Сұхбат

Нұрмұхамед Байғараев: «Қанша кісі көз жұмса да, жеке имиджін ойлағандар табылды»

4.4
(19)

Ол саясаттанудан медиаға келді. «Болашақпен» Англиядан оқып келді. Саяси токшоудың продюсері әрі жүргізушісі болды.

Соңғы жылдары баспа саласына бет бұрды. Қазір билік партиясының бас басылымын басқарып отыр. Газетте саяси, экономикалық сараптаманы, сынды қолға алып жатыр. Партия газетінде болса да, әлеуметтік желідегі парақшасында кейде үкіметті сынап, анда-санда «ащы» пост жазып отыратын Нұрмұхамед Байғараевпен әңгімелесуді жөн көрдік.

Нұреке, осы сұхбатқа келісер алдын офиске кел деп онлайн сұхбатты қаламап едіңіз. Дегенмен қазіргі жағдайда бәрібір үйден үйде отырып сөйлеспесек, басқа амал болмай тұр. Билік партиясы «Nur Otan»-ның бас басылымы «Айқынға» бас редактор болып тағайындалғаныңызға жылға жуықтады. Жұмыс қалай жүруде? Саясат Нұрбек ағамызды шақырып, Agora деген клуб бастадыңыз. Сосын әлеуметтік желіде жиі-жиі аналитик іздеп жатасыз. Жалпы бағыт қандай?

Нұрмұхамед Байғараев: Онлайн сұхбатты ұната бермеймін. Сұрақ пен жауап «тірі» шықпайды. Бірақ қазір амалсыз бәріміз осы форматқа көштік. Бүгін жұрттың басым бөлігі ақпаратты сайт, әлеуметтік желі, Телеграм-арналардан алатын уақытта газетті жаңа талапқа сай бейімдеу керек. «Айқынды» осы бағытқа бұрдық. Ол не бағыт? Газет оқырманға сайт пен пабликтерде жоқ нәрсені ұсыну керек. Ол – жұртты толғандыратын тақырыптардағы сараптама мақалалар. Мойындалған тың мамандардың сұхбаттары. Түрлі графикалар. Неге олай? Материал 1 апта, 1 ай өтсе де маңызын, пайдасын жоғалтпау керек. Өйткені газет цифрлы өнім емес, delete-ты басып өшіре алмайсың, қағаз болғасын үйде қалады, қолдан қолға өтеді. Бұдан бөлек, кейбір «дәстүрлі мақалаларды» тоқтатуға тырысып жатырмыз. Ол – пәленшенің 70-80 жылдығы, түген мекеменің мерейтойы, анау батырдың руы деген материалдар.

Бастысы – тілшілер жаңа жағдай, талаптарға бейімделді. Agora атты қоғамдық сұхбат алаңын құрдық, онда қоғамда беделі бар азаматтарды шақырдық. Бұдан басқа «әр тілші – сарапшы-маман» деген концепцияны бастағанбыз. Оның мәні – «Айқындағы» тілшілердің ірі сараптамаларының видео-нұсқасын түсіріп, тарату. Өйткені экономика, агросектор, білім, медицина саласына маманданып, сол саланы бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген журналистер өз тақырыптарын бір кісідей біледі. Яғни, оларды медиа тұлға ретінде таныту. Бұл жобалар іске алып келе жатқан, тек карантинде уақытша тоқтаттық. Сол себепті қазір негізгі күшті «Айқынның» сайтына, әлеуметтік желідегі жұмысына салып отырмыз.

Әлеуметтік желі қазір бәріміздің айнамыз болып кеткендей. Кейбір қолданушылар тіпті лайк баспадың деп ренжісіп жатады екен. Партияның басылымын басқарып отырсаңыз да, жиі сын пост жазып отырасыз. Бұл келісілген дүние ме, жоқ әлде азаматтық ұстанымыңыз ба?

Нұрмұхамед Байғараев: Әлеуметтік желі – адамның айнасы дегенге келіспеймін. Тапсырыспен, тапсырмамен, жағу үшін, арзан пиар үшін жазатындар аз емес. Мен Фейсбукте 2011 әлде 2012 жылдан бастап жаза бастадым. Содан бергі посттарымның мән-мазмұны өзгере қоймаған. Нанбасаңыз, бір шолып шықсаңыз болады. Яғни, ішкі, сыртқы саясатқа қатысты өз пайымым. Технологиялық прогресс, медиадағы өзгеріс жайлы пікірім дегендей. Иә, сын да жазылады. Пандемияда 88 млрд теңгеге көше жөндейміз десе, кеше жөндеген көше бүгін өзенге айналып жатса, қалай үнсіз қаласың? Ол азаматтық көзқарас. Келісілген бе дейсіз. Партия үкіметті сына деп тапсырма бермейтіні анық қой. Қайта кейде постыңды алып тастасаң дұрыс болар еді деп хабарласады. Ондайда жазбамды сақтап қалуға тырысамын.

Ұлыбританияда білім алып келдіңіз. Жаңа медианы бір кісідей білесіз. Қазіргідей кездегі медиа қалай даму керек? Оның үстіне жуырда еліміздегі ең ірі медиа холдингтер бірігеді деген жаңалық естідік. Бұл қаншалықты дұрыс?

Нұрмұхамед Байғараев: Қай елдің медиасы болса да, оның миссиясы – қоғамдық проблеманы бүкпесіз ашық жазу, оған елдің, үкіметтің назарын аудару. Ал оны сапалы жүзеге асыру көп факторға байланысты. Ең маңыздысы – қаражат. Оны кім береді: жарнама беруші ме, жазылған оқырман, көрермен бе, әлде мемлекеттік мекеме ме? Қазіргі карантин әлемнің көптеген медиасына оңай тиіп жатқан жоқ. Бизнес пайдадан қағылды, сәйкесінше олар беретін жарнама да азайды. Мемлекеттік мекемелердің де құлшынып отырғаны шамалы. Қазір телеарна да, газет те, радио да, сайт та осы жағдайға бейімделу керек. Әрине, сайттар қазір алға шығатыны анық. Сондықтан басқа БАҚ түрлері де өзінің онлайн нұсқасын дамытқаны абзал. Өйткені цифрлы заман басталып кетті. Жалпы, уақыт өткен сайын ақпарат нарығында бәсеке артып келеді. Өйткені сматрфоны бар әр адам ақпарат таратушыға айналды. Қазір 1 млн оқырманы бар блогер бір БАҚ-тан қуатты болуы мүмкін.

Жалпы, соңғы кезде өзім екі тренд байқадым. Біріншісі – видео контентке сұраныс жоғары. Мәселен, Ресейде вДудь YouTube арнасының қаралымы 1 млрд-тан асты. Оған 3,5 жыл кетті. Францияда сәтті шыққан жобаның бірі – жаңалықты тек видеомен тарататын brut.media. Ол да 3 жыл уақытта 1 млрд қаралым деген межеге жетті. Екінші тренд – жақын уақытта қоғам жаңалықты инстаграм, телеграм-арна секілді әлеуметтік желіден оқуға көшетін шығар. Яғни, сайттың оқырманы азаюы ғажап емес. Өйткені сайт жаңалықтың мәтінін, фотосын, видеосын өңдеп, тексеріп, жүктейін деп жатқанда түрлі аккаунттар, пабликтер ресми, бейресми, расталған, расталмаған ақпараттарды таратып үлгеріп жатыр. Басқаша айтса, жылдамдық шешуші факторға айналады. Фактчек өз алдына бөлек тақырып.

Сондай-ақ телевидениеде ірі жобалардың азайғанын байқадық. Бізде ірі жоба деп декорациясы қорған секілді салынған, бірнеше миллион тұратын бағдарламаны атайды ғой. Мәселен, BBC One-да The Great British Bake Off деген жоба бар. Әлі шығады. Соны саябақтың ортасында кәдімгі қарапайым шатырда түсіреді. Бірақ Британияда 2015 және 2016жж рейтингісі ең жоғары жоба болды. Немесе Джеймс Корден жүргізетін Carpool Karaoke. Бір көліктің ішінде түсіріледі. Рейтингісін білмедім, бірақ Adele келген жобасы YouTube-та 220 млн рет қаралыпты. Яғни, тележобаларға қатысты көзқарасты өзгертетін кез келді.

Ал еліміздегі ірі медиахолдингтер бірігеді деген ақпаратты оқыдық, алайда оның бағдарламасымен таныспадым. Сондықтан пәлендей ой айта алмаймын. Меніңше, негізінен әкімшілік департаменттер бірігіп, шығын азаймақ. Жалпы, әр БАҚ-тың өз даму бағыты сақталады.

Қазір көптеген журналистер мектеп ашып, дәріс оқуға көше бастады. Білгеніңізді жастармен бөлісіп, университеттен сағат алып, қосымша оқытушы болатын ойыңыз жоқ па?

Нұрмұхамед Байғараев: Ондай ой болған. Алайда «Айқынның» жұмысы аз емес. Тек газет шығарып отыра беруге болады. Бірақ «Айқынның» газеттен бөлек кіші жоба, бастамалары баршылық. Сайт бар. Оның бәріне үлгеру керек. Ол уақыт талап етеді. Биыл қыста Еуразия университетінің Журналистика және саясаттану факультетіне «Ментор және менти» жобасын ұсындым. Бұл Батыс елдерінде кең тараған құбылыс. Жас маман не студент өзіне тәжірибелі жетекші тауып, сол азаматтан қажет кезде ақыл-кеңес алып тұрады. Мұны біреу ақылы, басқасы тегін істейді. Біз де саясат, экономика, әлеумет, әскери салаға қызыққан студенттерді іріктеп алып, «Айқында» сол тақырыптарда жазатын тілшілердің қасына қосып қойғымыз келді. Олар бар білгенін, жазу әдістерін 2-3 айда үйретіп шығуы керек болатын. Басқаша айтқанда, тәжірибемен тегін бөлісу. Волонтер жылында қоғам дамуына осылайша өз үлесімізді қосқымыз келді. Факультетке барып, қабілеттілерін іріктедік. Жұмысқа келу мерзімін белгілеп, шақырдық. Бірақ студенттер келмеді. Кейіннен білдім. Қазіргі студенттердің көпшілігі бірден телеарналарда жүргізуші болғысы келеді екен. Әрине, әркімнің өз қалауы бар. Бірақ жаза алмайтын, іздене алмайтын, сұрақ қоя алмайтын жүргізуші де телеарналарға керегі шамалы. Эфирде бірден байқалады. Арналарда бірнеше жыл істеген соң айта аламын. Жылтыраған бетпен алысқа бармайсың. Ал сауатты жазуды, ақпарат іздеуді, жүйелі сұхбат құруды газет үйретері анық. Сол үшін жас мамандар карьерасын баспадан бастағаны абзал.

Алда праймериз келе жатыр. Сайлауға түсу жоспарыңызда бар ма? Болашақта Сізді Мәжіліс немесе мәслихаттан көруіміз мүмкін бе?

Нұрмұхамед Байғараев: Әлі нақты ондай жоспар жоқ. «Айқынды» сапалы жаңа деңгейге шығарсақ, соның өзі жақсы жетістік болар еді. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ал саяси не қоғамдық белсенділік жайлы уақыты келгенде ойланармыз.

Университетте белгілі бір өңірлерден шыққандарды онша ұнатпайтын бір ағайымыз, «мінез адамның тағдыры» – деп жиі қайталайтын. Сізді де мінезді жігіт деп жатады. Бұл туралы не айтасыз?

Нұрмұхамед Байғараев: Қазір біреуге мінез көрсететін уақыт емес. Әркімнің өзіне тән мінезі жетеді. Шама келсе, жұмысты этика аясында жүргізген абзал. Мінезді жігіт дейтіндер айтқан өтінішін орындата алмағандар шығар. Мәселен, кезінде Ұлттық арнада «Алаң» бағдарламасында министрлік өкілдеріне ашық сұрақ қойсақ, қисық жауап беріп, соңынан басшылыққа қоңырау шалып, сөзін қысқартып жататын. Содан эфирдегі әр минут үшін күресесің. Ондайда қалай ашуланбайсың? Шығармашылық топтың қаншама жұмысы еш кетеді немесе қазір де зейнеттегі экс-шенеуніктерді, жазушыларды туған күнімен құттықтап жазылған сала-құлаш мақалалар келеді. Ондай материалды баспайтынымызды, партиямен сондай келісім бар екенін жеткізсек те, өзінің түрлі әкімшілік ресурстарын қосып, амалын тауып, ағасын мақтағысы келетін адамдар бар. Бәрінің айтқанына көніп, бас шұлғи берсең, газет қалай өзгереді, қалай көгереді? Әйтпесе, алып бара жатқан мінез жоқ. Жалпы, мінезі жайлы адаммен қызметтес болудың өзі өмірдің сыйы.

Әлеуметтік желідегі посттарыңызда азаматтық қоғам мәселесін жиі қозғайсыз. Себебі неде?Біз ондай қоғамды әлі құра алмадық па?

Нұрмұхамед Байғараев: Мына карантин дәл сол азаматтық қоғамның қаншалық қажет әрі маңызды екенін ашып көрсетті. Коронавируспен күреске миллиардтар бөлінген, Денсаулық сақтау министрлігі қажет дәрі, маска, аппарат жеткізе алмаса да, 600 млн теңгені өз пиарына, флешмобына жұмсағаны мәлім болды. Әкімдердің де жеке пиары мен сыни комментермен күреске жүздеген миллиондарды бөліп жатқанын біліп жатырмыз. Өз ақшасы ма? Әрине, жоқ. Салықтөлеушілердің салығы. Бұл белсенді ұйымдар мен азаматтардың мәліметі арқасында жариялануда. Батыста ондай ұымдарды Watchdog organizations дейді. Үкіметті бақылауға маманданған ұйымдар. Бізге солардың көптігі қажет. Кейбір сондай жеке бас үшін ұйымдастырылған тендерлер даудың арқасында тоқтады. Мәселен, Түркістан облысында маска жеткізу тендерін гүл сататын компания ұтып алған. Ол мәлімет әлеуметтік желіде тараған соң келісім-шарт бұзылды. Бұл азаматтық қоғамның пайдасының бір көрінісі ғана. Егер осы ашықтықты кеңейте берсек, дамуымызға тұсау болып тұрған жемқорлықты ақырын азайтуға мүмкіндік туады. Ондай қоғамда өскен баланың бойына әділдік пен адалдық сіңеді, ол ертең көшеде жатқан біреудің 100 теңгесін де, қызметке келген соң бюджеттің миллионын да тиіспейді. Өйткені солай өскен. Принципі сондай. Сол үшін де азаматтық қоғамды құру аса маңызды.

Англиядан елге оралған соң «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында» істедім. Үкіметтік емес ұйымдарға байқау арқылы бюджеттік гранттарды беретін мекеме. Сонда алған ақшасын адал ақтайтын кәсіби ұйымдарды да, амалдап есебін өткізіп, пайдаға кенелуді ойлайтын бір күндік ұйымдарды да көрдік. Яғни, барлық нәрсе билікке тіреліп қалмаған. Қоғамның өзінде ала да, құла да жетерлік.

Ел тарихында мұндай карантин алғаш рет болды ғой. Карантин нені көрсетті?

Нұрмұхамед Байғараев: Карантин бізді жерге түсірді. Адам өмірінің жанында көптеген жоба, бастама маңызды емес екен. Қоғам мен үкімет арасындағы сенім қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Білім және денсаулық сақтау жүйесінде қаншама олқылықты ашты. Лауазымды қызметтегі біраз азамат жауапкершілікті ала аламады, тың шешімдерді қабылдамады. Ескі алгоритм жұмыс істемей жатыр. Қанша кісі көз жұмса да, жеке имиджін ойлағандар, дәріге жұрттың сұранысын көре тұра, оның бағасын 5-6 есе көтергендер табылды. Көршісінің қорасы өртенсе, қойдың басын үйітіп алатындар ғой. Елдің басына қандай күн туса да, сабыр керек екен. Бос даурыққанан түк шықпайды. Қоғамға ашықтық, әділдік, адалдық керек екен. Онсыз сенім болмайды.

Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан: Уәли Жұма 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.4 / 5. Бағалар саны: 19

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close