Жаңалықтар

Еңбек ет те елге жет

4
(4)

Уақыт жылжыған сайын әлемнің бет-бейнесі де сан құбылып, заман талабы мен жас ұрпаққа жүктейтін міндеті де артып жатыр. Қазақ халқы бұрыннан «Заманына қарай адамы» дейді. Әрине, уақыт ағымы қасқағым, өзіне ілесе алмай қалғандарды қатардан шығарып тастап, әрі қарай артқа бұрылмай зымырай береді. Уақыттың ағымына ілесіп, заманға сай тұлға болып қалыптасу жолындағы ең маңызды қасиет – сананың ашықтығы деп білемін.
Сананың ашықтығы білім мен ғылымды игеріп, бірнеше тілді жетік меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар өз ортаңа, қоғамға толерантты көзқарас таныту және өз-өзіңді қайта мамандандырып отыру сынды негізгі қасиет-құндылықтарды қажет етеді.

Жоғары оқу орнында білім алып, кейіннен еңбекке араласқанда кез келген дүниені өзіңнен бастау керек деген қағиданы ұстандым. Бұл ең әуелі салмақты жауапкершіліктен көрінеді. Осылайша, өзім жоғарыда атап өткен сананың ашықтығы қасиеті әр адамның ізгілік принциптерінен өзге, өз-өзін шексіз дамытып отыруынан туындайтынын байқадым.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды» дейді. Расында, қоғаммен біте қайнасып, оның бар артықшылық-кемшілігіне қаныққан жан әрі қарай өзіне жаңа әлем ашқысы келеді. Бұның бәрі қарым-қатынастың, қызығушылықтың аясында туындайтын дүниелер. Бізді отбасымыздан бөлек, қоғам тәрбиелейді. Қоғамға қарап бой түзеп, ой түзеп, өз мақсаттарымызға қарай құлшынамыз.

Қазір әлемде шекара жоқ. Әлеуметтік желілер мен интернеттің арқасында әлемнің кез келген түкпіріне байланысқа шығып, Ыбырай Алтынсарин атамыз жырлағандай «сымсыз хабар аламыз». Міне, жаһанданып, күн сайын сан мың құбылатын заманда бұғып қалу, оның қажеттіліктері және жаңашылдықтарымен есептеспеу дұрыс болмайтыны айдан анық. Тұрақты даму жаңалықты тұрақты қабылдап, тұрақты бойға сіңіріп отырумен ғана жүзеге асады. Осыған дейін елімізде ұлттық жаңғыру туралы жиі сөз болды. Елбасы өз мақаласында әлемнің даму екпінінен қалыс қалмай, ұлттық бірегейлікті де қатар алып, ұлттың төл құндылықтарын дамытудың маңызын баса айтты. Бұл өте маңызды.

Мен өзім Түркістан өңірі, Шымкент қаласының тумасымын. Оқуымды аяқтап, біраз жыл өз өңірімде қызмет еткеннен кейін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс бабымен көшіп келдім. Басты мақсатымның бірі туған еліме қызмет етуден бөлек, солтүстік өңірін қазақыландыру үрдісіне өз үлесімді қосу болды. 2019 жылдан бері солтүстікте қызмет етіп келемін. Және мақсатыма да ақырындап қолжеткізіп келе жатырмын деп ойлаймын. Қазір біздің жалындап жанатын, Отанымызға адал еңбек етіп, еліміздің дамуына ат салысатын кезіміз. Ол үшін бар жағдай жасалған.

Мәселен, жастар кадрлық резерві қарқынды дамып, көзқарасыңды нық қалыптастырып, саяси біліміңді тереңдететін ең маңызды мүмкіндік екені рас. Бұдан өзге «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы республикадағы ең талантты, дарынды, қатарынан оза шапқан жастарды ел танып, әрі қарай жаңа белестерге жол ашатын үздік бастама. Сондықтан кәсібімді дамытамын, бір мансапқа қол жеткіземін, оқимын, дамимын деген жастарға қолдау қай кезде де бар.

еңбек

Өңіріміз Ақмола облысында да жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Ақмола облысында 153 мыңнан астам жас бар. Оның ішінде қала жастары – 45 %, ауыл жастары – 55 % құрайды. Облыстың қалалары мен аудандарында «Жас Отан» партиясы Жастар қанатының филиалдары өте белсенді жұмыс істеп, жастар ресурстық орталықтары мен жастар бірлестігі жоспарға сай қызметін жүзеге асырып келеді.

Осы орайда Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жастар саясатына басым мән беріп, облыстың барша жасын қолдап, мәселелерін шешуге тікелей ат салысуда. Айталық, осы жылы «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы Саяси кеңес бюросының кезекті отырысында 2025 жылға дейін «Жас Отан» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының «Жастар – Отанға!»   бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасын бекіту туралы мәселе Ақмола облысы әкімінің қатысуымен қаралды. Ермек Маржықпаев отырыс барысында облыстағы жастар саясатына ерекше назар аударып, олардың жетік те сапалы білім алып, дамуларында қандай мәселелер барын, әлеуметтік мәселелер жайын, қоғаммен қарым-қатынасын, дарынды жастарды қолдау мәселелерін қаузап, «Жастар Отанға!» бағдарламасы 2025 жылға дейін жастардың дамып, өркендеуіне жаңа нұсқаулық болатынын тілге тиек етті. Иә, «Жастар Отанға!» сынды бағдарламалардың жасақталып, жүзеге асуы біз сияқты жас өрендердің әрі қарайғы жолына шамшырақ іспетті. Және мұндай бағдарламалар облыс әкімі, аудан әкімдері және ауыл әкімдерінің тарапынан қолдау тауып отырғаны жастарға үлкен серпіліс сыйлайды.

Алда еліміз үшін ең атаулы тарихи күн тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Біз тәуелсіздіктің құрдастары, менің замандастарым тыныш, бейбіт заманда дүниеге келдік. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жариялаған жолдауында «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз.

Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда», деді. Сондай-ақ қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында бес негізгі бағыт-бағдарды атап өтті. Бұл аталған бағыт-бағдарлардың жүзеге асуы үшін ел азаматтары аянбай еңбек ететініміз рас. Себебі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз».

Тәуелсіздіктің отыз жылы бізге көп дүние берді, әр жыл, әр жаңа саяси бастама үлкен тәжірибе. Жетістікке де жеттік, кемшілік те болды. Бірақ оның бәрі ең бастысы біздің бір орында тұрақтамай, бабымен дамып келе жатқанымызды білдіреді. Алдағы мақсатымызға жетіп, тұрақты даму жолынан таймау үшін президентіміз жыл сайын жолдау жариялап, алдағы бағытымызды айқындап отырады. Әрине, кез келген істе жауапкершілік танытып, абыроймен істеу бұл әуелі Отан алдындағы міндет, борыш екенін барша ел азаматы ұғынады деп білемін.

«Жас келсе іске» деген әдемі сөз бар. Біздің кез келген ой-арманымыз, мүддеміз тек өзімізге ғана бағытталса, оның жолайрығы қалай боларын білмейміз, себебі «менді» ғана көздеген мақсат әрдайым шыңға шығара бермейді. Ал ата-бабаларымыз жүріп өткен сара жолмен Отан үшін аянбай қызмет етсек, тарих жады да бізді ұмытпайтыны хақ. Еңбектің аты еңбек. Жастардың еңбек майданында шынығып, кемелдену кезеңіне өтіп, әрі қарай салауатты да салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, берекеде де, сынақта да елімен бірге болуы азаматтық парыз. Осы азаматтық парызды абыроймен алып шығу өзімнің де мақсатым. «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалаң» деп Абай атамыз жырлағандай ақжарма ниетіміз тек жақсылыққа жетелейді деп сенеміз.

еңбек

Жасқанат Дүйсенов

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4 / 5. Бағалар саны: 4

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button