Жаңалықтар

«Nur Otan» 20 баспана салып береді

0
(0)

Кеше «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек топан судан зардап шеккен Мақтаарал ауданына іс-сапармен келді. Әуелі Бауыржан Қыдырғалиұлы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакент кентінде төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб отырысын өткізіп, табиғи апат салдарын жою барысына қанықты.
Отырыс барысында сөз алған ол Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғысын білдіріп, өткен жылғы Арыстағы жарылыстың салдарын жою, үйерді қалпына келтіру, Түркістан қаласын жандандырудағы ерен еңбегіне ерекше тоқталды. Мақтаарал ауданындағы топан судың залал-зардаптарын жою мақсатындағы бүгінгі жұмыстарына да сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, партия Төрағасының бірінші орынбасары Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен ауылдардағы инфрақұрылымдық желілерді яғни жол, ауыз су, газ құбырларын қайта қалыпқа келтіру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ерекше қолдау көрсету сынды мәселелерге айрықша мән беруге шақырды.
Мұнан соң Мырзакент кентінің шығыс жақ бетіндегі топан судан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынып жатқан жаңа шағынауданға атбасын бұрды. Ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жаңа шағынауданда партия атынан 20 үй соғылатынын жеткізіп, алғашқы үйдің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Яғни, Елбасының бастамасы бойынша Тұңғыш Президент Қоры мен «Nur Otan» партиясы құрған «Birgemiz» қоры Мырзакент елді мекеніне 20 үй тұрғызу үшін 340 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылдап отыр. Осылайша топан су астында қалған Достық ауылы тұрғындарының баспана мәселесі толықтай шешілгелі тұр. Мұндағы жұмыс сапасы авторлық және техникалық бақылау саласындағы мамандардың қатысуымен, ерекше партиялық бақылауда болады.

Айта кетейік, жаңа шағын ауданда алдағы екі айда су жаңа 505 үй бой көтеретін болады. Сондай-ақ, мұнда 1500 орындық білім ұясы мен 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілмек. Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық қажеттіліктер яғни, жол, су, газ құбарлары тартылып, сәулеті келіскен шағын ауданға айналмақ.
Бауыржан Қыдырғалиұлы назарынан ауылдарын су басып, бүгінде Атакент кентіндегі эвакуациялық орталықтарға жайғастырылған Достық, Жеңіс, Фирдоуси, Жаңатұрмыс және Өргебас ауылдарының тұрғындары да тыс қалған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстандағы су бөгетінің жарылуы салдарынан жоғарыда аталған 5 ауылда мыңға жуық үй бұзылып, 8 мың гектарға жуық егістік алқап шайылып кеткен болатын.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап алып, «Nur Otan» партиясының атқарып жатқан жұмыстарына алғастырын білдірді.


Мұнан соң «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Атакент кентінде орналасқан облыстық штабтың орталықтандырылған қоймасына барды. Онда ол Мақтаарал ауданының халқына көмек қолын созып жүрген бір топ еріктілермен кездесіп, пікір алмасты. Олардың Мақтааралдағы апаттың салдарын жою бағытындағы бастамаларына ризашылығын білдірді.
Бүгінде орталықтандырылған қоймада 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек келіп, 150 тоннасы тұрғындарға үлестіріліп берілді. Оның ішінде азық-түлік, гигиеналық құралдар, киім-кешек, төсек-орындар да бар.
Жалпы Мақтааралда топан су басқалы еріктілер, партия өкілдері, «жасотандықтар» алғашқы күннен осында аянбай еңбек етіп жатыр. «Біз біргеміз» акциясы аясындағы көмек көлемі күн сайын ұлғайып, елді ортақ іске жұмылдыру, апат салдарын жою мақсатындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Ең бастысы – елдің ауызбіршілігі мен ымыралы ынтымағы бар, берекелі бірлігі бекем. Ендеше Біз мақтааралдықтармен біргеміз!

Бейсен Тәжібаевтың фейсбук парақшасынан алынды

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close