Спорт

Чемпион Гүлім Құрманбаева: «Менің жұрттан кем тұсым тек бойымның қысқалығында»

3.6
(8)

Гүлім Құрманбаева маусым айында Дубай қаласында өтетін гір тасын көтеруден паралимпиада жарысына дайындығымен бөлісті. 45 келі  салмақтағы спортшымыз бұған дейін 2020 жылы Қазақстан кубогы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында өткен ел біріншілігінде 83 және 85 келі гір тасын көтеріп, рекортты екі рет жаңартқан еді. «Еуразия» бірінші арнасындағы «Пендеміз ғой» бағдарламасына берген сұхбатында чемпион үйдегі қолдауының мықты екенін жеткізді, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі.

«Чемпионның күйеуі болу оңай емес. Сіздер онымен бірге тұрмағаннан кейін білмеулеріңіз мүмкін. Өзіңіз ойлаңызшы, бір күні қолы ауырып келеді,  бір күні көңіл күйі болмауы мүмкін. Енді бірде ойына алған салмақты көтере алмай келеді. Барынша қолдау көрсетіп, көңіл-күйін бағып өмір сүру керек. Себебі ол Чемпион емес пе! Былтыр Манчестер қаласынан бірінші орын алып келді. Әлемдік кубогта 3-ші орынды иеленді. Осы жылғы Дубайда өтетін әлем біріншілігіне дайындық барысында  менің қолымнан келетіні тек қолдау, қас-қабағын бағу. Мен оған сенемін!», – деді  Гүлімнің күйеуі Бағдат Орынбасаров. 

Туылғанда бойында еш ерекшелігі болмаған, ешқандай ауытқу байқалмаған.  Гүлімнің бұл дертке қалай және қанша жасында байқала бастағанын  анасы айтып берді. 

  «Екі жасында байқала бастады. Оған дейін еш өзгеріс болған жоқ. Бір күні көк жөтелмен ауырып қалды да, ауылдағы дәрігерлер дәрілер жазып берді. Сонымен қатар ата-енем қазақы емді де жасады. Сол кісілер қарады. Мен өзім кантордың адамы болдым. Таңертең ерте кетемін, кешке кеш келемін. Ол замандар барлығымыз солай жұмыс істедік қой. Сонда қазақы емнің жолымен ауылдағы бір үлкен кісілер «көк жөтелге» көк тікеннің суын қайнатып беру керек деп ақыл айтады. Өзім сол көк тікеннің суынан көремін. Бекер беріппін. Бір жағынан Алланың сынағы да болар деп ойлаймын. Байғұс бұл баланың жастық шағы өте қиын өтті. Қатары менсінбеді, достары болмады. Көшеде адамдар қолдарын шошайтып күліп кететін. Балам жылап келетін үйге. Менің ана жүрегімнің езілгенін айтпасам да түсінікті шығар. Бұған дейін де, кейін де тұқымда мұндай болған емес», дейді Самиға Бажанова Гүлімнің анасы.

Бала күнінен қиындықпен күресіп үйренген қайсар қыз қазіргі уақытта бақыттымын, – дейді. Тіпті өзін төрт мүшесі түгел, сау адамдардан да мықтымын деп есепдейді екен. Ал оның осылай қатайуына айналасындағы адамдардың күлкісі мен келемежі себеп болған.  

«Егер мен осы спортпен айналыспағанда салмағым өсіп, денсаулығым нашарлап кетер еді. Менің мінезімді қатайтып, жеткен жетістіктеріме итермелеген сол адамдардың күлкісі. Себебі мен сияқты жарымжан адам бұл өмірде қандай жетістікке жетуі мүмкін? Қалай бақытты бола алады? Сол таптаурынды бұзып, дәлелдегім келді. Біз де бұл әлемнің бар кереметі мен ғажабына лайықтымыз дегім келді. Сол ойым іске асқандай. Ендігі арманым бала сүйіп, ана атану», – деді рекордсмен қайсар қыз. Өзінің тағдырласы І топ мүгедегі Бағдат Орынбасаровпен шаңырақ көтеріп, махаббат бұл дүниеде бәрін де теңестіреді, бәрін де еңсертеді деген ұранмен өмір кешуде. 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.6 / 5. Бағалар саны: 8

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button