Сұхбат

Тәуелсіздік күні: Жастар өздеріне артылған жауапкершілікті сезініп жүр ме?

5
(2)

Тұғыры биік тәуелсіздік! Бүгін тәуелсіз ел болғанымызға 29 жыл толып отыр. Бұл – ащы термен келген тәтті жеңіс. Еске алар болсақ, дәл осы тәуелсіздік жолында талай боздақтарымыз жанын берген болатын. Соның нәтижесі бүгінгі бейбіт өмір, жастардың жарқын болашағы. Өздеріне артылған жүк пен жауапкершілікті сезініп жүрген жастар дәл осы мейрам туралы не ойлайды екен?! Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігінің тілшісі сұрап білді.

Тәуелсіздік деген не?

Әзімбек. Тәуелсіздік – санаға серпіліс алып келді. Кешегі кеңестік идеологиядан біршама болса да тазардық. Ұлттық дәстүрлерді әлсін-әлсін болса да еске түсірдік. Туралған тарихи кітаптарды қайта шығардық. Межелеп болсын тарихи тақырыптарды аша бастадық. Ғылым-білім өркениет жайып, технологияның тілін табуға үйрендік. Бір жүйеге бағынған тірліктен босап, әрқайсысымыз өзімізше кәсіп ашуға мүмкіндік туды. Жарты әлемді аралап, шетел асып білім алуға жол ашылды. Бұл – еркіндік.

Әрине, өзгерген де өзгермегенде істер көп. Бірақ өзгеріске ұмтылыс тәуелсіздіктен бастау алған. Сол үшін де тәуелсіздік – бағалы, құнды, қымбат.

Қуантай. Тәуелсіздіктің құны жоқ байлық екенін сіз де, мен де айтамыз. Бірақ шынында, «Тәуелсіздікті» қолмен ұстауға келмейді, көзбен көре алмайсың, оны жан дүниеңмен сезінуің ғана керек. Еркін ойлай аласың, бейбіт өмір сүресің, ешкімге бағынышты емессің. Бұл – тәуелсіздік.

Тәуелсіздік – бабаның аққан қаны, ананың көз жасының өтеуі, ұрпаққа артылған аманат. Бірақ қазір біз оның бағасын біліп жүрміз бе? Менің ойымша, өскелең ұрпақ енді ғана ұғынып келе жатқандай.

Айгерім. Тәуелсіздіктің сан қырлы мағынасы бар. Өз ойыңды ашық білдіру, еркін сөйлеу, қалаған жұмысыңмен айналысу және т.б.

Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, оны әрбір қазақ біледі. Ал қазіргі жастардың міндеті – тәуелсіз елдердің ішінде еліміздің биікке көтеріліп өз идеялогиясы мен рухани болмысын сақтап қалуы. Себебі сан қилы қиындықпен келген тәуелсіздіктің қадірін болашақ ұрпақ ескеріп, біліп жүруі тиіс, біздің жауапкершілігіміз осында.

Жігер. Тәуелсіздік – әрбір алаш баласының рухын асқақтатар, елінің тарихына, болашағына көз жүгіртетін аса үлкен ұғым. Халқымыздың байырғы заманнан бергі тіршілігі осынау тәуелсіздік жолындағы күреспен, арпалыспен өткендігі бәрімізге мәлім. Осындай бабалар мұраты жазылған елдің әрбір азаматы мұны естен шығармай, ұлықтағаны абзал.

Осы дүниені өз шығармашылығымда жеткізім келді. Қазіргі жас буын өкілдері Тәуелсіздік жайлы білгенімен, ол Тәуелсіздікті кімдер алып келгенін ұмытып бара жатқандай. Қайрат пен Ләззаттай батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін ұлықтау мақсатында айтулы мерекеге тарту жасай отырып, жастардың санасына осы бір дүниені салғым келді. Халқының бостандығы үшін қыршынынан қиылған боздақтарымыздың ерлігін ұмытпай есте сақтасақ, Тәуелсіздік деген киелі сөздің мағынасына терең бойлайтынымыз сөзсіз.

Мөлдір. Егемендігімізді алып, өз алдына дербес зайырлы ел болғанымызға да міне бүгін тура 29 жыл толды. Тәуелсіздік – бізге берілген ең үлкен әрі тәтті сый. Егеменді ел болып, өз алдымызға мақсат қоя білдік. Еңбекпен келген сыйды бағалау, әр азаматтың негізгі міндеті болып қала бермек.

Бақ – бағалағанның басында мәңгілік тұрмақ. Сол себепті ата-бабамыздың ұрпағы үшін жасалған игі ісін еш уақытта естен шығармай, қадірлеп өтуіміз керек секілді.

Дулатбек. Өз алдына тарам тақта замандар талай елді сын көпірінен өткізіп жатады. Діңгегі дүмше, дүниесі пес қанша ма ел осы сыннан өтпей қалған. Бізді де замана уақыты сол сын сағаттардан өткізген еді. Бұғанамыз енді бекіген шақта, айбарлы ұлдарымыз жайдарлы қыздарымыз жан берген сексен алты бұрқасыны. «Тәуелсіздік- тәңірден келген тәтті сый» демекші қолдағы жауһарды қадірлеп, бағасына жетейік. Саналы ұрпақ сапалы ел кепілі. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!

Жастар осындай пікір білдірді. Ал сіздің ойыңызша «Тәуелсіздік» деген не?

Ақмарал БЕРЕКЕТ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button