Алматы қаласыЖаңалықтар

Алматы саябағындағы жатақхана құрылысы халықтың наразылығын тудырды

0
(0)

Алматының орталық саябағына Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жатақханасы тұрғызылуы жайлы бастама тұрғындардың наразылығын туғызды. Демалыс орнының аумағына мекеменің салынуы ауаның ластануына, тыныстың тарылуына себеп болады, дейді тұрғындар. Олар президенттің атына хат жазып жіберген, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат  агенттігі  КТК арнасына сілтеме жасап.

Бұған тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Өйткені түтінге тұншығып отырған қалада еркін демалуға мүмкіндік бар жалғыз орын осы дейді. Белсенді топ тіпті президенттің атына хат жазып жіберген.

Орталық мәдениет және демалыс саябағы алматылықтардың сүйікті жері. Осында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жатақханасы салынады дегенді естігелі тұрғындардан маза қашқан.

«Балалық шағым осы саябақта өтті. Бұрын мұнда жазғы спорт қалашығы болды. Тіпті бассейнге дейін бар еді. Қазір оның бірі де жоқ. Енді саябақтың өзін де құртпақшы»- дейді Татьяна Гаймулина, Алматы қаласының тұрғыны.

Жұрт жатақхана бой көтерсе, саябақтың ауасы да уланады дейді. Өйткені мұнда көшіп келетін болашақ мұғалімдер әрі-бері көлікпен жүреді деп күдіктенеді. Әрі айнала қоқысқа толуы мүмкін. Ал саябақ экологиялық ахуалы ушыққан қаладағы еркін демалуға болатын жалғыз орын дейді тұрғындар.

«Бұл саябақтың әр сантиметрі үшін күресуіміз керек. Өйткені бізге онсыз да таза ауа жетіспейді. Қазір қала түтінге тұншығып тұр. Енді құрылыс үшін саябақтағы жасыл желекті отап жатыр. Тынысымыз тарылатын болды», – дейді Светлана Прихватилова, Алматы қаласының тұрғыны.

Саябақтың бір шетіндегі төрт гектар аумақ Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 2011 жылы берілген. «Бұл жер саябаққа кірмейді», – дейді оқу орнының басшылығы. Мұнда университеттің стадионы, оқу ғимараттары және әскери кафедрасы орналасқан.

Ал 2018 жылдың қараша айында сол кездегі қала әкімі Бауыржан Байбектің қаулысымен аумақта жатақхана салуға рұқсат берілген.

«Бізде 11 сотық жерге 2018 жылы қала әкімінің қаулысымен жатақхана салуға рұқсат берілген. Қазір барлық құжатта заң аясында рұқсаты бар. Қала   қызметтерімен, бәрімен келісілген. Басқа жер ұсынса, сол инвестормен, сол жобамен салуға дайынбыз», – дейді Ғабит Дулатов, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры.

Алайда бұл құрылыстың уақытын созады. Ал университеттегі 3 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж.

Қазір орын солардың жартысына әрең жетіп отыр екен. Осылай деген оқу орнының өкілдері түп-тамырымен жұлынған 67 ағаштың орнына «он есе көп тал егеміз» деп уәде етті.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button