Жаңалықтар

Ыбырай ұстанымы – ұлттық мұрамыз

0
(0)

 

 

«Өнер-білім бар жұрттар» деп халқымызды оқуға шақырған Ыбырай Алтынсарин мұрасы ұлтқа аманат

Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180, Ұлттық білім академиясының құрылғанына 100 жылдығы мерейтойларымен қатар келіп отыр. Мұндай мерекелердің символдық маңызы тереңде жатқаны мәлім.

Аға ұрпақтың абыройлы істерін жалғап, келешекке кемел жол бастаған елімізде біртуар ағартушы, педагог мамандары жеткілікті. Соның негізі, ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсариннен бастау алады.

Ұлттық тарихымыздың ұлылығы – оқиғалардың санында емес, ұлт рухын берік ұстаған ағартушы-ұстаздардың тағылымына байланысты. Кез келген ұлы тұлғаны алып қарасаң да, көпшілікті білімге шақырған, оқу-ілімге насихаттаған. Мұндай оқиғаны уақыт сызығында салыстырмалы түрде қарасақ, «Күн шығыс елі» атанған жапондардың 1867-1968 жылдардағы «білім арқылы технология» революцияларынан ертерек басталғанды.

Тарих танымындағы Ыбырай

Ы. Алтынсарин ерлігі бір кәсіптік училище, бес болыстық мектептердің ашылуына ықпал еткендігі ұлттық тарихымызда кездеседі. Ұлы ағартушы негізін қалаған білім беру ордаларының қатарында Қостанайда 1884 жылы ашылған алғашқы екі кластық орыс-қазақ мектебі де бар. Осыған қоса қазақ қыздарына арнап ашқан оқу ордасы да отбасы-демографиялық және гендерлік саясат басымдығын анықтаса керек. Ұлт тәрбиесіндегі әйел адамның оқуға құштарлығын оятуы – өскелең ұрпақтың ашық санада өсуіне негіз қалады. Оның мұндай идеясының түбірі – ескішіл әдет-ғұрыптармен күреске үндеуі.

Ыбырай Алтынсарин жастарға кәсіптік білім беру қажеттігін ұғынып, өнердің әр түрін үйренуге шақырды. Қоғамда ағартушылық идеясын насихаттап, 1883 жылы Торғай қаласында тұңғыш қолданбалы өнер кәсіптік-техникалық оқу орнын ашты.

Ыбырай қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйеледі. Қазақ тарихы жөнінде де материалдарды өңдеп, «Хрестоматия» жазды. Тұңғыш орыс шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Бұдан басқа деректердің жиынтығы Ыбырайдың адами тұлғалық бейнесін, тәрбиелік және психологиялық келбетін ашу қажеттігін көрсетіп отыр. Осы бағытта бүгінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тұлғатану жұмыстарын қолға алды. Бұл жұмыстар аясында Ыбырайдың қазақ баласына ұлттық құндылықтар арқылы тәлімді тәрбие бергендегі басымдық қойылады.

 Ұлттық педагогикалық корпус

Ыбырай 1888 жылы Орскіде қазақ жастарының арасынан бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын білім ордасын ашты. Осы сабақтасқан жүйе тәжірибесі бүгінде еліміздің ұлттық педагогикалық корпусын әзірлеуде негізге алынып отыр.

Қазіргі таңда педагогтерді даярлауда талап күшеюде. Сауатты және кәсіби маман жарқын және тұрақты болашақтың негізін құрайды. Педагог арқылы өскелең ұрпақтың сана-сезімі, ел азаматы қалыптасады.

Біздің бүгінгі дамуымыз рухани және технологиялық кемелденуімізде педагогтерге тікелей байланысты. Бұл туралы Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовте бірнеше мәрте баса негіздеп айтты.

Бүгінде  балалар мектепті әр түрлі жеке адамдық және әлеуметтік капиталмен бастайды. Олардың арасындағы айырмашылықтармен (когнитивті және эмоционалды қиындықтармен, әлеуметтік-экономикалық мәртебенің түрлішелігі) күресу үшін барлық кәсіби капиталды игере алатын жоғары білімді мұғалімдер қажет екендігі анық. Бұл, педагогтерден қарапайым капиталды қажет етпейді. Олар әлеуметтік капитал ғана емес, кәсіби капиталға айналуы тиіс.

Кәсіби капиталдың нығаюы әр мектепті өзгертудің негізгі жолы. Педагогтардың алтын жүрек болуы жеткіліксіз, олар білім мен біліктің қазынасын құрауы қажет.

Пандемия салдары еліміздегі білім беру жүйесіндегі мәселелерді қайта тұжырымдауға, мүмкіндіктерді игеруге жол ашты. Осы бағытта салалық мекеменің де ұстанымы педагогика бағытындағы оқу орындарының жоғары сапа мен тиімді өнімділікті қалыптастыруға назар аудару. Нақты қадамдар ішінде педагогикалық мамандықтарға қойылған шектік бал 75-ке ұлғайтылды, студенттердің шәкірақысы да басқа студенттерден екі есеге арттыру көзделген.

Бұдан әрі ұлттық педагогтер корпусын күшейту жұмыстарының негізі Ы. Алтынсарин Ұлттық білім академиясында әзірленген Қазақстан Республикасы Ұлттық білім доктринасы жобасын көпшілікке таныстыруда ұсынылатын болады.

Ең бастысы, кәсіби капиталды педагогтер мектептің кәсіби мәдениетімен бірге мәдениеттер желісін байланыстыратын негізгі жолсерік іспеттес. Осы негіздерде педагогтер элитасын нығайту жоспарланады.

Ы. Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясының
ғылым бойынша вице-президенті,
PhD докторы
Нұрбек Пұсырманов

Дереккөз: Bilimainasy.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button