COVID-19 vs QazaqstanЖаңалықтар

Цой: Сауыққан адамдарда ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі күн сайын артып келеді

0
(0)

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында тұрғындарға үндеу жасап, Қазақстанда коронавирустың жаңа штамдарының таралу қаупі жоғары екендігін ескертті. Министр өз жазбасында күз бен көктемде жіті респираторлық вирустық инфекция (риновирус, аденовирус, парагрипп вирус және басқалары) асқынатынын еске салды.

«Қазір ЖРВИ маусымы жалғасуда, сондықтан сырқаттану қауіпі сейілген жоқ. Қыркүйек пен қаңтар аралығында елімізде таралған COVID-19-ды геномдық зерттеу нәтижесі бойынша коронавирустың («британиялық», «Оңтүстік Африка», «бразилиялық») жаңа штамы анықталған жоқ. Алайда халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын, шетелге шығатын ел азаматтары (еңбек көші-қоны, оқыту, емдеу, туризм), сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келгендердің қатары көбейгенін ескерген жөн. Яғни коронавирус инфекциясының жаңа штамдарын тасу қаупі де артады деген сөз», – дейді Алексей Цой.

Сонымен қатар ДСМ басшысы коронавирусты қайта жұқтырып алу мүмкіндігі артып жатқанын да алға тартты.

«Иммунитеттің сақталу ұзақтығына қатысты ғылыми дәлелденген дерек жоқ, сондықтан COVID-19-дан сауыққан адамдарда ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі күн сайын артып келеді. Айта кету керек, карантинге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация ғана балама бола алады. 2021 жылдың 1 ақпанында елімізде КВИ-ге қарсы «Спутник V» екпесімен вакцина салу басталды. Вакцинация кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», – дейді ол. Министрдің айтуынша, халық жаппай коронавирусқа қарсы профилактика үшін екпе салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасады және инфекцияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік туады.

«Құрметті қазақстандықтар, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі де жоғары! Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғау үшін мынадай сақтық шараларын сақтауды сұраймын:

– адам көп жиналатын орындарға бармаңыздар;

– ұжымдық іс-шара, мерейтой, корпоративтік жиын жасауға болмайды;

– ағзаңызға суық тигізіп алмауға тырысыңыз;

– өзгелерге қауіп төндірмеу үшін жақындарыңызбен алыстан араласыңыздар, заманауи байланыс құралдарымен хабарласқан дұрыс.

Пандемия әлі де жалғасуда, вирус жеңілген жоқ, сондықтан әр адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Өзгелерге ауру жұқтырмаудың жолын іздеген дұрыс, маска тағы, әлеуметтік арақашықтық және гигиена талаптарын сақтауға шақырамын. Әрине, міндетті түрде вакцинация да қажет», – деп сөзін қортындылады Алексей Цой.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Ақнұр Сағатова

Инстаграм парақшасы

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button