Тарих

Шын оқиға: бет-жүзін жүн басқан әйел тағдыры

Мексикада Хулия Пастрана есімді «ерекше» әйел болған. Ерекше дейтін себебіміз – әйел бола тұра үстін жүн мен қыл басқан, бет-жүзіне дейін мұрт пен жүн шыққан ұсқынсыз болғаны, деп newsroom.kz жазады massaget.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

Небары 25-26 жыл өмір сүрген. Бірақ бұл адамның тағдыры біраз адамға үлгі боларлық, сабақ берер екен. Оның себебі неде, соны қарастырып көрелік.

Хулия Пастрана ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген. 1834 жылы туған. Үнді тайпасынан шыққан. 1860 жылы Мәскеуде қайтыс болған. Содан 153 жылдан кейін 2013 жылы ғана сүйегі Мексикаға жеткізіліп сонда жерленді.

Хулия дүниеге келген сәттен кейіпі сондай болған деседі. Жүн басып туған. Есейгеннен кейін де өзгермеді. Тіпті ұсқынсыз боп кеткен көрінеді. Әйелдің әдемілігінен сау тамдық жоқ: бет-жүзі маймылдікі сияқты сиықсыз, тісі қисық, бойы қысқа (небары 140 см), үсті-басын жүн басқан.

Адам маймылдан жаратылған деген идеяны айтқан Чарльз Дарвиннің өзі бұл әйелді көргенде таңқалған деседі. «Хулия Пастрана есімді испан бишісін көрдім. Тамаша билейді. Бірақ түрі сондай қорқынышты. Бет-жүзін еркектің сақалы жапқан, маңдайын жүн басып кеткен. Тісі ол қисық, екі қатарға өскен. …Бірақ сондай ұсқынсыз болса да, сондай әдемі, баурап алар қасиеті бар» деп сипаттапты Дарвин мырза.

Маймыл-әйелдің жастық шағы, ержеткен кезі жайлы мәлімет өте аз. Тек 1854 жылға дейін Мексиканың бір ауқатты жанұясында тазалаушы боп жұмыс істегені белгілі. Сол жылы оны АҚШ-тың М.Райтс есімді азаматы көріп, «мұнымен көп ақша табуға болады ғой» деп әйелге «Америкаға барайық, циркте жұмыс істе, көп табысқа кенелесің, гастроль жасайсың» деп ұсыныс айтады. АҚШ-қа барғанда оны біртүрлі, ұсқынсыз адамдардың шоуын өткізетін Теодор Пост есімді алыпсатар сатып алады.

Бір деректе Теодор Посттың тіпті Хулияны кішкентай қыз кезінде 10 жасында сатып алғаны, кейін оған ән айтып, би билеуді, ағылшын-испанша сөйлеп жазуды үйреткен деседі. Сосын қыз әбден жетіліп, «Мұртты Әйел» атпен әлемдік турнеге шыққан көрінеді.

«Түрі жаманның» табысы да «жаман»

Ол заманда «түрі жоқ, түрі жаман» адамдардың табыс табуға мүмкіндігі көп болған. Сондай шоулар ұйымдастырылатын. Түрі нашар тірі «экспанатты» көру көптің арманы болса керек. Шоуға кезекке қалың-тұғын. Хулияның «түрі жаман» болса да, әртістік қабілеті жақсы еді: жақсы билейді, жақсы иіліп-созылады. Осының бәрі елге ұнаған көрінеді.

Ең бірінші Нью-Йоркте сахнаға шығады. Турне әп дегенде табысқа кенеледі. Кейін АҚШ-та үлкен гастроль бастайды. Америка газеттері оны «әйел-бабуин», «жартылай әйел, жартылай маймыл», «жатғаламшарлық» деп түрлі лақап ат қояды. Мұның бәрі оған жарнама болғаны анық.

Хулияның атағы Американы шарлайды. Өте атақты адамға айналады. Атағы мұхиттың арғы жағына тарап, Еуропаға да жетеді. Мұндай атақ пен табысқа кенелері әйелдің үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Салтанатты балға, әскери шеруге қатысқан. Жігіттер онымен билеу үшін кезекте тұрған.

Маймыл-әйелдің атақты болғаны сонша – оның жүн басқан бет-жүзі адамды шошытудың орнына керісінше өзіне тартып, оған ғашық болғандар көбейген деседі. Әсіресе, жас жігіттер қатты ынтыққан.

Жеке өмірі

Хулиямен көңіл жарастырғысы келгендер көп болған. Сөз салғандар көп деседі. Бірақ нәзік жанды бірде-біріне келіспеген. Сөзін алмаған. Басты себеп – жігіттердің қалтасы қалың емес. Қыздың өзі өте табысты болғаны белгілі. Сондықтан альфонс-жігіттерден барынша қашық жүруге тырысқан. Ондайға жолығып қалғанын қаламаған. Оның ақшасына қызығып, жүн-жүн тәніне көз жұма қарағанын қаламаған.

Бірақ «артынан жүгіріп жүргендердің» бірі – Теодор Лент есімді антрепренер (жеке меншік театрды ұйымдастыратын адам) Хулияның көңілінен шығып, тұрмысқа шығуға келісім береді. Екеуі әріптес еді. 1957 жылы неке құрады.

Бірақ Теодор әйелдің өзі армандағанындай адам боп шықпаса керек. Оған тек атақты әйелдің ақшасы ғана қажет болған. Әрі Хулияның образымен одан әрі табыс табуды ғана көздеген. Қыздың өзін жақсы көрмеген сыңайлы. Бұған оның кейінгі істері дәлел. Бір гастрольде тіпті Хулияның «анасы орманда адасып кетіп, маймылмен, аюмен жыныстық қатынасқа түскен, содан туған бала бұл» деп жарнамалаған.  

Гастроль

Жас жанұя көп гастроль жасаған. Тіпті, Еуропаға да келді. Одан өтіп 1859 жылы Ресейге ат басын тіреген екен. Жәрмеңкеде шоу ұйымдастырады. Жарнаманың анонсында Хулияны Юлия деп таныстырып, маймыл мен адамнан туған қыз деп дабырайтып жарнама жазған. Шоуға кіру құны 1 сом, 50 тиын деп көрсетеді. Балаларға билеттің жарты құны.

Жергілікті газеттің бірінде тіпті «маймыл-әйел өзіне жар іздеп жүр» деп те жазып жіберген. Пастрананың күйеуі бар екенін әдейі айтпаған.

Шоуға императордың өзі бас сұққан деседі.

Өлімі

Юлия 1960 жылы балалы болады. Ресейде жүрген кезінде. Мәскеуде босанады. Баласы да өзіне ұқсап туған көрінеді. Бірақ 3 күнге жетпей шетінеп кетеді. Босанғаннан кейін жағдайы нашарлап, 5 күннен кейін Юлияның өзі қайтыс болады. 26 жасында.  

Күйеудің ниеті

Әйелінің өліміне Теодор Лент қатты ашуланған көрінеді. Өйткені ойлаған ойы, жоспары күл талқан болды. Табыс табамын деген ойы орындалмады.

Содан бұдан қалайда пайда тапқысы келген Лент өлген әйелдің мәйітін мумиялап, содан ақша «жасауды» ойлайды. Мәскеу профессоры Иван Соколовпен келісіп әйелдің және баланың мәйітін мумиялатқан. Ғалым мен Лент келіспей қалады. Соколов мумияны музейге өткізгісі келсе, Лент оны ары қарай гастрольдік сапарға шығарып пайда көргісі келеді.

Екеуі соттасып, некелі жар Лент жеңіп шығады. Мәйітті коммерциялық мақсатта қолданады. Алайда уақыт өте келе маймыл-әйелдің ғұмыры ешкімге қызық болмай қалады. Содан музейге апарып тапсырады.

Теодор екінші рет үйленген. Бұл жолы да мұртты қызға үйленеді. Оны Теодор «маймыл-әйелдің сіңлісі» деп жарнамалап, музейге өткізген бұрынғы әйелі мен баланың чучеласын алып, тағы гастрольдік сапарға шыққан екен.

Бірақ сараңдық пен пайдакүнемдік еркектің түбіне жетіп тынды. 1880 жылы Санкт-Петербургте психатрия ауруханасына түсіп, қайтыс болады. Бүкіл дәулеті екінші әйеліне мұра боп қалады.

Әйелі мумияны алып Германияға барады. Көрмеге қоюға тырысады. Бірақ түк те пайда әкелмейді. Содан жалға алған залдың иесіне сатып кетеді.

Оралу

Мумияны сол күйі бәрі ұмытып кетеді. 1990 жылы Осло қаласынан табылады. Сот медицина институтының ғимаратынан. Швед ғалымдары идентификация жасап, Осло Университетінің анатомия кафедрасына табытқа салып сақтауға қояды.

2012 жылы Мексика мен Швеция өкілдері келіссөз жүргізіп, мумияны туған жеріне қайтару мәселесі қозғалады. Тараптар келіседі. 2013 жылы Мексикаға жеткізіліп туған жерінде жерленеді.

Хулия өмірде әдемі болмаса да, жерлеуі әдемі салтанатпен өткен екен. Жан-жағына аппақ гүлдер қойылып, аппақ табытқа сап жерленеді.

Фото: bigpicture.ru

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.