Тарих

Қыпшақ мәмлүктері армяндармен қалай шайқасты?

1266 жылы Сұлтан Бейбарыс бастаған мәмлүктер Киликияға шабуыл жасап, армян патшасы Хетум I-нің  ұлы, тақмұрагері Левон III-ні тұтқынға түсіргенін білеміз.

Сонымен қатар Хетум I-нің  екінші ұлы Торос қан майданда қаза табады. Кейін армян патшасы Сұлтан Бейбарыс алдында тізе бүгіп, ұлы Левонды тұтқыннан босатуды сұрайды. Сұлтан Бейбарыс оның өтінішін қанағаттандырады. Сонымен қатар Киликияға айыппұл салады.

Таулы Киликия Армения патшалығы мәмлүктермен шайқаста христиан діні бір Еуропалық Кресшілер мен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын моңғолдардың одақтастары болған. 1260 жылы Хулагу бастаған моңғол шапқыншылары Киликия Армения патшасы Хетум I және оның күйеу баласы Ливандағы Триполи князі Боэмунд VI-мен бірлесіп, Алеппоны, сосын Дамаскіні басып алғанын да тарихтан білеміз. Әмір Қалауын Киликия Армения патшалығынан тұрақты түрде салық жинап отырған.

1291 жылы Қалауынның ұлы Сұлтан әл-Ашраф Шам елінің жағалауын кресшілерден азат еткенде, тамплиер-рыцарьлар Дамаск шаһарынан 220 шақырым, қазіргі Ливаннан 25 шақырым жердегі Тартус аймағындағы Аруад аралында бас сауғалап, кейін мұсылмандардың кемелеріне қарақшылық жасап отырған.

Газан хан кейін Құтлы-шах бастаған Елхан мемлекетінің моңғолдары Шам елін басып алмақшы болғанда, Аруад аралында тығылып отырған рыцарьлар Кипрден келген кресшілермен бас қосып, мәмлүктерден өштерін алмақшы болады. Жан-жақтан тыңшылары арқылы хабар алып отырған Сұлтан ан-Насыр Әмір Гардашты барлауға жібереді. Кейін Әмір Бектас бастаған қыпшақ мәмлүктері кресшілердің бекінісін күл-талқанын шығарады. Қашып құтылған кресшілер Кипрге таяды. Сонымен қатар мәмлүктер Жерорта теңізінің солтүстік-шығысында жатқан Таулы Киликия Армения патшалығының астанасы Сис қаласын басып алады.

Осылайша, Мысыр мен Шам елінің Билеушісі Сұлтан ан-Насыр кресшілер-армяндар-моңғолдар одағын ыдыратады. Ислам тарихында қыпшақ мәмлүктерінің бұл жеңісі алтын әріппен жазылады.

«Насыр ад-Дин» («Ислам дінінің Жеңімпазы») деген лақап аты мен Мұхаммед деп азан шақырып қойған есімі бар 18 жасар жігіт Сұлтан ан-Насыр мен қыпшақ мәмлүктері соғыс аяқталғаннан кейін Рамазан айы кезінде ұстамаған оразаларын өтеу үшін әскери киімдерін ихрамға ауыстырып, қасиетті Меккеге қажылыққа аттанады.

Кезінде Сұлтан Қалауынның ұлы  әл-Ашраф Салах ад-Дин Халил інісі ан-Насырды қалай жақсы көрсе, Каирге қайтып оралған Сұлтан ан-Насыр ағасының екі қызын сондай жақсы көреді. Есейген Сұлтан ан-Насыр «Сұлтанның Бірінші жары, яғни «Құнт» атанған жеңгесі Ертуған ханымға көзі түсіп ғашық болып қалады. Жас айырмашылығына қарамастан, Сұлтан ан-Насыр қыпшақтардың әмеңгерлік салтын сақтап, марқұм ағасының жесірі Ертуған ханымға үйленеді. Құнт Ертуған ханым Сұлтан ан-Насырға ұл тауып береді. Оның есімін Әли деп қояды.

 

Қайрат Лама ШАРИФ,

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3 / 5. Бағалар саны: 4

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.