Сұхбат

Қазақстан этносаралық татулық пен бірлікте өмір сүре алатынын дәлелдеді

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында ҚХА-ның белді мүшелерінің пікірлерін білдік.

Биыл еліміз егемендігінің отыз жылдығын атап өтіп жатыр.

Тарих толқыны ең басты әрі маңызды құндылық – халықтың бірлігі. Себебі бірлік мемлекет дамуының қозғаушы күші. Өздеріңіз білетіндей, республикамызда тұрақтылықты нығайтып, бейбітшілік пен келісімді сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі айрықша. Ассамблея құрылғалы елдегі этностардың рухани жаңғыруына және топтасуына ықпал ететін көпұлтты халықты шоғырландырудың нақты институтына айналып үлгерді.

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында ҚХА-ның белді мүшелерінің пікірлерін білдік.

Елдің еркіндігі жарқын болашағымызға даңғыл жол салды

Созақ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Созақ аудандық мәслихатының депутаты Базарбай Нұрланұлы Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі табысты іске асырылғанын айтты.

Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалардың асқақ арманын іске асырдық. Ел еркіндігіне – қастерлі Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанымыз демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты. Елде қазақстандық бірегейлік пен бірліктің барлық қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани негіздері қаланды. Тәуелсіздік алған кезден бастап Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет құру саясатын жүйелі түрде жүргізді. Бұл салиқалы саясатты қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұтымды түрде жүргізіп келеді. Этностық, тілдік, мәдени, діни әралуандылықты мойындау негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың азаматтық қағидаттары мықтап бекіген. Қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және қазақстандық патриотизм идеялары әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алған, – деді ол.

Айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі табысты іске асырылды. Оның авторы және архитекторы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.

Көпэтносты және көпконфессиялы қоғамды топтастыру үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясы институты ойдағыдай жұмыс істеп келеді. ҚХА – қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту ісінде басты рөл атқарады, қоғамда тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін конституциялық орган. 2007 жылдан бастап ҚХА Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне өз өкілдерін жібереді. Еліміздің 14 облысы мен астанасы, республикалық маңызы бар қалаларындағы Кіші Ассамблеялары қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылады. Ал аудандар мен қалаларда Қоғамдық келісім кеңестері құрылған. Тіпті ауылдық округтер мен кенттерде құрылған қоғамдық келісім кеңестері қоғам ісіне белсене араласады, – деп атап өтті Базарбай Нұрланұлы.

Базарбай Нұрланұлы осыжылдың басында ҚХА-ның Созақ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы болып сайланған.

Созақ ауданында 17 этнос мемлекет құрушы һәм мемлекет құраушы қазақ халқының айналасына топтасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Сонау Қоқан хандығының кезінде қоныстанған өзбек халқы қазақтармен құда-жегжат, нағашылы-жиен болып біте қайнасып кеткен. Тәуелсіздікті қастер тұтатын аудан халқы «Бір ел – бір тағдыр» қағидатын мықтап ұстанып, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау, мемлекетті одан әрі нығайту жолында бес саусақтың саласындай ажырағысыз. Елдің еркіндігі біздің жарқын болашағымызға даңғыл жол салды. Енді біз осы бабалар қанымен келген, аға буынның маңдай терімен орныққан Тәуелсіздікті қастерлеуіміз керек. Бабалар арманын, Елбасы ерлігі мен тәуелсіз Қазақстанның жасампаз халқының егемендікті нық орнықтырудағы жанқиярлық еңбегін ұрпаққа аманаттауға тиіспіз. Баршаңызды Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен, елдігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасасын! – деп сөзін қорытындылады ҚХА мүшесі

Түркістанның қайта түлеуі – Тәуелсіздіктің бір жемісі

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасарыГүлсара Тоққұлова мемлекеттік тіліміздің даму аясы кеңейіп, өркен жаюы Тәуелсіздігіміздің арқасы деген пікір білдірді.

16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толды. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігі аз емес. Елбасы жарлығымен Түркістан облысының қайта құрылып, рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесі берілуі – Тәуелсіздіктің бір жемісі. Жарлықтың жарық көргеніне үш жылдан аса ғана уақыт өтсе де, Түркістан ажарлы қалаға айналып келе жатыр. Қала келбетіне көрік қосатын ғимараттардың алғашқылары пайдалануға беріліп, өз жұмысын бастап кетті. Келесі жылы Түркістан қаласында Достық үйінің құрылысы басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі. Бұл да ақжолтай жаңалық, – деді сарапшы.

Фото: malim.kz

Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Облыстық ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 34 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдар ел бірлігін нығайту, ортақ мақсатқа біріктіру жолында жемісті жұмыс істеуде. Оның қатарында «Аналар кеңесі» де бар.

Тәуелсіздіктің тағы бір жетістігі – мемлекеттік тіліміздің даму аясы кеңейіпп, өркен жайып жатқандығы. Осы орайда, Түркістан облысында да қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келеді. Бұл бағытта облыстағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда Түркістан облысында этнос өкілдерінің 90 пайыздан астамы қазақ тілін жетік меңгерген, – деп айтты Гүлсара Тоққұлова.

Ол сөзін қорытындылай келе, қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан этносаралық татулық пен бірлікте өмір сүре алатынын дәлелдеді

Түркістан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов Қазақстан көпұлтты ел екеніне қарамастан, этносаралық татулық пен бірлікте өмір сүре алатынын, бейбітшілік пен келісімді қолдайтынын дәлелдегенін айтты.

Тәуелсіздік – әлемдегі ең құдіретті сөз. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Бұл – тұтас ел аңсаған азаттық. Осы 30 жыл уақыт аралығында Қазақстан тәуелсіз дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің ішкі және сыртқы саясатын, экономикасы мен валютасын қалыптастыру сынды жауапты жұмыстарды атқарды. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Осының бәрін отыз жылда орындап, әлем жұртының алдында өзінің даңқты ел екенін мойындата білді, – деп айтты этномәдени бірлестік төрағасы.

Фарит Аюпов атап өткендей, Қазақстан көпұлтты ел екеніне қарамастан, этносаралық татулық пен бірлікте өмір сүре алатынын, бейбітшілік пен келісімді қолдайтынын дәлелдеді.

Спортшыларымыз тәуелсіз қазақ елінің атынан шығып, көк байрағымызды бірнеше рет көкте қалықтатып, Әнұранымызды шарықтатты. Сондай-ақ елордамызды Сарыарқа төріне ауыстыруы, Түркістан қаласының облыс орталығы етіп белгіленуі, Түркістан қаласының Түркі әлемінің рухани астанасы болуы, Нұр-Сұлтан мен Түркістан қалалары, сондай-ақ еліміздің барлық қалалары мен ауылдарының өсіп-өркендеуі, гүлденуі, халықтың әл-ауқатының өсуі, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінің арқасы, – деп өз пікірін бөлісті.

Ол ынтымақ пен бірлігіміздің арқасында одан ары дами беретінімізге сенім білдірді.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.