Сұхбат

«Рататуй» атанған қазақтың аспаз баласы кім?

4.2
(10)

«Арманым әлемдік деңгейдегі ең мықты аспаз болу және Қазақстанның атын шығару», деп әңгімесін бастаған Рамазанмен жақын танысуға мүмкіндік туды. Newsroom+Ақпарат агенттігі аспаздар арасында «Рататуй» атанып кеткен, 17 жастағы Рамазан Ахметпен сұқбаттасқан болатын. Назарларыңызға соны ұсынып отырмыз.

Біздің халық үшін ерлердің ас үйде жүруі жаңсақ пікір тудырады. Бұл әйелдерге арналған деген түсінік бар. Дәл осы ойды бұзып, жас болсаң да ас үйде тамақ дайындауға не түрткі болды?

Рамазан Ахмет: Мен интернатта оқыдым. Сол жерде жүргенде қарным ашатын. Кейде тәртіп бұзсақ, бір күн тамақ ішпейтінбіз. Бәріне түрткі болған бір оқиға бар: сол интернатта оқып жүрген үш бала асхананың терезесін сындырып, ішкі кіріп тамақ жегеніміз бар. Сол кезде жасым жетіде еді. Қарнымның ашып жүруі менің болашақ аспаз болуыма тікелей әсер етті.

Меніңше, ерлер немесе әйелдер деп бөлмеу керек. Әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы тиіс. Сол кезде ғана ол нәтиже көрсете алады. Мәселен, мен егер басқа бір мамандық бойынша кеткенімде осындай жетістікке жете алмас едім, өзім аңсаған арман далада қалатын еді.

Түркістан қаласында дүниеге келім дедің. Алматыға қай жасыңда көшіп келдің? Қандай қиындықтар болды?

Рамазан Ахмет: Алматы қаласына 15 жасымда көшіп келдім. Бұл 2018 жылдың маусым айы. Өзге балалар секілді арман қуып, оқуға түссем деген мақсатпен келдім. Алайда, әлеуметтік жағдай оған жеткізбеді. Жұмыс істеуіме, анама көмектесуіме тура келді. Бұл қалаға келген кезде ең бірінші орыс тілінен қатты қиналдым. Адамдары қатыгез болды. Таяқ жеген кездерім де бар.

Ең бірінші Райымбек көшесінің бойындағы көлік жуатын жерде жұмыс істедім. Көлік жудым. Күнінен 2-3 мың теңге таптым.

Алғаш аспаз ретінде қайда жұмыс істедің?

 Рамазан Ахмет: Алғаш «Ата донер» деген жерде аспаз болып жұмыс істедім. Жасым әлі 15 еді. Ол жерде ұзақ істей алмадым. Себебі бойым кедергі болды. Тамақ дайындайтын үстел тура кеуде тұсымда болды. Маған күн сайын қиындық тудырды. Содан кейін «Finik» деген мейрамханаға бас аспаздың көмекшісі ретінде жұмысқа орналастым.

Сол жердегі бас аспаз Азат деген жігіт маған үлкен көмегін тигізді. Соның арқасында аспаздар арасында танымал бола бастадым.

Сені еліміздегі бас аспаздар тани ма? Неге осы уақытқа дейін танымал болмадың? Димаш Құдайбергенге тамақ дайындап бергенің рас па?

Рамазан Ахмет: Алматы қаласы бойынша біраз аспаз мені таниды. Тіпті мені «Рататуй» деп атап кеткен.

Осы уақытқа дейін танымал болуыма бірнеше мүмкіндік болды. Алайда, жасым кішкене болғандықтан ол нәрсеге аса құмартпадым. Оның сыртында тікелей кедергілер де болды (оны айтудың қажеті жоқ секілді).

Димаш Құдайбергенге тамақ дайындап бергенім рас. Осы жылдың маусым айында «The Weeknd» деген мейрамханада бас аспаз ретінде жұмыс істедім. Сол кезде әнші біздің мейрамханаға келген болатын. Мен Димаш Құдайбергенге арнайы самса дайындап бердім.

Авторлық тамаққа қосатын қоспаларың бар ма? Ешкімге ұқсамайтын ерекшелігің қандай?

Рамазан Ахмет: Менің жеке өзімнің авторлық қоспаларым бар. Сатып алам деген адамдар бар. Тіпті өте көп. Солардың ішінде тек біреуін саттым. Шамамен 600 мың теңгеге кетті. Ерекшелігім дегенде, менің қымыздан дайындаған арнайы қоспам бар. Оны ешкім білмейді әзірге. Осы жағын дамытып, кейін жеке мейрамхана ашып, қазақ асханасының да ерекше жақтарын көрсете отырып, әлемге танылғым келеді.

Сұқбат үшін рақмет!

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.2 / 5. Бағалар саны: 10

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close