Қазақстандықтар қашан той жасап, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыра алады?

 226 

Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова қазақстандықтар мерекелік іс-шараларды ұйымдастыра алады ма деген сұраққа жауап берді, – деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Еліміздің аумағында ТЖ режимі аяқталғанынан қарамастан, індеттің таралу деңгейі әлі де төмендемеген.

Осыған орай, мемлекетіміздің бас санитар дәрігері қазақстандықтар қашан қонақ шақырып, той жасай алады деген сұраққа жауап беріп кетті.

«Өкінішке орай, қазір біз бұған рұқсат бере алмаймыз. Коронавирус – тез таралатын ауру. Шектеулерге қарамастан кейбір тұрғындар ауызашарға жақындарын шақырып, ас берген. Ең өкініштісі, олардың арасында жұқпалы ауру таралып кетті. Сол себепті қазір мұндай мерекелік шаралар туралы айтуға әлі ерте», – дейді ол.

Сол себепті бас санитар маман ауызашар ұйымдастыруға кеңес бермейтінін жеткізді.

«Отбасыңыздағы адамдармен ғана қарым-қатынаста болғандарыңыз жөн. Біз эпидемиялогиялық жағдайды әрең тұрақтандырдық. Енді аурудың таралуын төмендетуіміз керек», – деді Есмағамбетова.

Сөзінше, аурудың таралу деңгейі төмендегеннен кейін ғана бұл туралы қарастырылады.

«Той тойлайтын уақытта келеді. Эпидемиялогиялық жағдайға сәйкес, індеттің таралу көрсеткіші екі пайыздан азайып, коронавирусты сырттан келгендер ғана жұқтырып жатса, карантин де жеңілдетіледі», – деп қосты ол.

Бұған дейін Көкшетау тұрғыны көп қабатты ғимараттың ауласында би кешін ұйымдастырғаны айтылған болатын. Қазіргі таңда адамдарды жинап, сауық құрған қала тұрғыны бірнеше бап бойынша жауапқа тартылыпты.

Бөлісу:


Және де: