Жаңалықтар

«Қарындасым» деп жүріп қырындайды…

«Аға» деп аңқылдап тұрған бойжеткенге өмірде неше түрлі аға кездеседі, деп newsroom.kz жазады qamshy.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

Қазақ деген бауырмал, сыйластықты бірінші орынға қоятын халықпыз. «Аға» деп қарындасы құрмет көрсетсе, «қарындасым» деп ағасы қамқорлық танытса, ғажап қой! «Аға» деп аңқылдап тұрған бойжеткенге өмірде неше түрлі аға кездеседі. Бірі шынайы бағыт-бағдар сілтеп, ақылын аямаса, енді бірі отбасылы бола тұра, гүлді құшырлана сүйіп, сабағымен суырып алғысы келеді. Әңгіме солар жайында болмақ.

Мұхамеджан Тазабеков бір сұхбатында: «Бүгінде қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі – ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас, жақындық ең жоғарғы деңгейге шықты», – деген еді. Рас. Бүгінде ер азаматтар қауымы өзінен бірнеше жас кішкентай, кейбірі тіпті қызындай, немересіндей қыздарға көз салып, қырындауды намыс көрмейтін, керісінше ер-азаматқа сай қылық деп санайтындай. «Шіркін-ай, біздің қазақтың ер-азаматтарына ерік пен мүмкіндік берсең, қос-қостан әйел алып, оның сыртында өзге қарындастармен көңіл жарастырудан тайынбайды» деп ер-азаматтың атына сын айтатындар көп. Себебі бүгінде «қарындасым» деп жүріп іштей қызығатын, кейіннен қырындайтын ағалар баршылық.

Олар қандай ер-азаматтар дейсіз ғой? Ордалы отыздан асып, бір машина мінген, балалы-шағалы, сырт көзге төрт құбыласы тең адамдай көрінетін, комплимент десе аянбайтын, қалжыңдап тиісіп қалатын, керек десе сөзбен іші бауырыңа кіріп, елтіп алатын, көмек қажет болса аянбайтын ағалар.

Бірде бірге тұратын құрбым өзінен бірнеше жас үлкен әрі отбасылы әріптесі жайында: «Үйінде жүкті әйелі бар әріптесім мені кездесуге шақырды», – дейді. «Мен ол кісіні өте қатты сыйлайтын едім, ұжымға да сыйлы ер адам еді, ойым толықтай өзгеріп кетті», – деп таңданысын да жасырмады.

Тағы бірде жұмыстағы әріптес құрбым таксиде болған оқиғасын айтып берді: «Бір күні қонақтан шығып, кешқұрым уақытта такси ұстап тұрсам, жасы 45-тер шамасында бір ер адам келіп тоқтады. Әдеттегідей баратын жерім мен бағасына келістім де отырдым. Бірде такси жүргізушісі әңгімесін бастады. Ойымда ешнәрсе жоқ мен басымды изеп қойып тыңдай бердім. Содан кейін «Есімің кім?» деп сұрады, атымды айттым. Осымен әңгіме тәмам болудың орнына «ағатай» сұрақтарды қарша жаудырды. «Қай жылғысың, қайда оқисың, немен айналысасың?» деп шектен шыға бастады. Қабағымды түйдім де бір сұрағына жауап беріп, қалғанын естімегенсіп отырдым. «Қайдан келе жатырсың?» дегенде «Досымның үйінен» десем, «Досың үйінде жалғыз ба әлде әйелі жоқ па екен?» деп сұрағанда үстімнен біреу суық су құйып жүргендей шок болдым. Онысымен қоймай, бір кезде «Телефон нөміріңді берсеңші, хабарласып, араласып тұрайық» демесі бар ма? Ашуыма тиді. «Жоқ, нөмірімді бере алмаймын» деп кесіп айттым. Сөз ұқпайтын жетесіз «Ендеше менікін жазып ал, кешкі уақытта хабарлас, күндіз қолым бос болмайды. Бір жерге бару керек болса, қысылмай айт, апарып-әкелемін, ішің пысса хабарлас, түнгі қаланы аралатамын. Бірақ күндіз қоңырау шалма, күндіз қолым бос болмайды» деді. Аузымнан «Жоқ» деген қысқа жауап әрең шықты. Сөз таластырмай үндемей жеңуді жөн деп шештім. Ақыры келер жерімізге жеткенде есігін тарс жауып шығып кеттім. Әкемдей адамның маған осындай әңгіме айтқанына қаным қарайды».

Әріптес құрбымның әңгімесін тыңдап отырып, таксиге міне қалсаң, бетіңе бадырая,  тесіле қарап, басыңнан аяғыңа дейін көзімен сүзіп шығатын ер адамдар есіме түсіп кетті.

Көптеген «ағалардың» түрлі әңгімесіне сеніп, артынан опық жеп қалып жатқан қаракөздер де аз емес. Алайда, мұндай жағдайда кінәлі кім? «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейдінің» кері деп барлық жаман атқа ие болатын қыздар.

Саған мейрімін аямай, барынша қамқор болып, сеніміңе кіріп, сыйластығыңа ие болып жүрген жанның уақыт өте келе әңгімесі өзгеріп, қылықтары мұң құбыла бастағанда қаншалықты сыйлап, құрметтеп жүрсең, соншалықты жиреніп кетесің. Бір адамнан көңілің қалған соң барша ер-азаматтар қауымына деген ойың өзгеріп, адамдарға сенуден қалады екенсің.

Қаумалаған қарындастың әрбіріне сұқтанып, нәпсіге бой алдырып, қосымша ермек немесе ойнас іздегенше өз теңін бағалап, жар таңдауына құрметпен қараса, бұл қоғамның сипаты мүлдем басқаша болар ма еді?!

Фото: qamshy.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.