Тарих

Момышұлын жоқтап жылаған украин жігіт білесіз бе?

Мен ойланып қала бардым.

Бірде еркін күрестен жаттықтырушы Амангелді Мұсабеков ағаммен сұқбат құрдым. Содан Бауыржан Момышұлы жайлы тақырыпқа көшіп кетіппіз.
Ағам айтады, бір әскери бапкер украин досым болған, қазір ол Ресейде тұрады, сол жаққа көшіп кетті. (Вычеслав Клецко) сол бірде көзіне жас алып, кәдімгідей босап тұр екен.
Негізі өзі өзіміздің Өскеменнің жігіті. «Динамо» клубының балуаны, шені бар офицері. Сол еңгезердей болып егіліп тұр…
Ерге жараспайтын қылық болған соң, ең жақын адамынан айырылды ма деп, жанына таяп сұраймыз ғой, сонда ол «Мой отец умер. . . » деп екі иығы селкілдеп жылай береді.
Біз оны сабырға көндіре алмай әлекпіз. Және оның әкесі жоғын білетінбіз. Соны түсінген ол ақыры жылап тұрып: «Өмірден Бауыржан Момышұлы өтіпті… соны естіп…» деп одан сайын егілсін. Бізге де бұл қатты әсер етті.
Бірақ орыс жігітінің Бауыржанды жоқтап жылауы бізге біртүрлі қызық көрінді. Содан біз сұрап қоймағасын ол мұның себебін айтты.
Ол бірде өзіміздің Сарағашта демалады. Бір күні ойында ештеңе жоқ, үстінде сардар киімі бар, шекірейіп кетіп бара жатады ғой.
Әудем жерде бір қарияның отырғанын көз қиығымен аңдайды, бірақ тас жолмен тура жүре береді. Кенет сондай зор дауыспен біреу ту сыртынан айқай салыпты: «Жолдас, лейтенант, сен не гвардия полковнигіне сәлем бермей, қалай ғана өтіп бара жатсың?» деп.
Бұл төбесінен білеумен ұрып жібергендей тоқтай қалыпты, өне-бойы шымырлап, арқасын аяз қарығандай әуре-сарсаң күй кешеді.
Шұғыл артына бұрылып, дауыс шыққан жаққа жетіп барады. «Мен Бауыржан Момышұлымын!» дегенде мұрты селтиген, қолында таяғы бар қария сондай құдіреттеніп, дауысы командирский болып, еңсесін басып бара жатады.
“Жолдас лейтенант, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының алдынан бұлай өтуге болады ма, а ну ка кругом, шагом марш!» деп бұйырыпты.
Содан орыс офицері келген жағына барып, кітапханадан «как положено» шығып, тас жолды тақылдата басып, қаздиып, сыптай болып, Баукеңе сәлем етіп, өте береді.
«Отставить!» деп, оны солай он бес қайтара жүргізіп, сілелетіпті. Сосын қасына шақырып алып: «Мен гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлымын, ал жаңа менің орынмда жай бір ақсақал отырса, сен не осы бетіңмен емпеңдеп өте бермекшісің бе, ә!
Үлкенге ізет деген қайда? Сен өзің неғылған сардарсың түкті де білмейтін?
Әскерді, әскери киімді текке қор етіп жүрген жүрісің мынау!» деп қатты-қатты айтып, сосын «Ертең таңғы сағат алтыда бильиярд залына кел! Күнде сол арадан алтыда табылатын бол!» деп әмір етіпті. Содан Баукеңнің сөзін бұлжытпай орындапты.
Тәубесіне түсіп, адами қалпына келіпті. Енді міне, батырдан айырылып қалдық деп егіліп тұрғаны…
Еркін күрестен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков аға көп нәрсені білетін, көкірек көзі сырға толы айрықша жан екенін маған тағы дәлелдеп, «Асықпай тағы да әңгімелесерміз» деп, көлігіне от алдырып, ұзай берді. Мен ойланып қала бардым.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4 / 5. Бағалар саны: 7

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.