ЖаңалықтарСпорт/Шоу-Биз

Әндері хит болған зағип бала өзі туралы айтып берді

0
(0)

Жақында қазақтың қара домбырасымен жайлауда ән салған қазақ баласының бейнежазбасы әлеуметтік желіде кең тарап, қалың жұрттың қолдауына ие болған еді. Ол Қытайда тұратын қандас бауырымыз, жас әрі талантты әнші Өріс Төлегенұлы болатын. ҚазАқпарат тілшісі Қытайдағы әнші баламен байланысқа шығып, аз кем сұхбат алған еді. Newsroom+Ақпарат агенттігі назарларыңызға сол сұхбатты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап ұсынады.

– Құрметті Өріс бауырым, сенің жайлауда жүріп «Қарғам-ау, қайдан келдің, қайдан көрдім» деп әуелете салған әнің қазақ еліндегі тыңдармандардың жүрегіне жетіп, ерекше қолдауына ие болды. Бұл туралы өзің естідің бе? Қандай сезімде болдың?

– Иә, естідім, әнімнің ел жүрегінен орын алып жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Өнерімді бағалағандарыңыз үшін алғыс айтамын.

– Бұл бейнежазбаны түсіруге кім себеп болды?

– Бұл жазда демалысымда жайлауда, үйдегілерге көмектесіп, ағаммен бірге қой бағып жүрген кезім. Қасымнан домбыраны тастамай ала жүретін әдетім. Кең сахарада жүріп ән саламыз осылай уақыт өткіземіз. Бұл жазбаны ауылдас бір ағамыз қызықтап түсіріп алған еді. Осыншалық кең таралып кетеді деп ойламадық.

– Бұл әнді кім арқылы, қашан үйрендің? Авторлары туралы білесің бе?

– Әнді интернеттен естіп, өзіме ұнағасын жаттап алдым. Авторы белгілі әнші, композитор Халық Ризабек екенін жақында ғана білдім.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда білім алғысы келетін зағип баланың әніне жұрт сүйсінді

– Енді өзің туралы айтып берсең. Қай жерде тұрасың? Ата-анаң не қызмет істейді? Неше ағайындысың?

– Біз Шыңжаң Ұйғыр Автономды ауданының Iле облысына қарасты Нылқы ауданының Қаратөбе ауылы Қараой қыстағында тұрамыз. Жасым 13-те. Әкемнің аты – Төлеген Қайнашұлы, анам – Күлiмхан Райымбекқызы. Отбасымыз мал шаруашылығымен айналысады. Екі ағам бар.

– Неше жастан бастап ән айтып жүрсің? Өнерге келуіңе кім себеп болды?

– 3 жасымнан бастап домбыра шертіп, ән айтып үйрене бастаппын. Кішкене кезімде домбыра құшақтап отырып ұйықтап қалады екенмін. Үлкендер «тума талант» деп жатады. Туысқандарымызда меннен бөлек өнерге жақын басқа адам жоқ.

– Қандай әндер жүрегіңе жақын?

– Қазақтың халық әндері жүрегіме жақын, сонымен бірге кең тынысты, жұмсақ өзге елдің әндері болсада ұнатып тыңдаймын, жаттап аламын.

Біз әншіден жұртқа кең таралған «Арман-ай» әнін қайталай айтып беруін сұрадық. Әннің авторы, композитор Халық Ризабекұлы Өріс Төлегенұлының орындауына жоғары баға беріп, ізгі тілегін айтты.

«Бұл ән осыдан 4 жылдай бұрын жазылған, Арқада өскен қазақтың қарапайым қызына арналған әуен еді. Таңғы сағат 4 мезгілінде үлкен тебіреністен, толғаныстан туған ән. Сөзін белгілі ақын Несіпбек Айтұлы жазды. Алғашқы орындаушысы Сәулежан Тақзияұлы болатын. Жақында Қытайдағы Өріс бауырымыздың орындағанын көріп қатты тебірендім. «Қарғам-ау, қайдан келдің, қайдан көрдім», деп алғашқы жолдарын айтқанда көзіме мөлтілдеп жас келді. Ерекше орындау! Даланың табиғатына тән кең тыныс, тамағында ерекше бояу бар. Өріс баурымыздың жолы ашық, ғұмыр жасы ұзақ болсын», – дейді композитор.

– Денсаулығың туралы да айтып берсең? Көзің ауырады деп естідік. Қаншалықты көреді? Не себеп болған?

– Анамның айтуынша, 8 айлық кезімде көзімнің қарашығына ақ түсіпті. Ата-анамның қолының қысқалығынан уақытында емдетудің мүмкіндігі болмапты. 5 жасымда Құлжа қаласында екі көзіме ота жасатты. Оң көзім бұлдыр көреді, ал сол көзімнің қарашығының ішіне әйнек салған, жақын аралықты көреді. Өткен жылы тағы бірнеше рет дәрігерге қаралдық. Көздің қуаты өте әлсіз екенін, тағы да ота жасату керектігін айтады. Алайда Құлжа қаласының дәрігерлері бұл ота арқылы толық жазылатыныма кепілдік бере алмай отыр. Үлкен қалаларға барып көрсету керектігін айтады.

– Болашақта арманың қандай?

– Әуелі көз жанарым қалпына келіп, ата-анамды қуантсам деймін. Ол кісілердің арманын орындағым келеді. Сонымен бірге Димаш Құдайберген ағаларым секілді елдің жүрегінен орын алған үлкен әнші болғым келеді.

– Неше аспапта ойнай аласың? Арнайы курстардан білім алдың ба?

– Домбыра, гитара, электронды рояльда ойнай білемін. Нақты музыкалық білім алғаным жоқ. Барлығын өзім қызығып, жағаласып жүріп үйреніп алдым.

– Байқауларға қатыстың ба? Қандай жетістіктерің бар?

– Конкурстарға жиі қатысып тұрамын. Мектепте көптеген жүлделі орындарға ие болдым. Өзім үшін маңыздысын айтар болсам, 2018 жылы ШҰАР-да ұйымдастырылған балалар арасындағы өлкелік ән байқауында бірінші орын алдым. Іле облысында балаларға арналған байқауда бірінші орын алдым.

– Сөз соңында өзіңнің бір ауыз ақ тілегіңді тыңдасақ?

– Мені қолдап, тілектес болып жатқан барша жандарға алғыс айтамын. Отбасыларыңыз аман болсын! Ауырмаңыздар.

– Сұхбатыңа көп рахмет!

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close