Жаңалықтар

Жаңа Қазақстан: Жаңғырған сыртқы саясат

Жаңа Қазақстан: Жаңғырған сыртқы саясат

Қазақстан тәуелсіздігін алғанан бері көпвекторлылық мемлекетіміздің сыртқы саяси стратегиясының негізі болып келеді. Мұндай ұстанымның өзегінде түрлі күш орталықтарымен сындарлы қарым-қатынаста бола отырып, мәмілегерлік танытуға деген ынта жатты деп хабарлайды Newsroom.kz порталы egemen.kz сайтына сілтеме жасап

Өткен отыз жылда мұндай стратегия жаһандық геосаяси ахуал құбыл­ған кезеңде бір емес, бірнеше рет тиім­ділігін көрсетті. Қазақстанның көпвек­торлы саясатын қалыптастырушы архитекторлардың қатарында дүние­жүзіне танымал кәсіби дипломат, тәжірибесі мол, соның ішінде БҰҰ басшылығында еңбек еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар екенін айта кеткен жөн. Осы орайда, Президенттің сыртқы саясаттағы 100 күніне қатысты желтоқсан айында шолу жасаған едік. Онда Мемлекет басшысының жұмыс кестесінің шектен тыс тығыздығы, сонымен бірге атқарылған шаруалардың қарқыны мен тиімділігі анық көзге түсе­ді. Қаралы қаңтар оқиғасына қара­мас­тан, Мемлекет басшысының осы жұ­мыс қарқыны бәсеңдемегенін атап өте аламыз.

Қаңтар оқиғасынан кейін кейбір сарапшылар Қазақстанның көпвекторлы саясатының келешегіне күдікпен қара­ғаны мәлім. Шын мәнінде, әлемдегі геосаяси қысымның күрт артуына байланысты өңірлік деңгейдегі ойыншыларға бейтараптық ұстану күн өткен сайын қиындап бара жатқаны бұдан бұрын да түсінікті еді. Оған қоса, қаңтардағы қайғылы оқиғалардан және Еуропа парламентінің қарарынан кейін елімізге санкция салынып, «шеттетілген мемлекеттер» қатарына ілігіп кете ме деген қауіп те туындады. Дегенмен мұн­дай көзқарастың бекер екені көп ұзамай-ақ анықталды. Еуропа пар­ламентінің бірнеше депутаты әу бастан Қазақстанды қолдады. Бұдан бө­лек, Мемлекет басшысының кадрлық тағайындаулардан бастап, сыртқы саясат саласындағы белсенді әрекеттері де еліміздің абыройын қалпына келтіруде үлкен рөл ойнады. Осылайша, 30 жыл ішінде алғаш рет Қазақстан Президентінің Әкімшілігі кәсіби дипломат Мұрат Нұртілеуге сеніп тапсырылды. Президент Әкімшілігі басшысының жаңа орынбасары, Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханов та Сырт­қы істер министрлігінде еңбек еткен тәжірибелі дипломат. Сонымен қатар Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеу­бердінің Премьер-Министрдің орынбасары лауазымында қалуы сыртқы саясаттың өзгермейтінін көрсетеді.

Өткен айда сыртқы саяси аренада жасалған негізгі бағыттардың бәрінде белсенділік байқалды. Әсіресе, бұл 2020 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Сыртқы саясат тұ­жырымдамасына толық сәйкес келеді. Рекордтық қысқа мерзім ішінде Шығыс­пен (Қытай және Үндістан, Шығыс Азия), көршілес елдермен (Ресей және Орталық Азия мемлекеттері), мұсыл­ман әлемімен, Батыспен, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдармен қарым-қаты­насты нығайту бойынша маңызды қадамдар жасалды. Сонымен, соңғы айдағы халықаралық сапарларға қыс­қаша тоқталсақ. Заманауи әлемдік саясат­тың, әсіресе экономиканың негізгі трендтері қалыптасатын Шығыстан бастасақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қаңтарда мемлекет басшыларының «Орталық Азия – Қытай» онлайн-сам­митіне қатысты. Жоғары деңгейлі форум Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Содан көп өтпестен-ақ, 5 ақпанда, XXIV Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатынан кейін Бейжіңде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпин келіссөздер өт­кізді. Келіссөздер барысында сау­да-эко­номикалық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қ.Тоқаев «Бір белдеу және бір жол» мегажобасын одан әрі дамытуға басымдық берді. Өз кезегінде Қытай басшысы сөзбе-сөз айтсақ, «Қасым-Жомарт Тоқаевтың дана және қуатты басшылығымен Қа­зақстан мықты және гүлденген мемлекетке айналатынын» мәлімдегені шығыстық ділмарлық екені, бірақ бекер айтылмағаны сөзсіз. Қазақстанның бастамасымен құрылған, жақын арада бүкіл Азиядағы қауіпсіздікке жауапты ұйымға айналуға тиіс АӨСШК-нің келешегіне қатысты Комунистік партия басшысының жоғары баға беруінің де маңызы зор.

Қытайға сапардағы мына мәселеге назар аударған жөн. Бейжіңге шақырылған мемлекеттер басшыларының көпшілігі Қытай астанасындағы қонақүйлерге тоқтады. Тарихи мәні бар Мемлекеттік резиденцияға үш елдің басшысы ғана орналасты. Олар Ресей Президенті Владимир Путин, Пәкістанның Премьер-Министрі Имран Хан және Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Қытай тарапының бұл қадамы көп нәрседен хабар береді.

Тағы бір азиялық алпауыт – Үндістан да біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз. Жоғарыда аталған «Орталық Азия – Қытай» саммитінен екі күн өткен соң, яғни 27 қаңтарда Қ.Тоқаев Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модидің бастамасымен ұйымдастырылған, мемлекет басшыларының онлайн форматта өткен «Орталық Азия – Үндістан» бірінші саммитіне қатысты. Келіссөздер барысында сауда мәселесі де талқыланды. Мәселен, Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 3 миллиард АҚШ долларына жетіп, Қазақстанның үлесі 80 пайызды құрады. Айта кетерлігі, өңірдегі үнді ықпалын күшейтуге жасалған қадамды 2021 жылдың аяғында байқадық.

19 жел­тоқсанда Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманям Джайшанкардың шақыруымен Мұхтар Тілеуберді Нью-Делиде өткен Орталық Азия-Үн­дістан сыртқы істер министрліктері бас­шы­ларының 3-ші кездесуіне қа­тысты. Осы­лайша, Қазақстанның сыртқы саяса­тындағы тағы бір бағытты – «оңтүстік векторды» нығайтуға жасал­ған қадамды аңғара аламыз.

Әңгімеден сәл ауытқып, мына мәсе­леге назар аударсақ. Сыртқы істер ми­нистрін Премьер-Министрдің орынбасары лауазымымен үйлестіру Мемлекет басшысының сырты саясатқа басымдық беруінің стратегиялық маңызын айғақ­тайды. Көпвекторлы ұстанымсыз сыртқы саясат саласы мұндай үлкен мәнге ие бола алмайтыны да анық.

Қытай мен Үндістаннан бөлек, Шығыс Азия да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 26 қаңтарда Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Жапонияның елшісі Джун Ямадамен, ал 28 қаңтарда Корея Республикасының елшісі Ку Хонг Сокпен кездесті. Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде айтарлықтай сал­мағы бар елдермен өткен кездесу Қазақстанмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналды. Бұл ретте Оңтүс­тік Корея елшісімен әңгіме барысында «стратегиялық серіктестік» деген сөздер айтылды.

Президент Қ.Тоқаевтың Ресейге сапары да маңызды рөл атқарды. Бұл жұмыс сапары солтүстіктегі көрші­мізге иррационалды «аллергиясы» бар және содан зардап шегетін кей­бір «алармистердің» паникалық болжам­дарының қателігін тағы бір рет дәлел­деді. Мәселен, 10 ақпанда Ресей Президенті В.Путинмен Мәскеуде өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша 11 келісімге қол қойылды. Олардың алтауы білім беру саласына, қалған бесеуі экономика және энергетика саласындағы ынтымақтастыққа қатысты. Келісімнің барлығы өзара тиімді серіктестік қағидаттарының негізінде жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиядағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі пікірін ерекше атап өткен жөн: «Біз Ресейдің еуразиялық кеңістіктегі тұтастыққа қатысты ұстанымын қолдаймыз деп айтқым келеді. Түптеп келгенде бұл қағидат 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана форумының қорытындысы бойынша қол қойылған декларацияда тіркелген болатын. Біз өзге мемлекеттердің қауіп­сіздігіне нұқсан келтіре отырып, өз қауіпсіздігімізді құру қазіргі әлемде мүм­кін емес және тиімсіз екенімен келісеміз». Бұл – ЕҚЫҰ қағидаттарына сай келетін стратегиялық серіктеске дұрыс қолдау көрсету.

Қ.Тоқаевтың Ресейге сапарының ең ерекше бөлігі ретінде 11 ақпанда Қазанға барып, Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуін атап өте аламыз. Көпшілік аталған кез­десуде Қазақстан Президентінің ана тілінде – қазақша сөйлегеніне назар ау­дарды. Ортақ тарихтан тамыр алатын халықтың басшысымен қазақ тілінде аудармашысыз-ақ түсіністі. Екі көшбасшы сауда-экономика, инвестиция, мәдени-гуманитарлық салалар­дағы серіктестікті кеңейту жолдарын талқылады. Соның алдында, 24 қаң­тарда Қ.Тоқаев Қазақстан астанасында Р.Миннихановты қабылдаған-ды. Кездесу барысында сауда-экономика, өндіріс пен технология салаларындағы серіктестікті нығайту перспективаларын талқылады. Осылайша, «сюжет желісінің» үзілмегенін тағы да байқай аламыз.

Сондай-ақ өткен айда оңтүстіктегі көршілерімізбен қарым-қатынасымыз жүйелі түрде дамыды. Осы орайда, әртүрлі масштабтағы бірқатар оқи­ғаны атап өткен жөн. 20 қаңтарда Қ.Тоқаев Өзбекстан Президенті Шав­кат Мирзиёевпен телефон арқылы сөй­лесті. Өткен жылдың аяғында, 6 жел­тоқ­санда Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияның жаңа тарихында үлкен бетбұрыс ретінде Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойғанын естеріңізге сала кетейік. Енді қаңтардың аяғында телефон арқылы сөйлескенде бауырлас екі елдің басшылары өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аудара отырып, стратегиялық әріптестікті (атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық) одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Үш аптадан кейін, 9 ақпанда Қ.Тоқаев Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасының төрағасы Нурдинжон Исмоиловты Ақордада қабылдады. Сол күні Өзбек­станның парламенттік делегациясы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен кез­дес­­ті. Сапар қорытындысы бойынша, Өзбекстан мен Қазақстан Пар­ламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойды. Екі күннен кейін, 11 ақпанда Өзбекстан Пре­зиденті Ш.Мирзиёев Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесу барысында былтыр желтоқсандағы саммит барысында қол жеткізілген Орталық Азиядағы екі ірі елдің көшбасшыларының уағда­ластықтарын іске асыру мәселелері қаралды.

Өңірдегі басқа да туыс елдермен ынтымақтастық та бір орында тұр­ған жоқ. 12 ақпанда Ашхабадта елі­міздің Премьер-Министрінің бірін­ші орынбасары Роман Скляр Түрік­менстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Тараптар көлік-транзит, сауда-экономикалық және ауыл шаруашылығы салаларындағы серіктестікті кеңейту мәселелері бойын­ша пікір алмасты. Қоршаған ортаны қорғау тақырыбында бөлек әңгіме жүр­гізілді.

Қырғыз Президенті Садыр Жапаров­тың 16 қаңтарда еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» республикалық газетіне берген бағдарламалық сұхба­тында Қазақстанға көрсеткен моральдық қолдауын атап өткен жөн.

Кейбір халықаралық сарапшылар Орталық Азия елдері көшбасшыларының Бейжіңде Қысқы Олимпиадада бірге түскен суретке ерекше мән берді. Орталық Азия елдері бойынша танымал сарапшы Аркадий Дубнов: «Орталық Азия елдерінің басшылары бірлескен суреттері арқылы әлемге өзара келіспеушіліктер мен пікір қайшылығын артқа тастап, келісімге келе алатынын көрсетуге тырысады… Бұл әрекеттері Ортаазиялық қауымдастықты қалыптастыруға деген ишаратқа ұқсайды. Аймақтағы мем­лекеттердің басшылары Орталық Азия­ны халықаралық саясат субъектісіне айнал­дыруға тырысып бағады» деп атап өтті.

Биыл Қазақстанның посткеңестік мемлекеттерден бөлек, мұсылман елдерімен ынтымақтастығы жалғасын тапты. Мәселен, 6 ақпанда Президент Қ.Тоқаев Twitter желісінде Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға және оның жұбайы Эмине Ердоғанға омикрон вирусынан тезірек сауы­ғып кетулерін тіледі. Түрік көшбас­шысының жүрекжарды жауабы да көп күттірмеді. Сондай-ақ 2 ақпан күні Президент Қ.Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси телефонмен сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оның алдағы перспективаларын талқылады. Айта кететіні, келіссөзге Иран тарапы бастамашы болды. Осылайша, елдің жаңа Қазақ­станмен өзара іс-қимыл жүргізуге қызы­ғушылығы сақталғанын растады.

«Оңтүстік вектордың» дамуына орай, мұсылман әлеміне қатысты тағы екі маңызды оқиға болғанын атап өту керек. 26 қаңтарда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Пәкістан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Макдум Шах Махмуд Курешимен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылының перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, М.Тілеуберді Қазақстан ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысына Пәкістанның төрағалығын толық қолдайтынын жеткізді. Келіссөз туралы бастаманы былтыр 2021 жылы Қазақстанға қызығушылығы ай­тарлықтай артқан Пәкістан да көтерді. Осылайша, оңтүстік және оң­түстік-батыстағы әріптестеріміз Қазақ­стан­ның қаңтар айындағы қайғылы оқи­ғадан тез арада айығып, сыртқы саясатында ұстанатын дәстүрлі бағытына оралғанына ықылас білдірді.

Қазақстанның Батыс әлемімен өзара қарым-қатынасы – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының аса маңызды бағыты. Келешекте де солай болып қала береді. Бұл – ең алдымен, ЕО және АҚШ елдерімен өзара ынтымақтастыққа қатысты. Бұл бағытта да аса маңызды саяси оқиғалар болды. Батыстағы әріптестер Қазақстандағы саяси реформаларға, адам құқықтарын сақтауға талпынысына жоғары баға берді. Қазақстан дипломатиялық сыпайылықты сақтай отырып, бұл бағыттағы процестердің үздіксіз, байыппен жоғары әлемдік стандарттар мен ұлттық мүдделер арасындағы тепе-теңдікте дамып жатқанын жеткізді. Батыстағы серіктестерімізге елдегі оқиғалар мен олардың себеп-салдарын объективті баяндау өте маңызды болатын. Мұны сәтті орындай алдық. Ал 6 қаңтарда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қатысуымен терроризмге қарсы операция жалғасып жатқан кезде, америкалық тараптың бастамасымен М.Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлесті. Олар Қазақстандағы ахуалды, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейдегі қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылады. Кейінірек, 10 қаңтарда еуропалық тараптың бастамасымен Қ.Тоқаевтың Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен келіссөзі онлайн режімде өтті. Отырыста еліміздегі ішкі саяси жағдайдан басқа, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективалары көтерілді. ЕО Қазақстанның осы күнге дейінгі басты сауда серіктесі болып қала беретінін айта кету керек. 19 қаңтарда М.Тілеуберді Бельгияға іссапармен барып, осы елдің және ЕО басшылығымен келіссөздер жүргізді. Қазақстан мен ЕО-ның екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді, көпжоспарлы ынтымақтастықты дамыту ниеті келіс­сөздердің негізгі арқауына айналды. Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілуіне серпін берген Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге 2020 жылдың наурыз айында қол қойылғанын еске сала кеткен жөн.

Көп ұзамай, 7 ақпанда Президент Қ.Тоқаев Ақордада ЕО-ның Орталық Азиядағы арнайы өкілі, фин дипломаты Тери Хакалды жеке қабылдады. Қазақ көшбасшысы ЕО Президенті Ш.Мишельге елімізге көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Ал еуропалық дипломат ЕО мемлекеттері Орталық Азиядағы басты серіктесі – Қазақстанның дамуына мүдделі болғандықтан, Президент Қ.Тоқаевтың реформалар саясатын толық қолдайтынын атап өтті.

Ал 2022 жылы 10 ақпанда АҚШ-қа іссапармен барған Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Ақ үйдің, Конгрестің, АҚШ Мемлекеттік департаментінің рес­ми тұлғаларымен, «сараптама орта­лықтарымен» және басқа да бірқатар құрылымның өкілдерімен кездесті. Негізінен екіжақты, сондай-ақ «С5+1» форматында кеңейтілген стратегиялық әріптестікті тереңдету мәселелері талқыланды. А.Рахматуллин өз кезегінде америкалық тарапқа Қазақстандағы кешенді саяси және экономикалық реформалар бағдарламасының негізгі тұстарын таныстырды.

11 ақпанда Қазақстанның Мемле­кеттік хатшысы Ерлан Қарин Германия Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдері бойынша уәкілетті өкілі Маттиас Люттенбергпен кездесіп, Қазақстан-Германия ынтымақтастығы мен оның даму перспективаларын талқылады. Тараптар көпжоспарлы серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Үш күннен соң, 14 ақпанда М.Тілеуберді ЕО-ға мүше мемлекеттердің елшілерімен кездесті. Олар Қазақстанға қолдау көрсетіп, елде жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді (Қазақстанның Адам құқықтары саласындағы табыстарын ерекше атап өтті). Одан бөлек министр Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Пекка Хаавистомен телефон арқылы сөйлесті. Нәтижесінде, БҰҰ мен ЕҚЫҰ алаңдарындағы ын­тымақтастық жөніндегі жоспарлар келісілді.

Қазақстанның халықаралық ұйым-да­р­­мен ынтымақтастығы туралы айта кеткен жөн. Соңғы айда СІМ басшылығы осы бағытта белсенді жұмыс жүргізді. Сырты істер министрі 21 қаңтарда Венаға жұмыс сапарымен барып, ЕҚЫҰ басшылығымен кездесті. Бұрын қол жеткізген келісімдер мен Қазақстандағы реформалар кезінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесі қозғалды. 31 қаңтарда ИЫҰ хатшылығының бастамасымен М.Тілеуберді ұйымның бас хатшысы Хусейн Ибрагим Тахамен телефон арқылы сөйлесті. Ол Қазақстан халқы мен басшылығына қолдау білдіріп, қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Мұсылман әлемінің Қазақстанға қызығушылық танытып, еліміздегі оқиғаларды жіті бақылап отырғаны байқалады. Сыртқы істер министрі сондай-ақ 7 ақпанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының (АҚЖКБ) Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Рышард Комендамен кездесіп, осы салаға қа­тысты өзекті мәселелерді көтерді. 15 ақ­панда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов АӨСШК атқарушы директоры, елші Қайрат Сарыбайды қабылдады. Ол жақында ұйымға айналатын осы құ­рылымдағы Қазақстан төрағалығының басымдықтарын іске асыру барысы тура­лы баяндады. Қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Түркі ынтымақтастығы ұйымдары – Түркітілдес мемлекеттер ұйымының Хатшылығы, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры Қазақ­станға бірауыздан қолдау білдірді. Сонымен қатар 11 қаңтарда еліміздегі қайғылы оқиғалардың ізімен Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің Қазақстандағы жағдайға қатысты төтенше отырысы өтті. 31 қаңтарда Қазақстан астанасына Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев келіп, министр М.Тілеубердімен кездесті. Қазақстанның Түркітілдес мемлекеттер ұйымымен серіктестігі мәселелері және күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды. Ал 11 ақпанда белгілі қоғам қайраткері Икрам Адырбеков Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің үш күндік отырысына қа­тысты. Осылайша, Қазақстанның түркі әлемімен қарым-қатынасы да өзектілігін сақтап қалды.

Түйіндеп айтсақ, өткен айдағы оқиғалар көп нәрсені аңғартты. Қазақ­стан әлем картасында маңызды орынға ие болып қала бермек. Шетел бізге әлі де қызығушылық танытады. Се­ріктестеріміз еліміздің дағдарыстан кейін тез арада қайта қалпына келгенін, мемлекет басшылығы әуелден жос­парланған оң өзгерістер мен қайта құ­руды жедел іске асырып жатқанын көріп отыр.

Ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік әділетсіздікті еңсеру, заңның үстемдігін орнату және адамның негізгі құқықтарын қам­тамасыз ету жөніндегі мәселелер алдағы уақытта да ілгерілетіле бермек. Бұл бағыттағы жұмыстардың келешекте жалғасын табары сөзсіз. Осылайша, еліміз халықаралық келісімдерге берік екенін сөз жүзінде емес, ісімен дә­лелдеп отыр. Экономиканы қалпына кел­тіруге қажет шешімдердің бәрі жү­зеге асып жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның аймақтық және әлемдік геосаясаттағы орнын көрсетеді. Ел бас­шылығының ұстанымы қабылданып жатқан шаралардың тактикалық емес, стратегиялық және ұзақ мерзімді сипатта екенін айғақтайды. Қазақстанның ішкі ғана емес, көпвекторлы стратегиясынан айнымайтын сыртқы саясатына қатысты бағдарымыз өзгермек емес. Қазақстан басшылығының мақсаты – «қалыпқа қайта оралу» ғана емес, елдің дамуында серпіліс жасап, әлемдегі орнын одан әрі нығайта түсу.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.