Ол – халқымыздың біртуар перзенті: Тоқаев әлеуметтік желіде жазба жариялады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай Twitter-де жазба жариялады.
«Бүгін – тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті», – деп атап өтті Тоқаев.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылында) дүниеге келген.
1886 жылы Омбыдағы 4 жылдық техникалық училищеде, одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы Орман институтының экономика факультетінде білім алды. Дәл сол студенттік шақта сан алуан қозғалыстарға белсенді түрде араласқаннан кейін жандармерияның назарына ілікті, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне енді.