Саясат

«Сенің құның – бір ауыз сөз» немесе спичрайтиң неге өзекті?

5
(4)

«Make America Great Again!» – «Американы тағы да ұлы етеміз!», «Yes, We Can» – «Иә, біз бұны жасай аламыз!». Бұл жәй ғана тіркестер емес, Америка Құрама Штаттарының тарихында президент сайлауында жеңіске жетуге тікелей ықпал еткен сөздер, ұран болған және үміт сыйлаған тіркестер. Американың қазіргі президенті (жақында президенттік мандаты аяқталатын) Дональд Трамптың «MAGA» (Make America Great Again!) «Американы тағы да ұлы етеміз!» деп мінберден құлшына қос қолын сермеп сөйлеген сөзін бұқара халық естіп, оны қолдады. Тіпті осынау сөз тіркесі Трамптың жақтаушыларының ұранына айналды. Ал Трамп болса, қарап қалмай өзінің сол тұстағы қарсыласы болған бұрынғы мемлекеттік хатшы, Демократиялық партия атынан үміткер болған Хиллари Клинтонның Stronger Together (Біріксек күштіміз) деген сөз тіркесін күлкіге айналдырған еді. Америка тарихында тұңғыш рет қара нәсілді азамат Барак Обаманың «Yes, We Can» (Иә, біз мұны жасай аламыз), Hope (үміт), Change We Can Believe In (Біз сенетін өзгерістер) сөз тіркестері жәй ғана тіркес емес, оның Ақ үйдегі президент орындығына төрт жылға жайғасуына мүмкіндік берді. Әсіресе, хоуп яғни үміт сол тұста америкалықтар үшін ауадай қажеттін, себебі 2008 жылы дүниежүзілік дағдарыс пен Құрама Штаттардың мұхиттың ар жағындағы әскери қақтығыстарға бел шеше кірісуі америка халқының наразылығы мен алаңдаушылығын тудырған. Обама бір ғана «Hope-пен» саясаттан көңілі қалған тұрғындарға үміт сыйлап, «олар сенетін өзгерістерге» бастайтынына уәде етті. Мұндай аты шулы әрі магиялық күшке толы сөз тіркестерін кім құрайды, шенділер мен танымал тұлғалардың халық алдында мүдірмей әрі көсіле сөйлеуіне кім қолғабыс етеді? Олар – спичрайтерлер.

Спичрайтер ағылшынның speech – сөз, write – жазу деген сөзінен шыққан. Ал спичрайтиң –  бұқараның алдында сөз сөйлеуге дайындалатын мәтін. Оны жазатындарды спичрайтер деп атайды. ХХІ ғасырда бұл мамандық туралы білетіндер азды-көп шығар, десе де оның тарихы көнеден бастау алады. Ораторлықтың отаны саналатын ежелгі Грекияда алғашқы спичрайтерлер немесе ораторлар деп Демосфен, Исократ, Кастор Родосский, Перикл т.б саналады. V ғасырдың соңында Афинада логографтар пайда болды, олар адамдарға сөз сөйлеуге арналған мәтін жазып беріп, содан ақша тапқан көрінеді.

Кеңестік кезеңдегі партократтардың сөздерін естуімізше және оқуымызша партиялық газеттердің журналистері жазып берген көрінеді. Бұл қате болуы да мүмкін. Мәселен, Беларусь Президенті Лукашенконың билік басына келген алғашқы жылдарында 150 спичрайтері болса, бүгінде олардың саны 20-ға дейін қысқарыпты. Атап өтерлігі, спичрайтиңге Жоғары оқу орындары да, тіл білімін оқытатын институттар да т.б мекемелер дайындамайды. Ол адамның бойындағы сөз саптау, сарабдал сөздің қай жерде салтанат құрып, қай жерде қиыс басатын сезіп-білетін жекелеген қасиеттері бар жандардан көрінеді. Десе де бұған журналистика мамандығы қолғабыс ететінін жасыра алмаймыз. Мәселен, Борис Ельциннің мәтінін жазған Валентин Юмашев, Дмитрий Медведевтің халық алдындағы сөздерін жазуға жауапты болған Ева Василевская – бұлар журналистер. Қызығы, РФ президенті Владимир Путиннің кезіндегі спичрайтері Симон Кордонский химия мен биология пәнінің оқытушысы болған екен.

Осы орайда, қазақ тілінде жазылған ұстазымыз, саясаттану ғылымдарының кандидаты Меруерт Төлебаеваның  «Саяси спичрайтинг негіздері»– деп аталатын құнды кітап қолымызға түскен еді. Жоғарыда аталған еңбекте «саяси спичрайтердің маңызды қасиеттерінің бірі – креативтілік, себебі бұл қабілет оған ақпараттық себептерді вербалдық жағынан әрлеуге шығармашылық шешімдер іздеуге, табуға және оларды іске асыруға мүмкіндік береді» – дейді.

  • коммуникабельділік, эмоционалдық және вербалдық белсенділік;
  • жаңа және стандарттан тыс дүниелерге деген сензитивтілік (сезімталдық);
  • әлеуметтік батылдық пен икемділік сезімі;
  • әлеуметтік және саяси психология теорилары мен практикасын білу;
  • саяси мәдениет, дүниетанымдық идеялық, моральдық икемділікпен үйлескен жоғары адамгершілік.

Жалпы алғанда спичрайтингтің бірнеше түрі бар екен. Жекелей алғанда, саяси, әкімшілік, іскерлік және діни деген түрлерін бөліп көрсетуге болады:

  • Саяси спичрайтинг қоғам қайраткерлеріне, саяси партиялардың, ұйымдар мен одақтардың (мәселен, БҰҰ, ЮНЕСКО) көшбасшылары мен бірінші тұлғаларына арнап сөз жазуды қамтиды.
  • Әкімшілік спичрайтинг – мемлекет, министрлік және ведомство басшыларының, басқа да лауазымды тұлғалардың сөз сөйлеуі үшін материалдар дайындау.
  • Іскерлік спичрайтинг басшылардың сөз сөйлеуіне арналаған (компанияны ашқан немесе жапқан кезде; марапаттарды (медаль, мақтау қағаз, алғыс хат және т.б.) тапсыру кезінде; инвесторлармен, серіктестермен, клиенттермен және т.б. салтанатты кездесу кезінде).
  • Діни спичрайтинг шіркеу көшбасшыларының сөз сөйлеуіне арналған (уағыздар, діни мерекелер кезінде салтанатты құттықтау сөздер, күнделікті ғибадат-мінәжаттар аясында дін ұстанушыларға арнап адамгершілік-этикалық насихаттар айту және т.б.).

Саяси аренада саясаткерге спичрайтер маманның керегі анық. Себебі ел бастайтындардың әуелі сөз бастай алуы аса маңызды. Қазақ даласында спичрайтерлік болмады, қазір де бұл тақырып туралы қаузай алмаймыз деу әбестік болар. Бір ауыз сөзбен қара қылды қақ жарған қазақтың би-шешендері бұған дәл болмаса да мысал бола алады.

Бүгінгінің спичрайтерлері туралы айтқанда мынадай қызық деректерге тап болдық. Жоғарыда айтқанБарак Обаманың бұрынғы спичрайтері Джон Фавро, жастығына қарамай (27 жас), өзінің басшысының 2008 жылы сайлауда жеңіске жетуіне көмектесіпті. Тіпті, 2009 жылы Time журналының нұсқасы бойынша, әлемдегі ең ықпалды деген 100 адамның қатарына да кіріпті. GQ журналы, өз кезегінде оны Колумбия округіндегі ең ықпалды 50 адамның қатарына қосыпты.

Джеймс Фоллоустан кейінгі ең жас екінші спичрайтер болған оны Барак Обама өзінің «телепаты» деп мойындаған. Әлемдегі шешен сөйлейтін адамдардың бірі саналатын Фавро бүгінгі АҚШ саяси сахнасындағы өз саласының фавориттерінің бірі әрі бай адамдардың қатарынан. Сөз жазушы десе біздің қоғамда кабинетте том-том кітап пен газеттердің арасында көміліп отырған көзілдірікті адамның елестейтіні жасырын емес қой. Мақала авторы ретінде бізді қызықтырғаны батыс қоғамында спичрайтиң саласының дамып, кәсіби деңгейге көтерілгені болып отыр. «Сөз құдірет» – деп мойындайтын қазақ үшін әлбетте, жазу мәдениетінен гөрі ауыз әдебиеті қатты дамығандықтан ба екен деген ой келеді.

Осы жылдың 17 тамызынан 3 қазанына дейін «Нұр Отан» партиясы партияішілік сайлау яғни праймериз өткізеді. Праймериз бұған дейін қазақстандық саяси жүйеде қолданылмаған еді. АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде кең тараған бұл саяси үрдістің басты ерекшелігі – кокос немесе өзара пікірталаста. Яғни белгілі бір тақырыптар аясында дебаттар жүргізу арқылы әр адамның өз ұстанымын қорғап шығуы, неліктен оның ұстанымы өзекті, неліктен ол пайдалы сынды критерйлерге негізделеді. Міне, осындай саяси науқанда Қазақстанда спичрайтиңгтің мәні артады. Себебі, спичрайтиңгтің басты төбе көрсететін тұсы ол – бәсекеде. Бәлкім, «Нұр Отан» өткізетін праймериз спичрайтиңгтің дамуына да тікелей ықпал етер.

Спичрайтиң қалай дамиды? Әлбетте, пікірталас пен ой таласы бар жерде дамиды. «Шықпа жаным, шықпа» дейтін қоғамда дамуына күмән бар. Күніне 500-ден 45000 сөзге дейін сөйлейтін адам не айтып, не қойып жатқанына өзі есеп бермеуі әсте мүмкін. Ал қызған пікірталас, ой мен сөздің қақтығысы болатын тұста сөздің құдіреті мына ғаламның жеті кереметінен де асқақтап кетеді. Себебі сөз ол жәй ғана лингвистикалық өлшем емес, сөз ақыл-ойдың көрінісі. Сөздің қасиетіне байланысты жазылған қаншама философиялық еңбектер әлі күнге дейін өзекті болып келе жатқаны да сондықтан. Көп алдында сөз бастау оңай емес. Қазақ қоғамында спичрайтиң саласын дамыту маңызды. Әсіресе, билік өкілдеріне керек-ақ. Заң жобаларын елге насихаттап түсіндіруде қағазға шұқшиып тұрудан, табан астынан төніп қалатын журналистер сұрағына жауап беруде сасып-пыспай не айтарын ойланып, толғанып сөйлегенде тағы да спичрайтиңнің маңызы арта түседі.

Қорыта айтқанда спичрайтиң қазіргі уақыттағы қоғамның барометріне тікелей әсер ететін сала. Қазақстанда бұл саланы дамытуды қолға алу керек. Қоғам белгілі спичрайтерлерді дәл журналистер мен лингвистерді, шоу-бизнес өкілдерін т.б мамандарды танитын сияқты тануы тиіс. Спичрайтерлер қатары артқан сайын сауатты сөйлеу, оралымды ойдың аясы кеңейіп, бәсеке туады. Бұл әлбетте, дайын тұрған мәтінге тапсырыс беріп қойып, қарап отыру дегенді білдірмейді. Бірінші кезекте – жазылатын мәтін ол спичрайтердің жеке ойы емес соған тапсырыс беруші жанның азаматтық позициясының көрінісі болуы тиіс. Әйтпесе, дайын сөз жүрекке қонбаса, ол миллиондаған адамның көкейіне жетеді деу бос әурешілік қана.

Тағы бір атап өтерлігі және ең бастысы Қазақстанда спичрайтиң мамандық ретінде оқытылуы тиіс. Бұған балама түрлері мәселен ораторлыққа, полиглот болуға т.б оқытатын курстар баршылық. Бірақ бұл тікелей спичрайтиңге қатысы жоқ. Осы себептен медиа, филология, лингвистика, PR және қоғаммен байланыс мамандығында оқитын жастарға спичрайтиңгті оқыту олардың болашағына да жасалатын капитал деп ұғынған жөн. Жоғарыда спичрайтер болуға тума таланттын да қажет екенін айттық. Ол даусыз. Бірақ арнайы білім алып, мәтін жазудың қыр-сыры мен техникасын меңгеру танымға таным үстей түседі.

Сөз соңында айтпағымыз «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген халық даналығы бар. Қазір қазақтың бұл мақалынан өзекті сөз жоқ шығар. «Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлгенше» сара сөз бізге емес, біз сара сөзге басшы болайық.

P.S. «Сөз көпке, бірақ даналық санаулыларға беріледі».

Үлкен КАТОН

Жүмәсіл ЖАПАБАЕВ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 4

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

bahis Casino Siteleri Baymavi Экскурсии в Мармарисе Аренда яхт в Бодруме Аренда яхт в Мармарисе Аренда яхт в Турции экскурсия памуккале дальян экскурсия эгейские острова мармарис остров клеопатры мармарис дайвинг в мармарисе турецкая ночь Scroll Up
Close