Тарих

101 өзбектің аянышты тағдыры қалай өрбіді?

3
(8)
Соғыс кезінде немістер бір топ өзбекстандық солдатты Голлландияға алып келеді де, сондағы «Амерсфорт» дейтін концлагерге әкеп қамайды.
Бұлар Сталинградтың түбінде соңғы оғы қалғанша соғысып, тұтқынға түскен өзбектер (ішінде қазақтар да бар шығар) деген ықтимал бар.
Айдаладағы меңіреу орманда аштықтан бұратылып, кері шегініп бара жатқанда, бәрі бірдей қоршауға түсіп қалады. Голландияға алып келгенде, жергілікті тұрғындар олардың орыстарға ұқсамайтын өзгеше халық екенін байқайды.
Өзбектерді басқалар сияқты баракқа емес, ашық жердегі тікенекті сымтемірмен қоршалған жерге әкеп жатқызыпты. Тұтқындарды үнемі ашқұрсақ ұстап, ауыр жұмысқа салады. Басқа тұтқындар бұларды неге өздерінен сонша бөлектеп ұстайтынын, неге сонша мал секілді қарайтынын түсінбейтін.
Нацистердің оларды «untermenschen» (недочеловеки) дейтінін қайдан білсін! Біраз күннен кейін Германиядан бір топ жоғарғы шенділер, кинооператорлар мен режиссерлер келеді. Лагердегі өзбектерді сапқа тұрғызып қояды.
Олардың алдында жіптіктей болып, өздерін жоғарғы нәсіл – арийліктер санайтын немістің бойшаң офицерлері арлы-берлі ойқастап жүрді. Олар күнге күйіп, әбден жүдеп-жадап қарайып кеткен тұтқындардың қасында өзгеше, журналдың бетіндегі модельдер сияқты соншалықты салтанатты болып көрінетін. Бір уақытта жаңағы жерге нан тиеген мәшинені алып келеді.
Жаңа піскен нанның иісінің төңіректі түгел алып кеткені соншалық, тұтқындарды былай қойып, неміс офицерлерінің өзінің де сілекейі шұбырып кетеді. Осы кезде тұтқындардың арасына нанды лақтырып жіберіп, олардың сол нанға таласып жатқан сәтін кинокамераға түсіріп алмақшы болады.
Сосын оны неміс солдаттарына көрсетіп: «Мынандай малдан бетер халықты аяушы болмаңдар!» деп айтқысы келеді.
Нанды лақтырып кеп жібереді. Тұтқындардың арасынан ең жастауы келіп нанды көтеріп алады. Бәрі тып-тыныш болып қалады. Немістер оларды нанға таласып, бір-бірімен қырылысатын шығар деп тағатсыздана күтіп тұрады.
Жаңағы жігіт нанды араларындағы ең үлкенінің қолына апарып береді де, өзбектер малдас құрып отыра қалады. Нанды әрқайсысы еппен үзіп алып, келесі адамға береді. Әрқайсысы әлгі нанды алақанына аялап салып, «Хұдоға шүкір!» деп барып жепті.
Немістер не істерін білмей, қатты абдырап қалады. Бір дерекке қарағанда, осы тарихи сәтке куә болу үшін сонау Германиядан Геббельстің өзі де арнайы келген екен сол кезде.
Олар өзбектерді малдан төмен қылып бейнелеп, өздерінің қандай мәдениетті халық екенін көрсетпек болған ғой. Бірақ арам ойлары іске аспай қалады да, Орта Азиядан келгендер өздерінің мәдениеті қандай деңгейде екенін нацистерге дәлелдеп беріпті.
Кейін ол тұтқындарды соққыға жығып, сол маңдағы бір жерге апарып атып тастапты. Голландиялықтар марқұмдардың басына жылда барып, құрметпен гүл қойып кетеді екен……….
Қазақ Елі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3 / 5. Бағалар саны: 8

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button