Жаңалықтар

Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 50 млрд теңге бөледі

0
(0)

Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 50 млрд теңге бөледі. Бұдан бөлек 24 көтерме тарату орталығын салу міндеті тұр. Мәжілісте аспандап кеткен ас-пұлдың бағасы талқыланып, 2020 жылдағы бюджеттің игерілуі баяндалды. Жиында белгілі болғандай, Қазақстанның сыртқы қарызы көбейіп кеткен. Осыған орай төменгі палата жөнсіз қарыз ала беретін ведомстваларды тезге салатын заң жобасын әзірлеуде. Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 239 мың адам жұмысқа орналасқан. Алайда, Есеп комитеті олардың 17%-ы бір ай ғана жұмыс істегенін анықтапты. Одан қалды, 158 мың адам белгілі бір мерзімнен соң қызметтен қайта шығып қалған.

 

10 мың азамат қана тұрақты жұмысқа ие болған. Ол бар-жоғы 4,5 пайыз ғана. Басқалары уақытша жұмыс істейді. Әйтеуір екі қолға бір күрек деп уақытша жұмысқа алып барамыз. Бірақ та оны тұрақты шешім деп айтуға болмайды. Себебі қалған уақытта мысалы, күзде, қыста не істейді?! Ол кезде де отбасыны асырау керек қой?, деді Нұрлан Нығматулин,ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы.

Мәжіліс мінберінде талқыланған келесі мәселе – азық-түлік бағасының шарықтауы. Мәжілісмендер қымбаттаған тауар түрлерін тізбектеп, жауапты министрліктерді сұрақтың астына алды.

 

«2020 жылдан бері азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Ең жоғары өсім күнбағыс майы бойынша тіркелген  33,7%, қант 32,8%, жарма 28,7%, картоп 16,8%, жемістер 14,9%, макарон өнімдері 14,7%, жұмыртқа 10%-ке өскен. Сонымен қатар бензин, электр энергиясы, фармацевтикалық өнімдер, баспана да қымбаттаған. Өкінішке қарай бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Керісінше, қымбаттамаған нәрсені атау оңай тәрізді» деді Данияр ӘЛІМБАЕВ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.

 Осы бағытта есеп берген Ұлттық экономика министрлігі күнделікті ішіп-жемге қажетті тауар бағасын қымбаттатпауға күш салып жатыр екен. Алайда мұның барлығы тек сөз жүзіне. Вице-премьер азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 24 көтерме тарату орталығын саламыз деп отыр. Бірақ бұл ғимараттардың әлі бір де бір кірпіші қаланған жоқ.

Айтпақшы, елдің сыртқы қарызы да белгіленген мөлшерден асып кеткен. Қазіргі таңда мемлекеттің берешегі 20,6 триллион теңгені құрап отыр. Ал бұл жалпы ішкі өнімнің 29,4 процентіне шамалас. Жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасында мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 27 процентінен аспауы тиіс екен. Бұл сауалға бас қатырып отырған министр жоқ. Еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаев баяғы сол «пандемия, дағдарыс» деп, депутаттың сұрағына нақты жауап беруден тайқып шықты.

Мұндай жағдаймен көптеген мемлекет бетпе-бет келді, соның ішінде дамыған елдер де бар. Бірақ соған қарамастан біз алдымызға бюджет тапшылығы мен сырттан қарыз алуды қысқарту міндетін қойып отырмыз. Бұл үшін бізге бюджеттің кіріс бөлігін арттыру қажет болады. Ол үшін кешенді шаралар қабылданған», дейді Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі.

Қаржы министрінің сөзін бөлген төменгі палата спикері ұлттық қорға алақан жая беретін министрліктерді мысалға келтірді.

2017 жылы орта білімді жаңғырту жобасын жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банкпен 67 миллион АҚШ долларына келісімшарт бекіткен. 2020 жылы дәл осы министрлік қарыздың бір бөлігін, шамамен 50 миллион доллардың күшін жоюға бастамашы болды. Сұрақ: осыншама қарыз неге алынды онда? Біз бірінші күннен бастап сол қарызға қызмет көрсетуге мемлекеттен ақша жұмсадық қой. Бұл сұрақ қазіргі білім министріне қойылып отырған жоқ. Ол керісінше қарыз сомасын қысқартып, аталған жобаны 17,5 миллион долларға жүзеге асырды», деді Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы.

 

Мәжілісте жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Онда сырттан оңды-солды қарыз алған мемлекеттік органдардың басшыларын жауапқа тарту көзделген. Тіпті депутаттар қылмыстық жаза қолдануға да кетәрі емес көрінеді. Жиын соңында төменгі палата спикері  бюджеттің орындалуында әлі де кемшіліктер барын алға тартып, мемлекет қаражатын ұтымды, нәтижелі және тиімді игеру керектігіне баса назар аударды. Халықтың шынайы мүддесіне ден қою қажет. Осы ретте таяқтың бір ұшы санитарлық дәрігерлердің тасасынан шықпайтын Алексей Цойға да тиіп кетті.

«Министр мырза, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға шығу керек. Адамдармен санитарлық дәрігердің қаулысы арқылы байланысқанды қою керек. Ауруханаға, емханаға барыңыз. Әсіресе, аудандық медициналық ұйымдарды аралып шығыңыз, ондағы кезекте тұрған адамдарды тыңдаңыз. Менің ойымша, сол кезде медициналық көмек сапасы мен осы көрсеткішке қол жеткізу жайында қажетті мәлімет аласыз, дейді Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button