Сұхбат

Ниет пен мақсат: сурет салу өнері табысқа жол ашты

4.2
(5)

Әлемдік пандемия көптеген адамның табыс табуына шектеу қойды. Алайда ниеті таза, талпынысы мықты, қырандай қалықтауды арман ететін кәсіпкерлер өте көп. Олардың көзге көрінбей, тасада қалатыны өкінішті. Әсіресе, жастардың талабы ерекше. Тәуелсіз елдің таланттары талғамға сай киюнуді емес, талмай еңбектенуді мақсат еткен.

Ресейдегі Томск Политехникалық университетінің студенті, қаптама дизайнері, суретші, түрлі муралдардың авторы, фрилансер ретінде еркін қызмет атқаратын толғауы терең тарихи мекенге айналған Жылыой ауданының ең жас бірақ ең көп табыс табатын жастарының бірі Қайрат Қоспанов Азатұлымен Newsroom+Ақпарат агенттігінің тілшісі сұхбаттасқан болатын.

Үлкен жолға бастаған кішкентай қадам қай кезден басталды?

-Кішкентай кезімнен суреттер салатынмын. Ақ қағаз бен қарындаш үнемі жанымда жүретін. Ата-анам талпынысымды байқап, компьютер сатып алып берді. Енді электронды нұсқадағы суреттерді сала бастадым. Кейін Ютубтан жеке парақшамды ашып, қазақ тілінде озвучка жасап, көрермен жинадым. Мектеп кезімнен салған суреттерімді сата бастадым.

Қаптама дизайнерісіз. Ал құжат бойынша мамандығыңыз қандай?

-Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетіне алдымен архитектура мамандығына түсіп, кейін ауысып кеттім. Не үшін дейсіз ғой? Ақпараттық жүйелерді оқыту мамандығына қатты қызықтым. Дизайнерлік жұмысым желі мен түрлі систимамен сай келген соң, жетік меңгергім келді. Жүрек қалауы осы еді. Қазір Ресей мемлекетіндегі ТПУ-да магистратурада білім алып жатырмын. Қазақстанда ақылы түрде оқысам, мында грант ұтып алдым. Өзіме өз ортам қатты ұнайды. Пандемияның кесірінен, оқу жүйесі онлайнға ауысты. Енді қашан барарымызды білмеймін, әзірге…

Қазақстан мен Ресейдегі білім жүйесін салыстыруға келе ме? Ұқсастық – айырмашылық қандай?

-Шыны керек, Қазақстандағы білім сапасы сәл төменірек. Сабақ беретін профессорлардың көбі теорияға сүйенген. Тәжірибе шкаласы төменірек. Ал Ресейде көбіне тәжірибеге аса қатты мән береді. Өйткені біздің білікті маман болуымызға, тәжірибе ғана көмегін тигізеді емес пе?

Тағы бір айта кететін жайт, қазақ ұстаздарында жанашырлық көп. Алдына барып, балл қойып беруін сұрасақ, тым құрғанда 50 қойып береді ғой. Ал Ресейде әділдік бар. Оқысаң тек өзің үшін. Ешкім, «оқы» деп артыңнан жүгірмейді. Негізі қатал көзқарас болса да, осы әдіс дұрыс. Өйткені, өтірік алған бағадан білімсіз жастар кейін диплом алады.

Жемқорлық та осыдан туады емес пе? Үлкен қателік, жастардың грант қуалап кетуі. Қай мамандықта тегін оқыту жүйесі көптеп қарастырылса, соған қарай бас бұрады. Мемлекеттің берген 20-30 теңгесіне күн көріп, алға жылжуды ұмытады. Тегін бітіріп шыққан соң, тіпті, өзі ұнатпаған мамандықта жұмыс істей алмайды ғой. Икем келер, бірақ іште ниет болмаса, бекер… Өзін жақсы көрмейтін маман осыдан шығады. Сосын жүреді, жоғарыны кінәлап, жұмыс жоқтығын алға тартып…

«Бала шақтан болашаққа» сөзін қандай естеліктеріңізбен ұштастырасыз?

-Мектеп кезімнен бастап, компьютерлерді жөндеп, жүйелерін орнататынмын. Кейін, дәл осы бағытты суретіммен байланыстырдым. Дизайнерліктің базалық білімімен архитектураға түстім. Бірақ кейін бәрібір осы жүйелеуді үйрену саласына ауыстым. Бала кезден қалыптасқан кішігірім талант қазір табысқа айналды. Өнер деуге келмес, бірақ жұмысымнан шабыттанамын. Арасында домбыра да тартып қоямын. Шабытқа себепкер (күліп).

 

Қазіргі табыс көзі – қаптама дизайндарын жасау. Ең бірінші тапсырыстан түскен табыс көзі?

-Шыны керек, тапсырыс бергеніне қуанғанмын. Тегін жасап бердім. Клиенттің көңілінен шықты, қазір үнемі маған тапсырыс береді. Сол бір бала көңілдің арқасында қазір тұрақты клиентім бар.

Тапсырыс берушілер сізді қайдан, қалай табады?

-Орынды сұрақ. Менің арнайы портфолиом бар. Осы сайтта барлық істеген жобаларымның эскиздері бар. Соны көріп, көбіне шетелден ұсыныстар түседі. Атап айтсам, Киев, Москва, Санкт-Петербург тұрақты құжат арқылы жұмыс істеудемін.

Қазақстандықтар тізімде жоқ па? Өз өңіріңіздің адамдары сізді біле ме?

-Өкінішке қарай, Жылыойда ешкім танымайды. Жалпы Қазақстанда дизайнерлердің жұмысы өзіне сай бағасын ала бермейді. Ал оған себеп, көп адамдардың бір айда бірнеше курсқа қатысып, өздерін жетік меңгерген маман ретінде санап, санасыздардың көбеюі және компания басшылығында отыратын адамдардың өктемділігі. Нұр-Сұлтан қаласында көптеген жобаларды жүзеге асырдым. Алматыда әр түрлі компаниямен бірлестім. Маған берген тапсырыстарының өзі де шетелдікімен салыстыруға келмейді. Білімнің төмендігі осы жерде де байқалады.

Фрилансермін дедіңіз. Бір тапсырысқа қанша уақыт жұмсайсыз? Жалақы жағы ше?

-Фрилансер болғанға ештеңе жетпейді. Дэдлайнды ұзаққа белгілеп,демалуға уақыт қарастырамын. Көбіне көлемге байланысты. Кішкентай тапсырыс болса, бір күнде 2-3 заказ аламын. Бағасы 100 доллардан түспейді. Ал ауқымды жобаларды жүйелеуге үш күн мен бір апта аралығындағы уақыт кетеді. Екі күнде 200000, екі аптада 70000 тапқан кездерім болды. Табысым әзірге, өзіме толықтай жетеді.

 

Осы жерде бір өкінішті жайт есіме түсіп отыр. Қазақты қазақ қанаса, мән бермейміз. Бірақ маған тапсырысты 5000 теңгеге жасап бер деп өңтемдік көрсететін де, тіпті ақшамды бермей, «лақтырып» кететіндер өзіміздің қазекеңдер. Ішім ашиды…

Жұмыссыз жастарға 22 жастағы Қайрат не айтады?

-Екі қолға бір күрек табылатыны анық. Бастысы ниет пен қалау. Жақсы көретін ісін жұмысқа айналдыра білсе – нағыз бақыт. Әр адам өзіне, өміріне жауап береді ғой. Армандаудан арылмау керек. Мақсат қойса, жетуге тырысу керек. Жұмыссыз жүргендердің көп айтатыны, «жоғары жақтың кесірі, жұмыс жоқ» дей береді. Дегенмен сенің өміріңді басқа біреулер жақсартпайды ғой. Бар күш өзіңнен кетеді. Жағдай соқса, шетелге барып тәжірибе алмасу керек. Үйсіз, тамақсыз жүруді көру керек. Басыңа іс түскенде ғана өзін шыңдайтын адамдар бар. Шетел сананы өзгертеді. Бірақ елге қайтқан дұрысырақ.

Бос уақытыңызда сурет салу мен дизайн жасаудан басқа немен айналысасыз?

-Бос уақытымда да дизайнға қатысты сериалдар көріп, подкасттар тыңдаймын. Графикасына, стиліне қатты мән беремін. Кітап оқуға уақыт таппай жүрмін. Бірақ бар білім кітапта екенім білемін. Қолға аламын.

Болашаққа жоспар?

-Жоспар көп. Өз жұмыс кеңсемді ашып, дизайнерлікті дамытқым келеді. Әрине, алдымен шетелдегі мықты дизайнерлердің курсына қатысып, білім жинақтау керек. 1-2 жылда орындалып қалар.

Ісіңізге береке тілеймін. Үлкен рақмет!

Інжу ӨМІРЗАҚ

 

 

 

 

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.2 / 5. Бағалар саны: 5

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close