Жаңалықтар

Астық тапшылығынан биыл шаруалар шығынға батады

5
(2)

Биыл шаруалар шаш етектен шығынға батуы мүмкін. Сарапшылар осы жылы астық 20 пайызға аз жиналады деген болжам жасауда. Бұл аз десеңіз, диқандардың 40 пайызы гектарынан 6 центнерден кем өнім алуы ықтимал. Құзырлы министрлік шаруаларға құрғақшылықтың құрбаны болмау үшін қандай кеңес берді? Бұл туралы newsroom.kz. порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Елімізде егін жинау науқаны қыза түсті. Тамыздан бер 8,5 млн гектар жер орылып, 7 миллион тонна астық қамбаға бастырылды. Ал, Жамбыл, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында астық жинау науқаны аяқталуға жақын. «Бәрі жақсы, бірақ ылғалдың жетіспеушілігінен жиналған астықтың көрсеткіші көңілді көншітпейді» дейді шаруалар.

ТАЛҒАТ АУБАКИРОВ ШАРУА: «Бүгінде болжанған 15 центнердің орнына 1 гектардан 5 центнер алып жатырмыз. Тыңайтқыштарды бәрін қолдандық, бірақ ылғал жетіспеді. Мол астық аламыз деп техниканың жартысын жаңарттық. Енді оның қаржысын қайтаруда қиналатынымыз анық».

Қуаңшылықтың кесірінен биыл жиналатын бидайдың көлемі аз болғаны былай тұрсын, оның сапасы да төмен дейді сарапшылар.

ВИКТОР АСЛАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЕГІНШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Есть такое понятие нижний предел … Ең төменгі табыс көрсеткіші деген ұғым бар. Биыл шаруаға егін науқанына жұмсаған барлық шығынын, несиесін жабу үшін 1 гектардан 6 центнер астық алу қажет. Бірақ, орта есеппен гектарынан 8,4 центнер астық жинағанымен, шаруалардың 40 пайызы 6 центнерден аз алады».

Диқаншылар нарықта тиімді баға бекітілмегенше 1 келі бидай сатылмауы мүмкін деген қауіп барын айтады. Олардың есебінше, қазіргі таңда 1 тонна бидайдың құны кем дегенде 100 мың теңгеден жоғары болу керек. Астық аз алынатындықтан келесі жылға тұқымдық бидай табылмай қала ма деген дн қорқыныш бар екен.

ФАРИД АБИТАЕВ, «АСТАНА-БИЗНЕС» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: «Тұқымды сатып алу мәселесін міндетті түрде шешу керек. Үкіметке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, нан бағасын тұрақтандыратын бидай көлемін ғана сатып алмай, көктемгі егістікке қажет тұқым көлемін алуды да ойластыру қажет. Әсіресе, құрғақшылық қатты қинаған аймақтарда».

Жылдағыдан 1 миллионға астық аз жинаған Белорусьте бидай және өзге де дәнді-дақылдарды экспорттауға тыйым салыпты. Ал Қазақстанда қуаңшылықтың кесірінен 20-30 пайызға кем өнім жиналады деп болжануда. Бірақ, отандық бидайды өзге елдерге сату тоқтатылмайды екен.

НАЗГҮЛ ХАТЕПОВА, ҚР АШМ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан елдері + Сонымен қатар, біздің астық Иран, Ауғанстан, Қытай секілді елдерде де өте көп сұранысқа ие. Біздің биылғы болжамымыз бойынша аталған нарықтарда біздің астыққа деген сұраныс осы жылдағы деңгейде сақталады деп күтудеміз. Сндықтан осы аталған елдерге отандық астықты экспорттаймыз деп жоспарлап отырмыз».

Шаруалар тығырықтан шығудың бірден бір жолы – бағаны көтеру және экспорттауға тыйым салмау деп отыр. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты бағаны бекітпесе де, болжаммен бидайдың бір тоннасы 95-105 мың аралығында болады дейді. Құзырлы министрлік құрғақшылықтың құрбаны болмау үшін шаруаларға «сақтандыру жүйесін кеңінен» қолдануға кеңес береді.

 

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button