Жаңалықтар

Қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық қылмысы үшін 15 мемқызметші отставкаға кеткен

5
(1)

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.

Мәселені қарау барысында бірінші халықты қосымша табыс көзімен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген, дағдарысқа қарсы басты шаралардың бірі болып табылатын Жол картасын іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Жол картасының негізінде маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталды. Оған өткен жылы 1 трлн теңге бөлінді. Ал биыл шамамен 325 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Бұл ретте, Мемлекет басшысы бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылауды тапсырды.

Құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдар жүргізген тексерулер ұйымдастырушылық сипаттағы және қаржылық тәртіптің сақталмайтынын анықтады. Сондай-ақ азаматтардың тұрақты жұмыс орындарын ашу кезіндегі іс-әрекетін, әсіресе, адамдарды жұмысқа жалған орналастыру мәселесін қатаң бақылау қажеттігін айқындады.

Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана Есеп комитеті құқық қорғау органдарына 72 факт бойынша материал берген. Ал 339 факті бойынша кінәлі тұлғалардың әкімшілік жауаптылығы туралы мәселе көтерілген.

Жемқорлыққа қарсы агенттік 28 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген. Ол бойынша 23 адам жауапкершілікке тартылған. Прокуратура органдары болса, 331 қадағалау актісін енгізді, 493 адам тәртіптік жауапкершілікке, 540 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Екінші мәселе аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын қабылдамағаны және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін арттыру институтының тиімділігі қаралды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 108 мемлекеттік қызметші мен қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 15-і отставкаға кеткен, ал 93 тұлғаға түрлі тәртіптік жауапкершілік жүктелген.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button