Коронавирус: Дүниежүзілік банк Қазақстанға 27 млн доллар бөлді

 577 

Дүниежүзілік банк коронавируспен күреске Орталық Азия елдеріне 370 миллион долларға жуық қаражат аударды. Оның 27 миллион доллары Қазақстанға тиесілі, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

“Дүниежүзілік банк COVID-19 вирусына қарсы қаражатты тез арада жұмылдыра білді. Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтерімен бірге біз денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, коронавирустың экономикаға теріс ықпалын азайту мақсатында қосымша қаражат бөлу үшін 9,7 миллард долларды құрайтын аймақтағы инвестициялық портфелімізді қайта қарап жатырмыз, – деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы аймақтық директоры Лилия Бурунчук онлайн брифингте.

Ол бұл қаражат медициналық жабдықтарды: тестілеу жиынтықтарын, зертханалық реагенттерді, реанимация бөлімшелеріне арналған жеке құралдарды, медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға жұмсалатынын атап өтті.

Сонымен қатар, бұл қаржы Орталық Азия елдеріндегі әлсіз әлеуметтік топтарды қорғауды қамтамасыз ететін бағдарламаларды кеңейтуге, қашықтықтан білім беру жүйесін жетілдіруге және коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған мәселелерді шешуге жұмсалады.

“COVID-19 вирусына байланысты әлем экономикасы дағдарысқа ұшырады.
Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ауыр экономикалық дағдарыстың алдында тұрмыз. COVID-19 салдарын төмендету үшін аймақтағы мемлекеттер жедел әрекет етіп, дағдарыстан шығу процесін жоспарлауды бастады. Олар экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша нақты шаралар мен құрылымдық реформаларды айқындауы керек, – дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы жетекші экономисі Ивайло Изворски.

2020 жылдың 14 мамырында Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы COVID-19 пандемиясы салдарын азайтуға бағытталған шаралар пакетін бекітті.

Қазақстанға індет жұқтырған науқастарды емдеу үшін 236 жасанды тыныс алу аппарат сатып алуға 10 миллион доллар бөлінді. Сонымен қатар, қосымша 123 жасанды тыныс алу аппарат және басқа да медициналық жабдықты сатып алуға 17 миллион доллар аударылды.

Банк денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін Тәжікстанға 11,3 миллион доллар, Қырғызстанға 21 миллион доллар аударса, Өзбекстанға 95 миллион доллар аударды.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдеріне бюджетті қосымша қаржыландыру үшін тағы 200 миллион доллар бөлді. Ал Өзбекстандағы шұғыл медициналық көмек жүйесін жетілдіру жобасы аясында бұл елге 17 миллион доллар аударды.

Бөлісу: