Сұхбат

Қорғаныш костюмін киген дәрігерлер»Кеш қалдыңыздар»: дәрігер қазақстандықтардың ең басты қателігін атады

3.1
(8)

Профессор коронавирусқа ерлер неге жиі шалдығатынын, «Ибуфенге» қатысты күмәні мен вирус жұқтырмаудың жолдарын айтты

ДДҰ қандай қателік жіберді

Профессорға коронавирус атауы бұрыннан таныс. Алғаш рет вирус 2002 жылы Қытайда тараған. Ол SARS деп аталды. Ауру адамға цивета деген жыртқыш аңнан жұққан еді. Розенсонның айтуынша, Қытайлардан басқа циветаларды ешкім жемейді, сондықтан вирус, негізінен, тек сол елді жайлаған.

Ал екінші рет 2012 жылы пайда болды. MERS деп аталған вирус бір өркешті түйелерден таралған. Инфекция ошағы – Сауд Арабиясы.

«Ал осы жолғы коронавирус аң-құстан адамға жұққан жоқ, адамнан адамға жұғып отыр. Ең жаманы да осы. Коронавирустың өзін қалай ұстайтыны түсініксіз. Десе де, бұрын болған респираторлық инфекцияларға қарасақ, мәселен, «испанка» тұмауы. Осыдан жүз жыл бұрын әлемді дүрліктірген еді. Жүз миллион адамның өмірін қиды. Бұл да дәл сондай H1N1, бүгінде бізге жылына екі рет келетін вирус. Яғни, вирус қалады, бірақ қауіптілігі азаяды. Мүмкін, коронавируспен де осындай болатын шығар, ешкім ешқандай кепілдік бере алмайды. Бірақ, тәжірибеге сүйенсек, тіпті ең қауіпті вирустың өзі адамзатты жер бетінен мүлде жойып жібергісі келмейді. Өйткені адам болмаса, ол өзі өліп қалады», – деді дәрігер.

 

Розенсонның пікірінше, коронавирус індетінің жаһанға жайылуына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кінәлі. Айтуынша, бұл ұйымның өрескел қателік жібергенін қазір бүкіл әлем мойындап отыр.

«Қытайда алғашқы жағдайлар желтоқсан айында тіркелді. ДДҰ сол кезде-ақ бүкіл әлемге ескертіп қоюы керек еді. Дүниежүзілік ұйым қытайларға Ухань аумағынан шықпауға, ал өзге елдерге Қытайдан турист қабылдамауға кеңес беруі тиіс еді. Бірақ, ол мұның бірде бірін істемеді. Тіпті, коронавирус толқыны жүріп жатқанда, аурудың өте қауіпті болғанына қарамастан ДДҰ маска тағуға кеңес бермеді. Ухань Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын тыңдаған жоқ. Өздері бетперде киіп, ара қашықтықты сақтап, тіпті, көршісі коронавирус жұқтырғанын естісе, кіреберістің есігін құлыптап тастауға дейін барды. Бірақ, осындай қатаң шаралармен ауруды жеңіп шықты», – деді Розенсон.

Коронавирус қандай клетканы іздейді

Профессор коронавирус құлыптың кілті сияқты, ACE2 рецепторы бар клеткаларға ғана енетінін атап өтті.

«Қазір бүкіл әлемде бұл инфекция табиғи жолмен емес, зертханалық жолмен пайда болды деген күдік бар. Өйткені вирус құлыптың кілті сияқты, барлық жасушаға емес, ACE2 рецепторы бар клеткаға ғана енеді. Ал ACE2 рецепторларының саны, организмде бөлінуі әр адамда әрқалай және біз оның жалпыға ортақ заңдылықтарынан ғана хабардармыз. Адам жас болған сайын, ACE2 рецепторлары соғұрлым аз болады. Бұл рецепторлар әйелдерге қарағанда, ерлерде сәл көбірек. Сондай-ақ, ACE2 семіздікке шалдыққан адамдарда көп кездеседі», – деді дәрігер.

Сол себепті, ол коронавирустың келесі толқынына, яғни қыркүйектің ортасы мен қазан айына дейін артық салмақтан арылуға кеңес берді. Өйткені күзде басталатын толқын тұмаумен қатар келіп, қазіргіге қарағанда ауырлау өтеді.

«Кейбір адамдар вирус жұқтырып алғаннан кейін, бірден жансақтау бөліміне түседі. Ал енді бірі апталап дене қызуы көтеріліп, мұрны бітеліп, тұмауратады. Бұл адамдардың иммунитетіне, азғасына байланысты. ACE2  рецепторлары аз адамдар респираторлық инфекциямен ұзақ уақыт ауырып, кейін құлан-таза айығып кетуі мүмкін. Ал рецепторлары көптер немесе вирустың ауыр түріне шалдыққандар ауруханадан бір-ақ шығады», – түсіндірді Розенсон.

Вирустың бірнеше «маскасы» бар

«Ауру белгілері әркімде әрқалай байқалып жүр. Солардың арасында тері бөртпесі де ұшырасады. Ешқашан аллергиясы болмаған адамның саусағында көгерген сияқты бөртпе пайда болған. Кейде иіс сезу қабілеті жоғалады. Бірақ, бұл симптом науқастардың тек қырық процентінде кездеседі, қалған алпысында ол мүлде жоқ. Енді бірінде температура көтеріліп, тамағы ауырады. Дене қызуын өлшемесе, оны тіпті сезбей қалуы да мүмкін. Көріп отырғанымыздай, коронавирустың бірнеше «маскасы» бар», – деп сөзін жалғады профессор.

Розенсон темекі тартатындар вирусты аз жұқтырады деген пайыммен мүлде келіспейді. Себебі шылым шегетіндер өкпенің созылмалы обструктивті ауруына жиі шалдығады. Ал бұл дерттің салдары ауыр.

Дәрігердің айтуынша, темекінің «пайдасын» насихаттап жүргендердің көздегені тек хайп.

«Ибуфенге» қатысты күмән

Рафаил Розенсон қазақстандықтарға Ибуфен препаратын әзірге пайдаланбауға кеңес берді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл препараттың коронавирустан емдеуде тиімділігі төмен екенін айтқан.

«Осы препаратқа қатысты зерттеу жүргізіліпті-міс. ДДҰ-ға қаншалықты сенуге болатынын білмеймін, бірақ сақтандырғым келеді. Солардың сөзіне сенейік, Ибупрофен препараттарын, нурофен, ибуфенді әзірге пайдаланбай-ақ қояйық. Парацетамол мен нимесил ішейік», – деді профессор.

Дәрігер дәріханадан қорап-қорап дәрі сатып алу ақшаны босқа шашқанмен бірдей дейді.

«Егер адамда ешқандай ауру белгісі байқалмаса, антибиотик, вирусқа қарсы препаратты ішіп қажеті жоқ. Ең дұрысы, қалыпты өміріңізді әрі қарай жалғастырып, спортпен айналысу», – дейді Розенсон.

Вирус жұқтырмаудың жолдары

Профессор коронавирус жұқтырмаудың үш жолын атады:

  • ара қашықтықты сақтау, үйден аз шығу;
  • бетперде тағу;
  • иммунитетті көтеру.

«Қазір бәрі сарымсақ жеп, лимон және зімбірмен шай ішіп жүр. Сіздер кеш қалдырыңыздар. Иммунитетті бір мезетте көтере алмайсыз. Вирустан созылмалы ауруыңызды жеңген кезде ғана құтыла аласыз. Қант диабеті болса, артық салмақтан арылып, қант мөлшерін қадағалаңыз. Д витамині жетіспесе, дәрумен алып ішіңіз. Артериалды қысымыңыз жоғары болса, дәрігер жазып берген препаратты уақытылы ішіп тұруды ұмытпаңыз. Егер иммунитетіңіз бәрібір де төмен, әлсіз болса, ең дұрысы, үйден шықпау», – деп кеңес берді Розенсон.

Ол дене қызуы 37,2 градусты көрсетсе, бұл аурудың жеңіл түрі екенін атап өтті. Сол себепті дәрігерлер ол адамды ауруханаға жатқызбайды, телефон арқылы консультация береді. Ақхалаттылар, ең алдымен, температурасы 39 градустан асқан, тыныс алуы қиындаған науқастарға көмек көрсетеді.

«Менің сіздерге айтар өтінішім: қара бұлтты төндірудің қажеті жоқ, жағдай онсызда мәз емес. Байбалам салып, елді дүрліктіре беруге болмайды. Адамдардың жүйкесі жұқарған, үрей құшағында жүр. Қазір бәрі патриот болуы керек. Ал патриот хайп жасамайды, айғай-шусыз өз позициясын ғана білдіреді. Сол себепті мен барлығына сабыр сақтауға кеңес беремін. Өзіңізде коронавирус емес, ұзақ респираторлық инфекция деп ойлаңыз. Ал ұзақ респираторлық инфекция кезінде иммунитетті көтеріп, Д, С дәрумендерін ішкен дұрыс. Жөтелге қарсы дәрі, аспирин, парацетамол, тамақты үнемі шайып, сұйықтықты көп ішу қажет. Ерте ме, кеш пе сіздің иммунитетіңіз бұл ауруды жеңіп шығады», – деп үндеу жасады дәрігер қазақстандықтарға.

Айналада ешкім көрінбесе, масканы шешуге болады

Деректерге сүйенсек, коронавирус ауада бірнеше сағат бойы сақталады, бірақ он бес минуттан кейін белсенділігін қатты жоғалтады. Сондықтан, Розенсонның айтуынша, жабық ғимаратта науқаспен ұзақ уақыт қалу адам денсаулығына өте қауіпті.

«Кеңсе қызметкерлері бір-бірінен екі метр алшақ отыруы тиіс. Қол алысып амандасуға болмайды, дәл қазіргі уақытта жапондар сияқты алыстан иіліп сәлемдесуді үйренген абзал. Лифтіде, дүкенде, жабық ғимаратта бетперде кию міндетті, әрине. Бірақ көшеде келе жатып, екі жүз метр қашықтықта ешкім көрінбесе, масканы шешіп қоюға болады», – дейді маман.

Ол саябақта спортпен шұғылдану кезінде де вирус жұқтыру қаупі төмен екенін атап өтті.

Профессор коронавирустың таралуында географиялық, климаттық фактор еш рөл ойнамайтынын жеткізді. Көктем кезінде кейбір ғалымдар аптап ыстықта вирус өлуі мүмкін екенін айтқан еді.

«Вируспен күресте адамдардың өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы өте маңызды. Егер адамдар ара қашықтықты сақтап, бетперде тақса, вирус таралуын тоқтатады. Әр халықтың ішінде шамамен он процент адам бар, оларды «ковид диссиденттер» деп атайды. Олар вирустың барына сенбейді. Дәл осы он процент лифтіде маска тақпайды, ара қашықтықты сақтамайды, вирус Билл Гейтстің адамдарға чип енгізу үшін ойлап тапқан сандырағы деп санайды. Мен бәрінен де осыны ұқпаймын. Билл Гейтске халыққа чип орнату не үшін керек?!. Мен мұның барлығын өтірік деп ойлаймын», – дейді Розенсон.

Қазақстан карантинде екі-үш жыл отыруы мүмкін

Профессор Қазақстанға екінші локдаун қажет емес деп санайды, өйткені экономика онсыз да қатты зардап шекті. Әйтсе де, адамдарға белгілі бір талаптарды сақтауға тура келеді.

«Жалпы мен коронавирусқа күресте қазақстандық жолды құптаймын. Біз көктемде шекарамызды жауып, бәріміз үйде отырдық. Соның арқасында аурудың таралуын бәсеңдеттік. Бірақ, біздің ең басты қателігіміз – халық дәрігерлерге сенген жоқ. Дәрігерлер карантиннен тайраңдап емес, еңбектеп шығу керек екенін талай рет ескертті. Өкінішке қарай, құлақ асқандар аз болды. Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін, бір-біріне қонаққа барды, көшеде бетпердесіз жүрді. Енді соның салдарымен күресіп жатырмыз. Қазір вирустың барына бәрі көз жеткізді», – дейді Розенсон.

Дәрігердің айтуынша, Қазақстанның карантинде екі-үш жыл отыру ықтималдығы 90 процентке тең.

«Жағдай өте күрделі, вирусты тоқтату өзімізге байланысты. Егер біз денсаулық сақтау министрі мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бұйрығынсыз, шыдамдылық танытып, үйде отырсақ, ауруды жеңіп шығамыз», – деді ол.

Сілтеме

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.1 / 5. Бағалар саны: 8

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close