Сұхбат

Жалғыз сәттіліктен кейін, қалған сәтсіздіктің бәріне төзуге болады – Төлен Әбдік

5
(2)

Ретроспективалық сұқбат дегенді естіген ба едіңіз?! Бұл жерде адаммен жазған туындысы, яғни, кітаптары арқылы сырласа аласыз. Тірідей өтетін сұқбаттан еш айырмашылығы жоқ. Жай ғана бұл кездегі сезім, алған әсер мүлдем бөлек болады. Назарларыңызға жазушы Төлен Әбдікпен болған ретроспективалық сұхбатты ұсынамыз.

Әрекет дегенді қалай түсінесіз? Сіз үшін нәтиже бермеген әрекет деген не?

Нәтиже бермеген әрекеттің бәрі әурешілік деп қана аталады. Тарихтың өз заңы, өз стихиясы бар. Оны бұзуға сіз бен біздің шамамыз жетпейді. Тіршіліктің даму заңы үнемі адамдардың пайдасына шешілетін шығынсыз сәттіліктен ғана тұрса деп тілеудің өзі қандай аңқаулық десеңізші! Тарихтың мына тұсында бәленше бүйтіп қателеспегенде жағдай басқаша болатын еді деу, алғашқы дәуірдегі динозаврлар табиғат кенет суып кетпегенде құрып кетпей, тірі қалатын еді деген секілді қиял ғой. Болмаса, сол мұз дәуірінің басталуының өзі белгілі бір қажеттіліктен туып отырған табиғи жәйт емес пе![Оң қол. Повестер мен әңгімелер. 2002. 146 бет]

Сұлулықтың сырларына тоқтала кетсеңіз. Сіздің ойыңызша, сұлулық әсері қандай болады?

Айтып беруге келмейтін, ең бір құпия, беймәлім әсер – сұлулық әсері. Біз өзіміздің бүкіл моралімізді адамның тән сұлулығынан жан сұлулығын жоғары қоюға негіздесек те, өмірде сол тән сұлулығымен бетпе–бет келіп қалған кезде өзіміздің әлгі қағидамызды қалай бұзып кеткенімізді білмей қаламыз. Өз еркімізбен ақылы аз болса да сұлу әйелдерге үйленуге дайынбыз, бірақ ақылға бай, көріксіз әйелдерге жолағымыз келмейді. Санамызды жабайы инстинкт секілді бір әуей күш жеңіп кетеді. Біз ең осал жерінен қолға түсіп, тырп ете алмай қалған аңға ұқсаймыз. Ендеше сұлулықтың әлі де зерттелмеген немесе біле тұрып, айтқымыз келмейтін бір сырлары болуы мүмкін…

Жақсылықтың ең терең тамыры сұлулықта, өйткені тіршілік тәннен басталады. Ал сұлу адамдардың ақылсыз, жаман болып шығуы – диспропорция, өмірдің күрделілігінен, қиындығынан алғашқы тепе–теңдіктің жиі–жиі бұзылуы…[Оң қол. Повестер мен әңгімелер. 2002. 325 бет]

Өмірдегі сәттілік дегеніміз не? Сәттілік пен сәтсіздікті не байланыстырады?

Өмірдегі сәттілік өте сирек нәрсе. Ол жұрттың бәріне бірдей жете бермейді. Бірақ ең үлкен жалғыз сәттіліктен кейін, қалған сәтсіздіктің бәріне де төзуге болады. Қиыншылықты жеңудің ең бір үлкен құралы – төзім. Төзе білсең, барлық азап атаулының жүзі мұқалып, майырылып, өтпей қалады. Мәселен, біреу мойныңа 10 кг тас байлап қойса, 20 кг тас байланбағанына шүкіршілік қылып, жаңағы күйіңді бақытты халге айналдырып жіберуге болар ма еді. Әрине, болады. Сондықтан қазір қандай ауыр жағдайдан да әлгі жолмен құтылып кетуге болады. Ол үшін тек тіршілік керек. Тірлік керек…[Оң қол. Повестер мен әңгімелер. 2002. 331 бет]

«Адам тағдырын өзі жасайды», «Адамның тағдыры маңдайына жазылып қойылады» деген сөздерге қалай қарайсыз? Сенесіз бе?

Ешбір қисынға, ешбір заңға сыймайтын бұл өмірдің сырына кімнің көзі жеткен? Кейбіреулер адам өз тағдырына өзі қожа деп даурығады. Күнделікті жоспармен жасалып жатқан іс–әрекетің тағдыр емес. Тағдыр – сенің қу тірлігің мен сыртқы жағдайдың шайқасынан туған бұйрықты несібең. Сенің ырқыңа бағынбағаннан кейін де ол тағдыр болып есептеледі.[Оң қол. Повестер мен әңгімелер. 2002. 286 бет]

Жазушы Төлен Әбдіков үшін өмір деген не?

Өмір деген ну жыныс орман секілді. Сол орманның арасынан саған қандай сүрлеу бұйырады – ол өзіңнің бақ–талайың.[Оң қол. Повестер мен әңгімелер. 2002. 286 бет]

Сезімнің атаусыз қалған бір түрі бар десе, нені атар едіңіз?

Жүректен шыққан сезімдердің ен–таңбасы – сөз бен әуен немесе қимыл келе–келе өнерге айналып, сол өнердің әр түрінен ғажайып көркем шығармалар туған. Бірақ, неге екені белгісіз, сезімнің тағы бір түрі атаусыз қалған секілді. Ол – көздің жанарындағы ұғым. Жанармен бейнеленген: ашу, өкпе, ризашылық, ықылас, таңырқау, шаттану, кектену тағы сол сияқты рухани өмірдің сан жетпейтін құбылыстары тегінде басқа түрде дәл мұндай терең де айқын ұғымды бере алмас. Айталық, жек көру сезімін жанардан артық немен беруге болады? Онымен салыстырғанда ең шебер, дәл айтылған сөздің өзі әшейін долбар секілді болып шықпай ма? Немесе көзбен ату… Иә, иә, адамдардың арасындағы күнбе–күнгі көзбен атысты заттық бейнеде қағазға түсірсе, екінші дүниежүзілік соғыстағы ұлы шайқастардан бірде–бір кем болмайтын шығар.[Әке. Ауыл кітапханасы. 371 бет]

Өмір сіз үшін қаншалықты қызықты?

Өмір деген қандай қызық. Жаныңды қинаған сан сұраққа жауап іздесең, қармауыңа бір тал ілікпей, қайда келе жатқаныңа, неге келе жатқаныңа өзің түсінбей, шетсіз–шексіз мұхит өрінде босқа малтығып жүзіп келе жатқандай бір күйге түсесің. Тек өзіңнің біреуге (әйтеуір біреуге) керек екеніңді сезгенде ғана, қолыңа тал да болса, бірдеңе іліккендей, беймәлім тірлігіңе бір мағына табылғандай болады. Әйтеуір біреуге керексің. Өзіңе шексіз берілген, сенен басқа ештеңе қажет қылмайтын жан иесін сезіну қандай жақсы. Оған тек бір сенің қарасының болса, болды…[Әке. Ауыл кітапханасы. 375 бет]

Адам еншісінде өмір бойы қалатын бір ғана зат бар деген ойда екенсіз. Ол не?

Бүкіл ақыл–ойыңды, ерік–қабілетіңді, рақат–қызығыңды өзіңді қоршаған қауым ырқы билеп кеткен шағыңда сенің еншіңе бір ғана зат – жүрегіңде бақилыққа ұйып қалған жастық сүйіспеншілік қана қалады. Сен оны қанша жыл қатігездікпен ұмытсаң да, өзіңді одан да гөрі маңыздырақ, мәндірек бір іске лайықтымын деп тапсаң да, басқа жерден байыз таппай, өз ошағына қайта оралған бейбақтай түбі оралатының хақ; бірақ ол қай кезде болады, мақсатыңа жете алмай шаршаған кезіңде ме, санаң марқайып, ақиқаттың не екеніне көзің жеткен кезде ме, әлде тіпті өлер шағыңда ма, оны кім білсін…[Әке. Ауыл кітапханасы. 107 бет]

Ақмарал БЕРЕКЕТ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close