Саясат

«Путин ашық сес көрсетіп отыр»: Сарапшылар көрші ел президентінің «Ресей жері» туралы мәлімдемесін түсіндірді

5
(1)

Владимир Путин өзінің сұқбатында Ресей жерін «сыйлыққа» алып кеткен КСРО елдері туралы сөз қозғады. Бұл мәлімдеменің астарында не жатыр, бізге қаншалықты қатысты?

Саясаттанушы Айдос Сарымның пайымынша, Ресей басшысының бұлай деуіне бірнеше себептер түрткі болған. Әсіресе, Ресей конституциясына енгізілетін өзгерістерге байланысты референдумның жақындауы негізгі себеп.

«Біріншіден, Путин жақында үлкен науқан өткізбекші. Конституцияға өзгерістер енгізіп, Путиннің президенттік өкілеттілігін созу қарастырылады. Жалпы осындай ұстаным Путиннің негізгі саясатына айналды десе де болады. Яғни, Ресейдің көпшілік халқы орыс ұлтын құрағандықтан, сол таптағы халықтың құлағына ұнайтын дүниелерді айту арқылы дауыс жинамақшы. Себебі, саяси ахуалдарға қатысты және коронавирустың дендеп кетуіне байланысты Путиннің ұпайы азайып, халық арасындағы беделі төмендеді. Осындай дүниелер арқылы өзіне ұпай жинап отыр.

Екіншіден, осы үлкен науқан алдында ҰОС құрметіне парад ұйымдастырып жатыр. Карантиндік режим кезінде Ресейдің ықпалы біраз төмендеген еді, біраз басшылар парадқа қатыспайтынын мәлімдеді. Сол үшін Путин «біле отырыңдар» дегендей осындай қадамға барды.

Үшіншіден, айналасындағы елдерге «Ресей ешқашан сендерді уысынан шығарғысы келмейді, егер саяси ойындар ойнап, басқа да саяси күштерге жақындайтын болсаңыздар онда біздің мынадай да қаруымыз бар. Біздің жерлеріңді талан-таражға салуға мүмкіндігіміз бар» деген сес көрсетуі деп ұқсақ болады», – деп түсіндірді Айдос Сарым. Саясаттанушының сөзіне сенсек, тек сайлау алды сөзі деп қарауға болмайды, астарында айтқысы келген Путиннің ашық ойы бар.

«Жалпы Ресейдің саясаты – кезінде КСРО-да болып, уысынан шыққан елдерге мәселе тауып беру отыру. Әзілбайжан мен Армения арасындағы қақтығыс, Армения жерінің 20%-ын Әзербайжанға өтуіне алып келді. Грузияның да 26% жерін иемденді. Украинаның ең құнарлы деген жерін алып, екі қаласында азаматтық соғыс бастады. Сондықтан Қазақстан осындай қауіптің бар екенін ешқашан естен шығармауы керек. Арақатынасымыз жақсы деген күннің өзінде ішкі ауызбірлікті сақтап, оған қамдану керек. Сосын асығыс шешімдерден ақылсыз қадамдардан аулақ болуымыз керек. Бүгін дауыс жинау үшін немесе ұпайын түгелдеу үшін жалпақ ұранға бастап, соның кесірінен солтүстіктегі 1-2 аймақтарымыздан айырылып қалатын болсақ, оны Құдай да, ұрпақ та кешірмейді. Парадқа бару керек деді ма бару керек. Бұл Ресейдің қолтығына кіру емес, керісінше содан шығудың жолы», – деген Айдос Сарым ішкі ауызбірлікті сақтауды қадап айтты.

Сондай-ақ сарапшы қазір бүкіл әлемде орнаған жағдаймен есептеспеске амал жоқ екенін айтады. Барлық елдің экономикасы мен саясатына тікелей ықпал еткен коронавирус пандемиясы өз ережелерін енгізеді.

«Коронавирус әлемге әр ел өз проблемаларын өзі шешу керектігін үйретті. Ешкімнің сенер тіреуі жоқ. Сондықтан ішкі дағдарыс пен ішкі кикілжіңге жол бермеу керек. Саяси және экономикалық даму арқылы бірнеше аймақаттағы этно-демографияны реттеп алуымыз керек. Сондықтан халыққа осындай тақырыптарды дұрыс жеткізу керек. Өз ішімізде қатты айтуға болатын шығар, бірақ сыртқа қарғыс, лағнет айтудың қажеті жоқ», – деген ол батыл қадамдарды «мұртымызды балта шаппайтын кезде жасауға» болатынын ескертті.

Саяси қадамдар мен өзгестерге өз ойын ашық айтып жүрген саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов бұл Путиннің әдеттегі айла-шарғысы екенін кесіп айтты.

«Бірінші кезекте Путин бұл сөздерді ресейліктерге бағыттап айтты. 25 маусым мен 1 шілде аралығында референдум өтетінін ескерсек, Путин әдеттегідей ұлтшылдықпен өзінің абыройы көтергісі келіп айтқаны деп ойлаймын», – деген ол Қазақстан билігі бұл сөзге не үшін ешқандай реакция білдірмей отырғандығын түсіндірді.

«Не себепті біздің билік тарапынан ешқандай реакция болмады дейтін болсақ, Қазақстан билігі – «элита» Ресейге жалтақтайды. Көптеген халықаралық мәселелер болсын, Еуропалық одақ  аясындағы интеграция болсын, көп мәселе бойынша Кремльдің айтқанымен жүреді. Сол себепті біздің «элитадан» ашық реакция күтудің қажеті жоқ. «Комсомольская правда» газетіне Тоқаев берген сұқбатынан да біраз нәрсені байқауға болады», – деп ойын түйді.

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаевтың бұл жағдайға қатысты айтар өз ойы бар:

«Егер Ресей «тарихи әділеттілікті» қаласа, мұндай жағдайда Украина немесе Қазақстан Ресейден Кеңес Одағының құқықтық мұрагері ретінде миллиондаған адамның өмірін жалмаған «ашаршылық» үшін өтемақы талап етуге толық құқылы», – деп қадап айтты.

Дереккөз: Stan.kz порталынан

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Scroll Up
Close