауқұлаққа ұқсас жарылысты көзімен көрген».

Полигон аумағында тұрып жатқан немесе дүниеге келген адамдар қатерлі ісікке, жүйке жүйесінің ауруына жиі шалдығады. Ал, балалардың арасында туа бітті сал ауруымен дүниеге келетіндер көп. Қазір, Семейліктер Үкіметтен қандай көмек алып жатыр? Оны тұрғындардың өзінен сұрап көрдік.

«Бір 10% шығар мүмкін. Экологиялық 4100 теңге ол халықтың қай жыртығын жамайды? + 00:42 Сондықтан, мынау экологиялық тұрғыдан алғанда полигон қайтадан қаралып, Үкімет тарапынан қаралып. Халыққа нақты көмектер көрсетілгенін қалар едік».
«Мен 2000 жылдары бір ақ рет жәрдемақы алғанмын полигонский. Содан кейін, ешқандай көмек болған жоқ Үкіметтен».

Саясаттанушылардың сөзінше, 1991 жылы тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту жөніндегі шешімі, әлем державаларының алдында үлкен абырой әкелген.

Самат НҰРТАЗА, Саясаттанушы:

«Мен осы жаплы Елбасының үш үлкен ісі деген сұраққа жауап сұраса менен, мен айтар едім біріншісі Атом ядролық қаруынан бас тарту. Екіншісі – шекараны шегендеу. Үшіншісі – астанамызды солтүстікке көшіру. Біздің екі үлкен көршіміз бар Ресей мен Қытай. Екеуінен де біз мәңгі бейбітшілік келісім-шартын алып алғанбыз. 1991 жылы менің пайымым бойынша, біз сол атом қаруын игере алмас едік. Сондықтан, сол кездегі шешім, саясат дұрыс деп ойлаймын».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей полигоны жабылып, «Невада-Семей» қозғалысы құрылған соң, әлемдегі бірқатар сынақ орындарының есігіне құлып салынды. Қазақстанның ізін ала Украина мен Беларусь те қауіпті қарудан бас тартып, Лиссабон құжатына қол қойды. Бірақ, Семей даласында жасалған толассыз сынақ әлі мыңдаған жыл бойы өзінің зардабын тигізетін болады. Қауіп-қатерге қарамастан, полигон аумағында әлі күнге дейін адамдар өмір сүріп келеді.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button