«Талып қалғаным жоқ». Екпеден кейін құлап қалған мейірбике бейнеүндеу жасады
Талдықорғанда вакцина салдырғаннан кейін құлап қалған мейірбике видеоүндеу жолдады.
«Облыстық аурухананың инфекциялық бөлімінің медбикесімін. Кеше №2 емханаға COVID -19-ға қарсы вакцина алуға бардық. Вакцина алар алдында уайымдағаннан кейін жүрегімнің соғысы қатты болып, сол жерде маған алғашқы көмек көрсетілді. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жағдайым жақсарып үйге қайттым. Ал Instagram-желісінде мені «сол жерде талып қалыпты», мені «жансақтау бөліміне алып кетіпті» деген ақпараттың бәрі жалған екендігін айтқым келеді», – деді мейірбике.
Бейнеүндеуде мейірбике қазіргі уақытта өзінің жұмыста отырғанын және өзін жақсы сезініп отырғанын айтты.
Еске сала кетейік, кеше 3 ақпан күні Талдықорғанда мейірбике ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырғаннан кейін есінен танып қалған болатын.
Кейіннен Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният талдықорғандық мейірбикенің вакцина салдырғаннан кейін құлап қалуы «вакцинаның әсерінен емес» деп мәлімдеме жасады.