Жаңалықтар

«Бұл не қылған жауапсыздық?». Экобелсенді құралайлармен жасалған фотосессияға наразылық білдірді

5
(3)

«Табиғат» республикалық қауымдастығының өкілі Айтуар Туғанбеков жануарлардың күйзеліске ұшырағанына сенімді.

Жануарларды қорғаушылар актриса Альмира Тұрсын мен журналистердің жаңа туған құралайлармен жасаған фотосессиясына наразылық білдірді. Олар жануарларға орны толмас зиян келтіруі мүмкін фотосессия жасауға мүмкіндік берген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі басшылығын сынға алды.

Аталмыш жайтқа байланысты өз ұстанымын «Табиғат» республикалық қауымдастығының өкілі Айтуар Туғанбеков өзінің Facebook-тегі парақшасында жазған. Оның бұл наразылығын әріптестері де қолдаған.

Мен ештеңе түсінбей отырмын. Сонда Африкада керіктер мен зебралардың заңды түрде атылғаны Экология министрлігінің кейбір өкілдерінде аяушылық сезімін тудырады, ал, толассыз баспасөз турларын ұйымдастыру, жаңа туған құралайлармен фотосессия ұйымдастыру арқылы оларды стресске итермелеуде аяушылық жоқ па?», – деді ол.

Қоғам белсендісі ақбөкендердің төлдеу кезеңінде адамның кез келген қатысуын азайтқан жөн екенін жеткізді. Оның айтуынша, тіпті инспекторлар мен ғалымдар тобы да белгілі бір шектеулерді ұстанады.

Кез келген уақытта келіп, құралайды қолға алуға болмайды. Ғалымдар жануарларды санау, дене тұрқын өлшеу жұмыстарын асқан сақтықпен жүргізеді. Алдымен, бір адам деректерді жазады, екіншісі жануардың көзін мұқият жабады, үшіншісі денесінің ұзындығын, салмағын өлшейді. Мұның бәрі арнайы қолғаппен, еш шусыз және барынша тез жасалады. Әрі кетсе бір минут аралығында. Құралайлардың күйзелісі мен жарақаттануын болдырмау үшін сақтық шараларын мұқият сақтау керек. Иіс және басқа да із қалдырмау үшін минималды байланыс қамтамасыз етіледі. Өлшем жасау жұмыстары әдетте таңғы мезгілде жасалуы керек, өйткені аналықтар түскі асқа төлін қоректендіруге келеді. Егер ол қандай да бір қауіп факторын сезсе, бірде-бір ересек жануар төлге жақын келмейді, нәтижесінде құралай шөлден өліп қалуы мүмкін!», – деп түсіндірді маман.

Сонымен қатар, ол жаңа туған төлге аса мұқият қарау керегін айтты. Өйткені, жануарлардың буындарын байқаусызда сындырып алу қаупі бар.

Әлеуметтік желілерде пайда болған кадрларда мұндай сақтық шараларының сақталмағаны байқалады. Құралайларды бірнеше адам алып, олармен бірге суретке түсіп жатқан кадрлар көп. Экобелсенді жануарлардың күйзеліске ұшырағанына сенімді.

Жарайды, суретшілер мен журналистер, олар барлық сақтық ережелерін білмеуі мүмкін! Бірақ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, сіздер осы саланың маманы емессіздер ме? Бұл не қылған жауапсыздық? Не деген бітпейтін PR акция? Осынша немқұрайлылыққа таң қалмасқа шара жоқ!», — деді Туғанбеков.

Осы оқиғаға байланысты Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева түсініктеме берді. Ол актриса Алмира Тұрсынмен фотоэкспедицияны кәсіби фотограф Оспан Әли жүргізгенін айта келіп, фотографтың ресми рұқсат алғанын жеткізді.

Біз рұқсат бердік, кездесу күнін, уақытын келістірдік, бірақ жануарлардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін барлық шаралар сақталған жағдайда, сондай-ақ инспекторларымыздың міндетті сүйемелдеуімен жүргізілетінін ескерттік. Сондықтан фотосессия біздің инспекторлардың бақылауында болды. Бірде-бір ақбөкен зардап шеккен жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ, Самал Ибраева министрлік мұндай жобаларды келісілген болса ғана қолдайтынын растады.

Біз бүкіл әлем талантты азаматтарымыздың кәсіби жұмыстары арқылы қазақ жерінің бар сұлулығын көргенін қалаймыз. Біз адамдардың табиғатты, өсімдіктерді, жануарларды бағалай бастағанын қалаймыз. Фотода осы керемет киіктерді көру арқылы оларды жақсы көріп, табиғаттың қаншалықты нәзік екендігін ойлағанын қалаймыз. Көркем табиғатты ластамау, жануарларға қиянат жасамау, өсімдіктер мен гүлдерді бостан-босқа жұлмау, әрбір адам соңына қоқыс қалдырмай, қоқыс жәшігіне дейін алып кету керегін түсіндіру үшін жасалған шара еді. Бұл үлкен ақпараттық жұмыс, онда фото жанрына да орын бар», – деді баспасөз хатшысы.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 3

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button