ЖаңалықтарҚоғам

Жаңғыру «жаңғырыққа» айналмасын десек

0
(0)

Осыдан тура 3 жыл бұрын ел газеті «Egemen Qazaqstanda» жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық руханиятқа үлкен серпіліс әкеліп, қоғамға қозғау салғаны белгілі.

Халықтың өткенін өнеге етіп, бүгінін бағамдап, болашақ басым бағыттарын айқындап берген бағдарламалық мақала тарлан тарих пен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастырған ұлттық тұғырнама ретінде қабылданды. Әсіресе ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді басшылыққа алу, мәдениетті ұлықтау, білімді культке айналдыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, латын әліпбиіне көшу сияқты мәселелер қоғамда қызу қолдау тауып, ауқымды жұмыстар атқарылды.

Рухани жаңғыру ең әуелі несімен мәнді, халқымыз үшін неге құнды?

Әңгімені әріден бастасақ. Төңкеріс арқылы билікке келіп тексіздікті төрге шығарған, коллективтендіру, репрессия, аштық пен апат, ату мен жазалау арқылы жетпіс жыл бойы күштеп жүргізіліп солақай саясаттың елімізге дүлей болып келіп, үрей болып енгені, сөйтіп сүйегімізге сіңгені жасырын емес. Кеңес өкіметі барлық насихат құралдарын жұмылдыра отырып, «совет адамын» қалыптастыруға күш салды. Соның салдарынан Павлик Морозовты үлгі тұтқан, батыр бала Болатбекті әнге қосқан, құндылығында құдайы жоқ қоғам қалыптасты. «Ауру мысқалдап кіріп, батпандап шығады» деп дана халқымыз текке айтпаған. Сондықтан тоқсаныншы жылдары саяси тәуелсіздік алғанымызбен, санамыз толық азат болды деп айта алмаймыз. Тіпті кеңестік кезеңде пионер, комсомол қатарында болған біз тұрмақ, тәуелсіздік тұсында дүниеге келген кейбір жастардың бойынан да «советтік вирустың» көрініп қалатыны ойландырмай қоймайды. Соның бәрі ойдың отарсызданбауынан, рухтың арыла алмауынан деп пайымдаймыз!

Бұл тұрғыдан келгенде рухани жаңғыру – санаға сәуле ұялатып, ойды отарсыздандыратын, ұлттық код пен дәстүрді сақтай отырып, жаңа заманға бейімдейтін, жадыны жаңғыртып, елдің еңсесін тіктейтін, өзіне деген сенімін еселейтін теңдессіз бағдарлама.

Ал осы жаңғыру Елбасы айтқандай «жаңғырыққа айналып кетпеуі» үшін не істеу керек? Бұл сұраққа да мақаланың өзі жауап береді. Қоғамда прагматизм мен білім салтанат құруы тиіс: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп жазылған мақалада.

Дәл қазіргі кезеңде астарына тереңірек үңілуді қажет ететін осы сөздердің хакім Абайдың әйгілі «Ғылым таппай мақтанба…» атты өлеңімен үндес болуы бекер емес. Сондықтан түптеп келгенде, рухани жаңғырудың мақсаты, біздіңше, «совет адамы» сықпытынан арылған, Абай айтқан толық адамдыққа бет бұрған рухы азат, нағыз қазақ болу деп түсінеміз!

Ізгілікке шақыратын, рухани арылуға, тамырға оралуға үндейтін рухани жаңғыру бастауын тым тереңнен алады. Осы тұрғыдан алғанда, бұдан 1150 жыл бұрын дүниеге келіп «қайырымды қоғам» мен «парасатты қаланы» аңсаған әл-Фараби бабамыз бен одан мың жыл кейін ғұмыр кешкен, ұлтының рухани көзін ашуға, хикмет кеудесіне сәуле шашуға ұмтылып, сол арқылы кемел кісілікке, толық адамдыққа шақырған Абайдың мәңгілік мұраттарын да осы рухани жаңғырудың заңды жалғасы деуге негіз бар. Ұлы ойшыл да өз заманында халқын рухани жаңғыруға шақырған еді. Алайда оның үні өз айтқандай жартастан қайтқан жаңғырыққа айналды. Баяғы қазақ – сол қазақ.

Рухани жаңғырудың үшінші жылын карантин жағдайында қарсы алып отырмыз. «Карантин» – итальянша қырық күн деген мағынаны береді екен. Бұрынғылар рухани кемелденуді қырық күн оқшауланумен байланыстырған. Әзірет Сұлтан рухани жетілу үшін қырық күн шілхана жасап, Мұса пайғамбар жан-дүниесін тазарту үшін халқын қырық жыл ертіп жүрген. Халқымыз да қырық санын қастерлеген, сәбиді қырқынан шығарған, қызды қырық үйден тыйған, батырына қырық жолдас қосып берген, қырықтың бірін Қыдырға балаған, қырық қадам аттағанды қонақ санаған, марқұмның қырқын күткен, қырық шелпек таратқан, қырық шілтенге сенім артқан. Сондықтан бұл қырық күнде тек тәннің індетімен күреспей,  жанның дертінен де арылуға, оқшауланып, оймен оңаша қалып, рухани жаңаруға, жан-дүниеміз ағарып, тазаруға, «қырық жамау» жүрегімізге ем табуымызға, сөйтіп рухани жаңғыруды жаңаша пайымдауға септеседі деп үміттенеміз.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Scroll Up
Close