Жаңалықтар

Мәжіліс құрамы: депутат-дәрігерлер кімдер?

0
(0)

Биыл 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы өтті. Енді алдағы 5 жылда халық пен билік арасындағы көпірге айналатын «Nur Otan», «Ақ жол» және Қазақстанның Халық партиясы мен Ассамблеядан сайланған осы 107 депутат болмақ.

Сонымен, жетінші шақырылған Мәжілістің құрамын зерттесек, 70 пайызы – тың идея ұсынғалы отырған жаңа кадр. Ал 32 депутатты тәжірибелі десек болады. Өйткені, олар алтыншы шақырылымда да Төменгі палатада болды. Бұл жолы ерлердің үлесі – 73 %, әйелдер – 27% құрайды.

Өткен шақырылымдарға көз жүгіртсек, 1995 жылдан бастап, халық қалаулыларының басым бөлігі инженер, экономист және заңгер мамандығы бойынша білім алған азаматтар еді. Осы жолғы жаңа құрам несімен ерекше?

Алдымен, жыл өткен сайын депутаттар жасының жасарып жатқанын атап өту керек. Биылғы шақырылымда 25 жастағы жастар Мәжіліс депутаттығына өтті.

Фотосуретте Мәди Ахметов

Тағы бір ерекшелік, биыл депутаттар арасында дәрігерлер де бар. COVID-19 пандемиясы кезінде олардың пікірі аса маңызды емес пе?!

ДЕПУТАТ-ДӘРІГЕРЛЕР КІМДЕР?  

Ғалымжан Елеуов – хирург, медицина ғылымдарының кандидаты.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина Академиясын «хирург-дәрігер» мамандығы бойынша бітірген. Ұлттық ғылыми медициналық орталықта аспирантура оқыған. Назарбаев университеті мен Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Мәскеу халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы, бизнес және іскерлік әкімшілендіру институтын тәмамдаған. Докторантураны И. М. Сеченов атындағы бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінде оқыған.

Ол Ақтөбеде «№2 қалалық емхана» МКК-да дәрігер-хирург, Жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігер-хирургі, «Дару клиникасы» оңалту медициналық орталығының және «DaruZharygy» офтальмологиялық клиникасының бас директоры болған.

Қазір Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі.

Зарина Камасова – офтальмолог.

Семей мемлекеттік медицина институтын бітіріп, 1990 жылдан 1996 жылға дейін Семей қаласының облыстық офтальмология орталығында офтальмолог-дәрігер болып жұмыс істеді.

2013 жылға дейін ШҚО балалар ауруханасында көз микрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі болды. 2011 жылдан бастап ШҚО бас офтальмологы, 2013 жылдан бастап «Көз микрохирургиясы клиникасы» ЖШС басқарды.

Қазір Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі.

Гүлдара Нұрымова – терапевт, медицина ғылымдарының кандидаты.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «терапевт» («емдеу ісі») мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1988 жылы Тараз қаласы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының кардиология бөлімшесінде бастады. 1993 жылдан бастап темір жол ауруханасында дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істеді. Жамбыл облысында «Мейірім» медициналық орталығының директоры және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының басшысы қызметін атқарды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Қазір Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі.

Лариса Павловец – педиатр-неонатолог дәрігер.

1990 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «педиатрия» мамандығы бойынша бітірді.

2018 жылы Латвия, Рига қаласында ISMA университетінде «кәсіпкерлік қызметті басқару» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған.

Нұр-Сұлтандағы қалалық балалар ауруханасының басшысы қызметін атқарған.

Педиатр-неонатолог Лариса Павловец қарапайым педиатрдан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры қызметіне дейінгі жолдан өтті.

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалімен марапатталған.

Nur Otan праймеризі жеңімпаздарының бірі болды. Өзінің сайлауалды бағдарламасында ерекше балаларды оңалтудың жаңа тәсілдеріне, мектептер мен балабақшаларда лайықты жағдайларға, медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге және жаңа ауруханаларды дамытуға баса назар аударатынын айтты.

Қазіргі уақытта Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі.

ДӘРІГЕРЛЕР ЖАЛАҚЫСЫ 561 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН ӨСЕДІ 

Пандемия медицина саласына ерекше назар аударуға ықпал етті. Билік басына дәрігерлер келді, биыл ақ халаттылардың жалақысы өсетін болды.

Күні кеше ғана Үкімет басшысы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 2025 жылы 73,2-ден 75 жасқа дейін арттыру жоспарланғанын айтты. Ал дәрігерлер жалақысы 2,5 есеге – 561 мың теңгеге дейін өседі деп уәде етті. Орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгеге дейін өседі, деді премьер-министр.

Айта кетерлігі, биылғы сайланған депутаттар арасында қазақ, орыс, беларусь, корей, неміс, әзірбайжан, армян, күрд, татар, өзбек, ұйғыр және украин этносының өкілдері бар.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button