Жаңалықтар

Үйінді астында қалып, мерт болды

0
(0)

Көкшетауда жер үйдің төбесі опырылып, бір әйел мерт болды. Шатыры құлаған нысан осыдан 70 жыл бұрын салынған екен. Бірақ ескі баспана бұрын-соңды апатты деп танылмапты. Айдың күннің аманында қираған үйдің астында қалған қаралы отбасы туралы әріптесім айтып береді. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасында айтылды деп хабарлайды newsroom. kz порталы.

Ел шырт ұйқыда жатқанда төбесі құлаған үй осы. Құдды бомба түскендей қопарылып жатыр. Өкініштісі үйде отырған 63 жастағы зейнеткер көз жұмды. Марқұмды бөрене басып қалған.

АЛЕКСАНДР МЕТРОВ, МАРҚҰМНЫҢ ҰЛЫ: «Мен іссапарда болғам. Әйелім хабарласып, үйдің төбесі опырылып түскенін айтты. Анам үйінді астында қалып қалған. Мен келгенше жұбайым жедел жәрдем шақырған. Бір сағатта келген. Төтеншеліктер де кешігіп әрең жетіпті. Анамды бір сағат бойы жедел жәрдемнің ішіне жатқызып қойған. Бұл не сұмдық? Ешкім кешікпегенде анамды құтқаруға болушы еді.»

ОКСАНА СКОК, МАРҚҰМНЫҢ КӨРШІСІ: «Шатырда біреу жүгіріп жүрген сияқты көрінді. Сосын бір нәрсе гүрс ете түскендей болды. Одан кейін көліктер қаптап кетті. Бір уақытта полиция келіп, үй құлағалы тұрса шығыңыздар деп ескертті. Мен оған келіспедім. Содан кейін ғана көршімнің үйі опырылып, өзі қайтыс болғанын білдім».

Үйде кейуанадан бөлек оның екі немересі болыпты. Төтеншеліктерге хабар берген де солар екен.

АСҚАР САФАРОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: «Оқиға кезінде үйде 1958 жылы туған азаматша мен оның екі немересі болған. Екеуі көрші бөлмеде жатқан. Үйдің 15 шаршы метрі бүлінген. Қазіргі уақытта төбенің неден отырылғаны анықталып жатыр».

Белгілі болғандай, осыдан екі жыл бұрын айналадағы қамыс өртеніп,  үйдің төбесі қоса жанып кеткен. Ақмола облыстық полиция департаменті соның салдарынан да шатыр қираған болуы мүмкін екенін алға тартты.

ГҮЛНАР ПИНЧУК, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Екі жыл бұрын үйден өрт шыққан соң, үй иелері төбеге өздері жөндеу жұмысын жүргізген. Сол кезде су болған тақтайлар шіріп, содан төбе опырылған деген болжам бар».

Қазір үй апатты деп танылған. Ал қайғыдан қан жұтып, баспанасыз қалған туыстар бас сауғалап қалада жүр.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button