Жаңалықтар

Қырғыз елі Қазақстанға гуманитарлық көмек үшін алғыс білдірді

0
(0)

 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қырғызстанға жалпы салмағы 10 000 тонна қазақстандық ұн түріндегі гуманитарлық көмек жеткізіле бастады, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі  Egemen.kz.-ке сілтеме жасап.

18 мамырда 4 500 тонна ұнның алғашқы партиясы 75 темір жол вагонымен тасымалданды. Оның 30-ы Бішкекке жеткізілсе, қалғандары елдің басқа өңірлеріне жіберілді.

Қырғызстанның Ауыл, орман және су шаруашылығы министрінің орынбасары Азамат Мукашевтың айтуынша: «Қазіргі кезде министрлер кабинеті денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ұнды халыққа, оның ішінде әсіресе әлеуметтік жағынан нашар қамтылған адамдарға тарату мәселесін пысықтап жатыр. Менің ойымша, қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасының тарапынан үлкен көмек болып отыр».

Қырғыз тарапының ақпаратына қарағанда, гуманитарлық көмектің бірінші партиясы Мемлекеттік материалдық резерв мекемесінің Қырғызстанның Қара-Балта, Балықшы қалаларына, яғни солтүстігіндегі қоймаларына бөлінді. Ұнның қалған бөлігі елдің оңтүстігіндегі Ош пен Джалал-Абадқа тасымалданады.

«Гуманитарлық көмек атаулы түрде жеткізіліп отыр, сондықтан аталған ұн бұл облыс орталықтарында, осы өнімге зәру түпкі алушылар арасында таратылмақ. Әлеуметтік қолдаумен қамтылған адамдарға тегін беріледі», деп атап өтті А. Мукашев.

Осы орайда қырғыз тарапы Қазақстан Үкіметіне және тиісті мемлекеттік органдарына гуманитарлық көмекті жедел жеткізгені үшін айрықша алғысын білдірді.

Еске салсақ, гуманитарлық көмек мәселесі Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев пен Қырғызстан Президенті С. Жапаровтың 2021 жылдың 1 мамырында телефон арқылы сұхбатта қарастырылған болатын.

Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев Қазақстаннан өткен жылы індет басталған кезде-ақ гуманитарлық көмек шеңберінде 5 000 тонна отандық ұн өнімі Қырғызстанға жіберілгенін атап өтті.

«2020 жылы күзде Үкіметтің шешімімен елімізде жасалған 400 дана портативті желдету аппараты, 2 миллион бетперде жіберілді. Бұған қырғыз халқы ризашылығын білдіріп жатыр. Біз қиын кезде әрқашан көмектесеміз деген ойдамын», деді ол.

Гуманитарлық жүктің қалған бөлігі мамырдың аяғына дейін жеткізіледі.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button