Мұхтар Тайжан: Мемлекет 42 500 теңгені төлеуді жалғастыруы керек

 443 

Елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен оның әкелген қиыншылықтарының зардабын қазақстандықтар әлі көріп жатыр. Осыған орай Мұхтар Тайжан мемлекет 42 500 теңгені төлеуді жалғастыру керек екенін жеткізді, – деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдай режимі алынғанымен, карантин әлі жалғасады. Сондықтан, мекеме кәсіпорындар, жұмыс орындары толық іске қосылған жоқ. Оның үстіне аты шулы 42500 теңгені де жырымдап жатыр. Ал, экономикадан хабары бар кейбір белсенділер қазынада қаржы жетеді, халыққа қолдау көрсету керек дейді.

«Екі ай үйде отырып, жұмысқа шықпай, жағдай қиын боп жатыр. Меніңше, үкімет әрмен қарай сол 42 мың теңгені төлеу керек деп есептеймін. Оған мүмкіндік бар», – деді экономист Мұхтар Тайжан.

Қала тұрғындары әкімдіктегілерге жолыға алмай дал болып жүргендерін жеткізді.

«Арғы жағына бардық, ана есікке бардық.Үшінші есікке келіп тұрмыз, әлі кіргізбейді», – дейді қала тұрғыны.

Жергілікті билік өкілдеріне жете алмай жүрген жанның бірі 75 жастағы қарияның сөзінше, ол әлі коммуналдық төлемге берілетін 15 мың теңгені ала алмай жүр екен.

«15 мың теңгенің қалай берілетінін біле алмай қанша күннен бері жүрмін. Аудан әкімдігін анда-мында бар деп жібереді. Үйде екі зейнеткерміз», – дейді зейнеткер Исмагил Бакиев.

Елорда билігі әкімдік ғимаратынан шықпай халықты шулатып қойғанын байқады ма, қаладағы базар басшылары да білгендерін істеді. Екі ай сауда жоқ, жабық тұрған жерге аренда төлеңдер деп сатушыларды шырқыратуда екен.

«Бізді наурыздың 16-да жапты. Наурыздың 14 күні қалды. Сәуірде 16-да кестеден бұрын бізді төлетті. Сәуірді толығымен төлеп қойдық. Бірақ, үйде отырдық істеген жоқпыз. Енді, қазір мамырдың жартысын төлеңдер, төлемесеңдер тұрмайсыңдар дейді. + 00:39 Майдың ақшасын перерасчет жасасын, сәуірді қайта есептесін десек, жоқ оны тамызда жасаймыз дейді. Ондай бола ма екен?», – деді саудагер Балжан Имашева.

Кейбір саудагерлер карантин уақытында интернет арқылы сауда жасамақ болған. Алайда, базар басшылығы олардың заңды тауарын бермей, контейнерлердің маңына күзет қойған.

«Бүкіл Қазақстанның жағдайы қиын болып тұр ғой мына карантинге байланысты. Мысалы біз саудагерміз, біз сезонмен жұмыс жасаймыз. Біз қыстық затты сатып, көктемдік зат әкеліп қойғанбыз. Көктемде карантин келді жабылды. Біз көктемдік затты сатып, жаздық зат әкелуіміз керек негізі. Біз былайша айтқанда, екі сезонда банкротқа ұшырап отырған сияқтымыз», – дейді саудагер Ерлан Сейітов.

«Біздің сауда орталығында жалға берудің әр шаршы метрі 1500 теңгеден басталып, ары қарай кете береді. Қазір, карантин уақытында төлемақыны түсіру жағын қарастырып жатырмыз. Егер, арзан бағада орындар керек болса, базардың басқа бөлігіне ауысыңыздар. Сауда жасайтын жер жетеді бізде. Бірден айтайын сараланған тариф жүйесі алынбайды. Толыққанды шешім жақын күндері қабылданады». – дейді орталық базар басшысы Алексей Чуев.

Осы айқай шудан кейін қала әкімдігі де араласыпты. Бірақ, тек базар ғана емес, жалпы бизнес саласынан береке кетті. Қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай шұғыл экономикалық реформа керек ұлттық кәсіпкерлер палатасының ешқандай қауқары жоқ, оның үстіне салық жүйесіне де өзгеріс керек дейді.

«Қаншама кәсіпкерлер сот жүйесінде салық комитетінен жеңіліп қалды. Сіздер көмектесе алдыңыздар ма? Мен кәсіпкерлерді ойлап отырмын. Шындықты айтыңыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасын ешкім тыңдап жатқан жоқ», – дейді кәсіпкер Азаматхан Әміртай.

Еліміздегі кәсіпкерлердің 86 пайызы карантинге байланысты қаржылық қиындыққа тап болған.

Оның ішінде 59 пайызы жалға алған нысанның ақысын төлей алмаса, 31 пайызы салыққа берешек қысты деп отыр. 50 пайыздан астамы жұмысшыларын уақытша демалысқа жіберсе, 20 пайыздайы карантиннен кейінде қызметкерлерін кері жұмысқа ала алмаймыз деп қиналуда.

Бөлісу:


Және де: