Бірде Бауыржан Момышұлы мен белгілі ақын Қалижан Бекқожин екеуі қатты ренжісіп қалыпты. Көпке дейін бір-бірімен сәлемдеспей, сөйлеспей жүріпті.
Бір күні Жазушылар Одағында үлкен жиын болатын болып, жиналысқа келген ақын-жазушылар бір қатарда отырыпты. Жиынның басталар алдында залға Бауыржан Момышұлы кіреді.
Әдеттегідей ол кісі келсе жұрттың назары сол кісіге ауады ғой. Залдың орта тұсында ақын-жазушылар отырған қатарға жақын келіп, бір студентке;
– Мен кіммін?- деп, дауыстап сұрапты.
– Сіз Бауыржан Момышұлысыз,- деп жауап беріпті студент.
– Дұрыс айтпадың, мен кіммін?- деп, қайталап сұрапты.
– Сіз қазақтың аты аңызға айналған батыры, жазушысы Бауыржан Момышұлысыз,- деген судентке қарап дауыстап;
– Жооқ, сен дұрыс айтпадың, мен қазақтың атақты ақыны Қалижан Бекқожинның ағасымын, – деген екен.
Сол кезде Қалижан Бекқожин орнынан ұшып тұрып,
– Ой, аға, айып меннен, мені кешіріңіз,- деп, құшағын жая ұмтылған екен. Сөйтіп, Бауыржан Момышұлы мен Қалижан Бекқожин екеуі құшақтасып, төс түйістіріп, қайта табысып, татуласыпты…
Қазақ Елі
