Сараптама

Қоқыс өңдеуде инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін көптеген мәселені шешу керек – сарапшы

Бүгінде қоқыс өңдеу саласында инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін көптеген мәселені шешу қажет. Бұл туралы Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрайымының кеңесшісі Әлия Баймағанова айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2013 жылғы 30 мамырда тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру және жаңа технологияларды ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілген.

Концепцияда қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) басқарумен байланысты жобалар бар. Себебі, ҚТҚ-ны басқару «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының басты басымдықтарының бірі болып саналады. Осыған байланысты ол еліміздегі қоқыс өңдеу мәселесіне тоқталды.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 3,5 мыңнан аса қоқыс полигоны бар. Олардың 635-і немесе 21%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Жыл сайын көлемі 5-6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар қоқысқа тасталады. Бүгінде ҚТҚ-ны жинау және шығару тек қалалар мен жекелеген аудан орталықтарында ұйымдастырылған», – деді Әлия Баймағанова.

Ол қоқыс өңдеуде инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін көптеген проблеманы шешу керек деген пікірде.

«Қазіргі таңда кредит бойынша жоғары мөлшерлеменің болуы, тиісті ынталандырудың жоқтығы, қоқыс шығаратын компаниялар, қалдықтарды сұрыптайтын зауыттар мен қоқыс полигондары арасында тарифтің әділетсіз бөлінуі сынды проблемалар бар. Мысалы, зауыт қоқыс полигонына қатты тұрмыстық қалдықтарды брикеттерде жеткізеді. Оны сол үшін ақша төлеуге мәжбүрлейді. Полигондарда қоқысты сұрыптайтын кешендер бар. Онда барлық қалдық тасымалданады. Сондай-ақ сұрыпталған қоқысты сататын орын жоқ. Мысалы, Ресеймен шекаралас орналасқан аудандар осындай проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Бұрын олар сұрыпталған қалдықтарды көрші елге сатқан еді», – деді басқарма төрайымының кеңесшісі.

Әлия Баймағанова бүгінде елімізде қоқысты экспортқа шығаруға тыйым салынғандықтан, кәсіпкерлер қалдықтарды сата алмай отырғанын, ал жергілікті пластик өңдеушілерге шикізаттың жетіспейтінін атап өтті.

«Уәкілетті орган осы процестердің бәрін реттеуі керек деп санаймын. Жергілікті атқарушы органдар түзушіден тасымалдаушыға, қайта өңдеушіге, полигонға дейінгі барлық тізбекті дамытуы тиіс. Тіпті ірі мегаполистерде қайталама шикізатты қабылдайтын қарапайым пункттер жоқ: макулатура, пластик, шыны және тағы басқа.

Бірыңғай тұжырымдаманың, мәселені үйлестіру және басқарудың, әділ тарифтің, экономикалық ынталандыру шараларының болмауы қоқыс өңдеу бизнесін тартымды етпей отыр. Мұнда жиналатын коммуналдық қалдықтардың көлемі де азаймай отырғанын атап өту керек», – деді ол.

Сонымен қатар кеңесші қоқысты сұрыптау бойынша қандай жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

«Қазақстан экологиялық ұйымдарының қауымдастығы елорда әкімдігімен бірлесіп, Philip Morris компаниясының қолдауымен Stop musor әлеуметтік-экологиялық жобасын іске асырып жатыр. Жоба халықтың экологиялық сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ қазақстандықтар арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қауымдастық елдегі экологиялық мәселелерді шешу үшін арнайы сайт пен Stop musor мобильді қосымшасын әзірледі», – деді Баймағанова.

Оның айтуынша, бұл ресурстардың көмегімен тұрғындар өз қалаларындағы белгілі бір экологиялық мәселеге қатысты шағым түсіре алады. Жиналған барлық ақпарат қоғамдық экологиялық мониторинг порталында біріктіріледі – ecokarta.kz

«Қоқысты сұрыптауды әдетке айналдыру үшін тұрғындарға барлық жағдайды жасалуы керек: қоқысқа арналған арнайы контейнерлер, қайта өңделетін қалдықтарды қабылдайтын арнайы пункттерді ашу, оларды өткізгендер пайда таба алуы қажет (макулатура, шыны, ескі жиһаз, тұрмыстық техника және тағы басқа), сондай-ақ second hand дүкендеріне де қолдау көрсетілуі шарт», – дейді кеңесші.

Әлия Баймағанова жасыл технологиялар өте ауқымды тақырып екенін, оның бағыттарын жеке-жеке талдау маңызды деген ұстанымда. Себебі, бұл адамзат үшін өте маңызды.

«Қазақстанда тиісті заңнамалық база бар: Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама, жол карталары, Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы, Орман кодексі, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясы, елімізде жасыл технологияларды енгізуге ықпал ететін заңнамалық актілер және тағы басқа. Бүгінде Су кодексінің тұжырымдамасы да талқыланып жатыр. Енді осы бағыттар бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу керек», – дейді Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығының өкілі.

Сонымен қатар кеңесші «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қоқыс өңдеу саласын дамытуға септігін тигізетінін жеткізді.

«Ұлттық жоба 4 негізгі бағыт: «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» және 11 тапсырма, 19 көрсеткіш және 48 іс-шарадан тұрады. Жобаны іске асыру халықтың нақты табысын арттыруға, ЖІӨ-ні 231 млрд теңгеге ұлғайтуға ықпал етеді. Ұлттық жобаны іске асыру есебінен 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жоғарыда аталған проблемалары шешілгенде жоба саланың дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», – деп түйіндеді сөзін Әлия Баймағанова.

Айта кетейік, 2021 жылы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыруға 89,3 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 28 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге және бюджеттен тыс 47 млрд теңге қаржы көзделген.

Биыл ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыруға 161 млрд теңге жоспарланып отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, 2022 жылдан бастап Бюджет кодексінде экологиялық төлемдердің 100% табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсау туралы норма енгізілген. Алайда бірқатар өңір экологиялық іс-шараларды қаржыландыру экологиялық эмиссия төлемдерден түсетін қаражаттан әлдеқайда төмен.

Осыған байланысты министр әкімдіктер облыстардың қоршаған ортасын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі әрі жергілікті бюджет қаражатын осы жоспарларға сәйкес толық көлемде жұмсалуын қамтамасыз етуі керек деп санайды.

Серікқали Брекешевтің пікірінше, бұл қаражатты ұлттық жобасы іс-шараларын іске асыруға пайдалануға болады.

Фото: egemen.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.