Жаңалықтар

Қазақстанда коронавирусқа байланысты үстемақы алуға үміткер дәрігерлер саны артты

0
(0)

Коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан және қауіп-қатер аймағында жүрген қанша медицина қызметкері үстемақы алуға мүмкіндігі бар екені мәлім болды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Соңғы соманы өңірлік комиссиялардан хаттама алғаннан кейін бере аламыз, бірақ алдын ала ақпарат бойынша, сәуір айында 45 мың медицина қызметкері шамамен 14,7 миллиард теңгеге үміткер», – деді Марат Шоранов.

Ол өңірлерде эпидемиологиялық жағдай әртүрлі болғанын және алғашқы науқастар наурыздың соңына қарай анықтала бастағанын атап өтті.

«Тиісінше, наурызда тартылған қызметкерлердің саны сәуір айына қарағанда әлдеқайда аз болды. Бұл жағдай Нұр-Сұлтан мен Алматыда ерекше байқалды. Осы кезеңде еліміз бойынша наурыз айында 17 700 медицина қызметкері үстемақы алды, жалпы төлем сомасы 3,4 миллиард теңге. Алайда, эпидемиологиялық жағдай сәуірдің басында шиеленісіп, тағы медицина қызметкерлері жұмысқа тартылды. Денсаулық сақтау басқармаларымен келісе отырып, сәуір айында үстемақы алуға үміткер медицина қызметкерлерінің саны 45 мыңға жуық, бұл наурызбен салыстырғанда үш есе көп.

Аумақтық комиссиялар таяу күндері өңірлік комиссияларының жұмысын аяқтауы тиіс, кейін бізге тізім жібереді. Біз өз кезегінде ақшаны әр медициналық ұйымға, келісім-шарт жасаған негізгі тасымалдаушыларға жеткіземіз. Медициналық қызметкерлердің шоттарына ақшаны бізбен келісім-шарты бар медициналық ұйымдар аударады», – деп атап өтті ол.

Марат Шоранов наурыз айында ақпараттық жүйеге енбей қалған қызметкерлер бар екенін айтты, бұл шамамен 83 миллион теңгені көрсетеді.

«Сонымен қатар, біз үстемақы қате тағайындалған жағдайларды көріп отырмыз. Біз бұл ақпаратты әр комиссияға жеткіземіз және барлығы сәуір комиссиясында жойылуы тиіс.

Біз әр өңір бойынша тізімді қарап шығамыз және әр жағдайды қарау жауапкершілігі аймақтық комиссиялардың өзіне жүктеледі. Осы тізімдердің неғұрлым дұрыс және толыққанды әділ қаралуын қамтамасыз ету үшін сәуірде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалдарының өкілдері әр өңірдің комиссия құрамына кіреді. Әкімдік, басқармалармен бірлесе отырып, 4 сәуірдегі бұйрықта көрсетілген нормалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – деді Марат Шоранов.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Scroll Up
Close