Жаңалықтар

Цойды сөзбен сойды

3.8
(4)

Сенаторлар министр Цойды бүгін сөзбен сойды. Депутаттар бас дәрігерді бюджеттен бөлінген миллиардтарды тиімсіз жұмсады деп айыптап отыр. Жоғары палата өкілдері ауылдың жайын да сөз етті. Кезінде Ауыл шаруашылығы министрі болған Ақылбек Күрішбаев ауыл балалары дұрыс білім алмай жатыр деп алаңдаушылығын білдірді.

Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Пандемия басталғалы Парламенттің есігінен қарамаған журналистер жыл жарымнан кейін Сенаттың табалдырығын аттады. Емін-еркін жүрген депутаттарда бүгін тілшілерді көріп таңданған секілді. Кезінде ауыл шаруашылығы министрлігін, аграрлық университетті басқарған Ақылбек Күрішбаев  ауыл тағдырына әлі алаңдайды екен. Депутат шалғайдағы елдімекендердің мәселесі шаш етектен дейді.

АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Ауылдық жерлерде педагогтардың тапшылығы 2100-ден астам адамды құрайды. Бұл республиканың педагог кадрларға деген қажеттіліктің 60%-ы. Ауыл мектептерінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар. Қала мен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы салыстыруға келмейді».

Сенатор аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30%-дан 50%-ға дейін көтеруді ұсынып отыр. Айтуынша жыл сайын жоғары оқу орындары түлектерінің тек 30%-ы ғана ауылға жұмысқа келеді, соның салдарынан ел бюджетінен жыл сайын 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалатын көрінеді. Ал депутат Андрей Лукин медицина саласына бөлінген қазына қаржысын есептеп, министр Цойға шүйлікті.

АНДРЕЙ ЛУКИН,  ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «2020 жылы 39 нозологияға шамамен 66 млрд теңге тиімсіз жұмсалды. Онда 6 нозология бойынша 26 млрд теңге көлемінде толық қаржыландырылмау аясында заң талаптарының осылай бұзылуына жол берілген. Кейіннен 2019-2020 жылдары «СК-Фармация» ЖШС сақтау қоймаларында 159 млн теңгенің препараттарының жарамдылық мерзімі өтіп кеткендіктен жойылуға жіберілді».

Сонымен қатар, Алексей Цойды сынға алған сенатор осы уақытқа дейін Қазақстанда дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын нақты талаптарды белгілейтін құжаттың жоқ екендігін жеткізді.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.8 / 5. Бағалар саны: 4

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button