Жаңалықтар

Қапшағайдың бетінде сырғанаған арудың бейнесі елді таң-тамаша етті

0
(0)



Тылсым табиғаттың сұлулығы мезгіл таңдамайды. Бұл сөзімізге Қапшағайдың керемет көрінісі дәлел. Жаз мезгілінде көпшілік суына түссе, қысы коньки тебуге арналғандай. Әлеуметтік желіге жүктелген бір ғана видеоның арқасында, көлге баруды көздегендердің көп екенін пікірлерден аңғаруға болады. Қапшағайды мұз айдынына айналдыруға бола ма?Мұнда қауіпті би билеп, көптің ықыласына бөленген ару кім? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қапшағайдың керемет көрінісін ең бірінші көпшілікке таныстырған дәл осы видео. Құды бір арктиканы көз алдыңызға алып келеді. Мұз қиыршықтары мен күннің қызара батқанына сүйсінгендер жетерлік.

«Жаз мезгілінде жағасы адамға толы Қапшағай су қоймасы қыста маужыраған тыныштықта. Таңғажайып толқындардың бетін көк мұз бен ақ ұлпа басып жатады. Бірақ бұл, керемет көріністен ада деген сөз емес. Тіпті еліміздегі үлкен мұз айдыны десек те болады».))

Мәнерлеп сырғанаушы Ксения Панкратова бұл идеяның ең бірінші оператордың ойына келгенін айтады. Су қоймасының айдынында сырғанауға әуел баста жүрексінген. Өйткені, мұз жарылып кету қауіпі бар деген үрейдің болғанын жасырмайды.

Ксения Панкратова, мәнерлеп сырғанаушы:
«Басында аздаған қорқыныш болды. Өйткені, қатқан көлдерде сырғанау қауіпті. Мұздың қалың екендігіне көз жеткізіп барып жұмысымызға кірістік. Бірақ, ондағы сұлулық пен кереметті айтып жеткізу мүмкін емес».

Естеріңізге сала кетейік Ксения Панкратова бұған дейін Үлкен Алматы мен Қайыңды көлдерінде де коньки теуіп көпшілікті таңғалдырған болатын. Бала кезінен мұз айдынында жүріп үйренгендіктен, жеңіл көйлекпен қатты тоңбағанын да жеткізді.

Ал, Қапшағайдың сұлу қиыршық мұздары барлық көл бетінде емес, тек жағалауында ғана.

«Су қоймасының жағалауындағы мына бір керемет мұздар жарылудың әсерінен пайда болған. Жақын көрсеңіз ажыраған араны аңғару оңай. Дәл осы топтасқан мұздар сұлулыққа қосымша сән беріп тұр».

Мамандардың сөзінше көлдегі мұздың қалыңдығы шамамен 35 см. Айтуларынша 10 см мұз бір адамды көтере алады. Бірақ, барлық аймақтың бірдей қатқанына ешкім кепілдік бермейді. Өйткені, беті бірдей болғанымен, асты қандай екені белгісіз.

Нұртас Уалижан, Қапшағай қаласының ТЖБ аға инженері:
«Бүгінгі күнге дейін Қапшағай қаласының шеткі жағалауларында қатқан мұздың биіктігі 30-35 см. Суға шығуға тиым салынады. Мұзға шығуға тиым салынады деген белгілер арнайы қойылған. Мұз бетінде коньки тебу басқа да спорт түрлерімен айналысуға Қапшағай су қоймасында тиым салынады».

Иә, Ұзындығы 188, ені 22 шақырым болатын алып су қойманың ішінде қаншама су жатқанын елестетудің өзі қорқынышты. Ең терең жері шамамен 45 метр. Жақындай қалсаңыз мұз астындағы толқындардың дыбыстары да әлсін-әлсін естіледі.

Осы бір кереметті естіген соң мұнда келушілердің де саны арта бастапты. Барлығы керемет кадр шығарып, әлеуметтік желісіне жүктегісі келеді. Көл бетіндегі коньки іздері бұл сөзімізге дәлел. Бірақ, мұндағы айдынның беті ақ қармен жабулы. Тіпті, тегіс те емес. Сондықтан мәнерлеп сырғанауды жақсы меңгергендер болмаса, әуесқойлар үшін біраз қиындық тудырады.

Наринэ Мирзаханова, Қапшағай қаласының тұрғыны
«Мұндағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Алғаш рет осындай ашық көлге келіп коньки тептім. Керемет көрініс. Саған ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ, қауіптің бар екенін ескерсең қорқыныштың да билейтіні сөзсіз».

Иә, шын мәнінде мұнда сырғанау өте керемет. Таза ауа, таңғажайып пейзаж. Бірақ аяқ астындағы қауіптің барын да ескерген жөн. Өйткені қандай тереңдікте екені белгісіз. Жұқа қатқан мұз өміріңізге қауіп әкелуі мүмкін.

Ішкі туризмді дамытып, Қапшағай су қоймасын неге мұз айдынына айналдырмасқа деген сауал осыдан кейін бірден көпшіліктің көкейіне келетіні белгілі. Алайда, мұздың қай уақытта қатып, қай уақытта ери бастайдыны белгісіз. Сондықтан бір мезеттік көңіл үшін көпшіліктің басын қауіпке тіккіміз келмейді. Сонымен қатар тұрғындарға өз бетінше өзге де өзен-көлдерге барып сәтті кадр жолында тәуекелге бел буудың қажеті жоқ, дейді мамандар.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button