ЖаңалықтарҚарағанды облысы

Әр балаға бір сиырдан беріп көшіріп алатын қай ауыл?

3.8
(6)

Мемлекеттік бағдарламалардан гөрі халықтың бастамасы – өміршең. Бұған жыл өткен сайын көз жетіп келеді. Миллиардтап қаржы жұмсалатын жобалардан тың өзгеріс байқамадық. Елдің жасап жүрген игі шаруасы көпке пайда. Барлығын қаржы шеше бермейді ғой, негізі дейді Қарағанды облыстық «Арқа ақшамы» басылымына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы.

«Сарыөзен ауылы көпбалалы отбасыларды қабылдайды. Үй тегін. Әр балаға бір-бір сиырдан беріледі. Он балаңыз болса, он сиыр аласыз. Көмір, ағаш, шөп тегін. Барлық жағдай жасалады».
Бұл хабардың жаршысы облысымыздың егісті аймағы саналатын Нұра ауданына қарасты Сарыөзен ауылының құрметті ақсақалы Өмір Бүркітбаев. Шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған арда азаматтан бұл жөнінде жан-жақты сұрастырып білдік.

60 түтінді Сарыөзен ауылына биыл – 60 жыл. Аталған игі істен бөлек ауыл тұрғындары мешіт салып жатыр. «Бұл бастаманы көтеруіміздің басты мақсаты – мектепті жапқызбау», – дейді ақсақал. Мектепте 45 оқушы білім алады екен. Оқу орны жабылмауы үшін 50-ден астам оқушы қажет. Бұл көрсеткішке жету үшін осындай қадамға барып отыр. Мұнда 10 шаруа қожалығы бар. Олар бұл мәселені шешу үшін ауылға көшіп келуге ниет еткен көпбалалы отбасыларды үймен қамтамасыз етуге даяр. Және де жоғарыда айтқан жағдайдың барлығын жасайды. Қазірдің өзінде көшіп келуге дайын тұрған отбасылар көп екен. Іргедегі Нұр-Сұлтанды айтпағанда, тіпті Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысының тұрғындары бар.

Биліктің ешқандай қатысы жоқ бастамаға себепкер Өмір Бүркітбаевтан ауылдың жағдайы жайлы сұрағанбыз. «Барлығы – тамаша» деп жауап қатқан. Алайда, сауалымызды қайталап қоя берген соң, интернет мәселесі туралы айтып берді. «Интернет бар. Тек, басында 4G орнатамыз деген. Бірақ әкімдік келісімге сай қарекет қылмаған соң, 3G ғана орнатты» деді.

Бөлінген қаржы бөліске түсті ме, әлде басқа себеп бар ма, ол жағын біле алмадық. Нақты жауап берілмеді. Челлендж десе Президенттен әкімге дейін белсендіміз ғой. Әкімдер неге осыны челлендж қылмасқа? Облысымызда Сарыөзен секілді қаншама ауыл бар.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
Қарағанды облыстық «Arqa Aqshamy» газеті

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.8 / 5. Бағалар саны: 6

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button