Сұхбат

Қытаймен ынтымақтастық қаншалықты тиімді?

Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа құрлықтық бағыты бойынша теміржол контейнерлерінің 70%-ға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

Бүгінде бүкіл әлем 1,4 миллиард тұтынушысы бар, төлем қабілеті мен тұтыну деңгейі жоғары Қытай нарығына қызығушылықпен қарап отыр.

ХХІ ғасыр бірнеше ғасыр бұрын Еуропа мен Азияның нарығын байланыстырған Жібек жолының заманауи қайта жаңғыру кезеңі болды. Азия мен Еуропа арасындағы сауданың қарқынды дамуы нәтижесінде экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Бүгінде бүкіл әлем 1,4 миллиард тұтынушысы бар, төлем қабілеті мен тұтыну деңгейі жоғары Қытай нарығына қызығушылықпен қарап отыр. Осы орайда Қазақстанның Еуразияның құрлықтағы көлiк дәлiзiн құрып, Қытайдың үлкен нарығына еніп, отандық өндірушілердің мүддесіне сай өз тауарларын экспорттауға тамаша мүмкіндігі бар. Аталған мәселелер туралы Қазақстандағы Қытайды зерттеу Орталығының сарапшысы Әнуар Балтабаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Әнуар, ҚХР-мен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас бізге не береді?

– Пандемия және онымен күреске бағытталған шаралар жаһандану процесін тоқтатып, әлемдік шаруашылық құрылысының құрылымын айтарлықтай өзгертті. Қазір ең өзекті мәселе – дағдарыс салдарын еңсеру және экономиканы қалпына келтіре отырып, жаңаша даму жолына шығу. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын.

Осы орайда бізге ҚХР-ның пандемияны жеңу жолындағы тәжірибесін зерттеу маңызды. Сонымен қатар, кедейлікті жою, әлеуметтік-экономикалық реформалар мен инновациялық дамуды жүргізу бойынша тәжірибесі де бізге тығырықтан шығуға көмектесе алады.

Сондай-ақ, пандемиядан кейінгі кезеңдегі стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары туралы да ойланатын кез жетті.

Пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстан үшін Қытаймен стратегиялық ынтымақтастықтың бірнеше бағыты өзекті болып қала бермек. Олар коронавирустың салдарымен күрес, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайту, Еуразиялық экономикалық одақтың Жібек жолының Экономикалық белдеуімен түйіндесуіне жәрдемдесу, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті бірлесіп қамтамасыз ету.

Осы орайда стратегиялық ынтымақтастықтың кейбір тармақтарына толығырақ тоқталып өтуді жөн көріп отырмын.

2020 жылы коронавирус індеті бүкіл әлемге тез таралып жатқан тұста Қазақстан мен Қытай бір-біріне көмек қолын созды. ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Қазақстан Қытай халқына алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткенін және Қытайдың Қазақстан халқына көмектесу кезегі келгенін бірнеше рет атап өткен болатын.

2021 жылғы 1 маусымда Қытайдан «CoronaVac» вакцинасының алғашқы партиясы – жарты миллион доза жеткізілді. Бұл ретте көрші елден келген көмек тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін жекелеген қытай компаниялардан да келіп түсті.

Визит Нурсултана Назарбаева в Китай прокомментировал эксперт

Қытай Қазақстанға вакцинадан бөлек нақты тағы қандай көмек көрсетті?

– Былтыр сәуірде індеттің үдеген ең қиын уақытында Қытайдан 15 инфекционист-дәрігер ұшып келіп, еліміздің бірнеше қаласында үш апта бойы көмек көрсетті. Олар жетекші медициналық жоғары оқу орындарында, инфекциялық және көпбейінді ауруханаларда, емханаларда өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, біздің елімізге жіберілген гуманитарлық көмектің 80%-ы Қытайдың үлесіне тиесілі.

Қытайдан Қазақстанға және Орталық Азия елдеріне өзара гуманитарлық көмек көрсету және эпидемиолог-мамандарды жіберу өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға біршама көмектесті.

Қытай коронавирус індетімен күресте әлемнің көптеген елдеріне көмек қолын созып отыр. ҚХР дамушы елдерге көмек көрсету және әлеуметтік-экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін арнайы 2 миллиард доллар қаржы бөлді. Нәтижесінде 150-ден астам елге және 13 халықаралық ұйымға материалдық көмек көрсетті.

2021 жылғы 21 мамырдағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау жөніндегі жаһандық саммитте Си Цзиньпин алдағы 3 жылда Қытай дамушы елдердегі пандемиядан арылу және олардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қалпына келтіру үшін қосымша тағы 3 миллиард доллар бөлетінін жеткізді.

Пандемияға және оның азаматтарымыздың денсаулығына, сондай-ақ еліміздің экономикасына әсеріне қарсы күрестің ұзақ болатыны қазірден-ақ түсінікті. Сондықтан ДДСҰ қамқорлығымен эпидемиологиялық ауруларды және биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін Қазақстанда құру туралы бастама өзекті болып отыр.

Биологиялық терроризм қаупіне байланысты қорқыныштар ерекше алаңдаушылық тудыратыны жасырын емес. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынуы кездейсоқтық емес.

Бүгінде көршілес екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс қалай дамып жатыр?

– Жалпы, Қытай Қазақстан үшін негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. 2020 жылы Қытаймен сауда айналымының үлесі біздің жалпы саудамыздың 18,1%-ын құрады. Бұл ретте Қытайға экспорт көлемі – 9 млрд доллар, ал импорт – 6,4 млрд доллар.

Қытай Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді (Қазақстандағы инвестицияның жалпы көлемінің 4,7%-ы). Қытайдың Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларының (ТШИ) жалпы көлемі 2005 жылдан 2020 жылға дейін 19,2 млрд доллардан асты. 2020 жылы Қытайдан Қазақстанның қаржылық емес секторына 600 млн-ға жуық инвестиция құйылған. Ал Қазақстаннан Қытайға 667,2 млн-ға жуық инвестиция тартылған.

Индустрияландыру саласы бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, ҚХР мен Қазақстан арасындағы екіжақты индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында бізде 24,5 млрд доллар көлемінде 56 заманауи өнеркәсіптік кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Жалпы Қазақстанда бүгінде барлығы 700-ден астам бірлескен Қазақстан-Қытай кәсіпорыны жұмыс істейді.

Биылғы жылдың сәуір айында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ҚХР Сауда министрі Ван Вэньтао екі ел арасындағы сауда-экономикалық дамудың  мүмкіндіктерін онлайн-режимде талқылады. Сол кезде екі жақты сауда жүйесінде электрондық коммерцияны дамыту қажеттілігіне баса назар аударылды. Әсіресе пандемия мен карантин кезінде ақпараттық технологиялар дамып, интернет коммерциялық мақсатта белсенді қолданылып отыр. Осы орайда цифрлық технологиялар негізінде «Цифрлық Жібек жолын» құрудағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше екенін атап өтуіміз керек.

Онлайн-кездесу нәтижесінде Министрлер электрондық сауда саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Қазір еліміздің Сауда және интеграция министрлігі Цайняо логистикалық операторымен қолданыстағы дамыту және жаңа логистикалық қызмет көрсетуді құру бойынша келіссөздер жүргізуде. Соның ішінде Қытайдан Қазақстанға жер үсті көлігімен магистральды тасымалдарды іске қосу мәселелері де талқыланып жатыр.

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев провел переговоры с Председателем  КНР Си Цзиньпином — Официальный сайт Президента Республики Казахстан

Сондай-ақ өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы үлкен маңызға ие болып отыр.

– Біз өңірлік байланыстарды дамыту мақсатында кәсіпкерлерге арналған тұрақты бірлескен өңірлік форумдар өткізуді ұсындық. Соның ішінде «Қорғас» ШЫХО аумағында жұмыс істейтіндер де бар. Қазақстандық кәсіпкерлер ақпараттық деректерді бірлесіп пайдалану туралы мәселені шешуді, сондай-ақ «Қорғас» ШЫХО бірыңғай деректер банкінің тұжырымдамасын дайындауды ұсынып отыр.

ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау сауданың келешек бағыты болуы мүмкін. Мұнда азық-түлік нарығының жылдық көлемі бір жарым триллион доллар. Қазір Қытай көптеген азық-түлік түрлерін (ет, сүт, жеміс) басқа елдерден сатып алады. Елдегі халық саны өсті, өмір сүру деңгейі жоғарылады, мұның бәрі азық-түлікке, оның ішінде экологиялық таза өнімдерге сұраныстың артуына әкеліп отыр. Бұл біздің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне Қытай нарығына шығуға және орнығуға тамаша мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 600-ге жуық отандық бидай, сиыр еті, шошқа еті, соя, бал, балық, рапс, жоңышқа, жүгері, ұн және ұн өнімдерін өндірушілер өз тауарларын Қытайға экспорттауға рұқсат алды.

Келесі маңызды бағыттың бірі көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайту туралы айта кетсеңіз.

– Иә, бұл жерде біз үшін Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық жобасы және «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» мегажобасы ерекше қызығушылық тудырады.

Бүгінде «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бастамасы құрлық ауқымында туындайтын экономикалық сипаттағы сын-қатерлерге дәлме-дәл жауап болды. Бүгіннің өзінде бұл бастамаға 140 мемлекет пен 30-дан астам халықаралық ұйым қосылды. Қытай 8 жыл ішінде «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бойындағы елдерге 110 млрд доллар инвестиция салған, ал тауар айналымының көлемі шамамен 8 трлн доллар.

Бізде теңіз сауда жолдарына тікелей шығу мүмкіндігі жоқ, ал Қытай теңіз тасымалына жол ашады. Бұл өз кезегінде еуропалық және азиялық нарықта тауарларымыздың көлемінің ұлғаюына жағдай жасайды. Сондай-ақ, бұл бізге экономикалық өсу мен әлеуметтік даму үшін қосымша қолайлы жағдайлар туғызады. Сонымен қатар біздің аумақ арқылы тауарларды тасымалдау үшін кедендік баж салығы бюджетіміздің қалтасын қампайтатынын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан да біз осы және өзге де инфрақұрылымдық және логистикалық жобалардың табысты болуына мүдделіміз.

Өз кезегінде Қазақстан арқылы өтетін Жібек жолының Экономикалық белдеуі Бейжің үшін өзіндік «алтын қақпа». Гипотетикалық тұрғыдан алғанда, АҚШ кез келген уақытта Қытай порттарының теңіз жолдарын бұғаттай алады. Өйткені АҚШ бірден үш мұхитта – Атлант, Үнді және Тынық мұхитында әскери артықшылыққа ие.

Ал Қазақстан арқылы өтетін жолды АҚШ қарулы күштері бақыламайды және Қытайға мүлдем қауіпсіз. Егер жүк теңіз арқылы Қытайдан Германияға шамамен 40 тәулік тасымалданса, Қазақстан арқылы темір жолмен – 16-18 тәулікте жетеді. 2020 жылы жүк пойыздары Қытай – Еуропа бағыты бойынша 12,4 мың рейс жасаған. Нәтижесінде 20 млн тоннадан астам жүк тасымалданды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 50%-ға артық.

Қазақстан Жібек жолын дамыту арқылы Еуразияның көліктік дәлізі ретінде барған сайын нығайып келеді. Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа құрлықтық бағыты бойынша теміржол контейнерлерінің 70%-ға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Біздің еліміз Қытай жеткізушілерінің 50-ден астам еуропалық қалалармен сауда байланыстарын қамтамасыз етеді. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның экономикалық мүддесі үшін де дамуын жалғастыра береді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен Айдар ОСПАН

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.