Сараптама

Шымкентте өрт дерегі азайды – маман

Бүгінде қалада өрт шығыру дерегі азайып отыр. Бұл мамандар жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі.

Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Азамат Булдурыков айтты, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 6 айда 82 өрт дерегі тіркелген, ал өткен жылдың ұқсас кезеңінде 85 өрт болған.

«Деректерге сүйенсек, соңғы жылдары Шымкентте өрт дерегінің саны азайып отыр. Бұл түсіндіру жұмыстары мен тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауы, қырағы болуы, мамандардың өз міндетін абыроймен атқаруынан деп ойлаймын. Мысалы, биыл қаладағы өрт дерегін азайту үшін ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді», – деді бас маман.

ТЖД қызметкерлері 144 мың 411 адам тұратын 31 мың 13 тұрғын үйді аралап, 7 мың 241 адам қатысқан 83 жиын өткізген. Онда қала тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау маңызды екені айтылған.

«Әлеуметтік желілерде де түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Төтенше жағдайлар министрлігі мен ТЖД сайттарында тиісті ақпарат орналастырылды. БАҚ-та жалпы 904 материал шықты.

Сонымен қатар жұрт жиылатын жерлерде, жол бойындағы LED экрандарда, авто және теміржол вокзалдарында, қоғамдық көлікте, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орындарында әлеуметтік роликтер көрсетіліп, білім беру ұйымдарында интерактивті сабақтар ұйымдастырылды», – деді Азамат Булдурыков.

Бас маман қалада жер үйлер мен пәтерлерде өрт дерегі жиі тіркелетінін атап өтті.

«Статистикалық деректерге сүйенсек, көп жағдайда бұл тұрғындардың салғырттығынан немесе оған көршілері немесе балалардың кінәсінен болып жатады. Салдарынан адамдар жылдар бойы жинаған мүліктерінен айырылады. Тіпті, қайғылы жағдайларда тіркеледі. Мысалы, жыл басынан бері 82 өрт тіркелді: 47 дерек жер үйде, 14 дерек көліктің өртенуімен байланысты, қалғандары басқа объектілерде болды», – деді азаматтық қорғау майоры.

Осыған байланысты Азамат Булдурыков жер үйлер мен пәтерлерде өрттің негізгі шығу деректеріне тоқталды.

«Мысалы, тұрмыстық техникалар мен газды пайдалану кезінде, мас күйде темекі тарту, ішімдік ішу, электр сымдарын дұрыс жүргізбеу және тағы басқа. Егер жер үйде немесе пәтерде электр сымдарына және техникаға зақым келсе, маманды немесе ТЖД қызметкерін тез шақыру керек. Сондықтан тұрғын үй секторларында өрт дерегін болдырмау үшін профилактикалық жұмыстар күшейтілді», – деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы.

Азаматтық қорғау майоры Шымкентте тұрмысы төмен отбасылардан бөлек, өрт дерегін болдырмау үшін тұрғын алаптары, көпқабатты үйлердің тұрғындарымен де түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

«ТЖД қызметкерлері 31 мың 780 үйді аралады. 101 үйдің иесі мамандарға есік ашпаған. Осылайша, 1 мың 255 адамға ескету жасалды, 178 заңбұзушылық анықталды, ал 169 заң бұзушылық сол мезетте реттелді», – деді азаматтық қорғау майоры.

Азамат Булдурыковтың айтуынша, бүгінде ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде 122 техника бар; 55 негізгі, 22 арнайы, 45 қосымша.

Бас маман өрт сөндіру саласында маман тапшылығы жоқ екенін атап өтті.

«Шымкент қаласы ТЖД және оған қарасты мекемелердің жеке құрамында 800-жуық маман жұмыс істейді. Мысалы, ТЖД-да – 75 маман, өрт сөндіру қызметінде – 727 маман.

Кадр мәселесіне тоқталайын. Ол бойынша заң аясында бос лауазымдық орындарға конкурс жарияланады. Хабарлама ресми түрде ТЖ департаментінің сайтында, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Белгіленген тәртіппен қажет құжаттар жинақталып, заң аясында бекітілген шарттарға сәйкес үміткерлер жұмысқа қабылданады. Қазіргі таңда өрт сөндіру саласында маман тапшылығы жоқ», – деді Азамат Булдурыков.

Азаматтық қорғау майоры өртті болдырмау үшін төмендегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау өте маңызды екенін, кейбір жағдайда ол адамдарды өлімнен аман сақтап қалуға септігін тигізетінін ескертті.

  • Электр және газ құралдарын қосулы күйінде қалдырмаңыз, оған балаларды жақындатпаңыз;
  • Уақытша және зақымдалған электр өткізгіш сымдарын пайдаланбаңыз;
  • Электресептегіштердегі электрсақтандырғыштар сапалы болуы тиіс;
  • Үлкен көлемдегі электр құралдарын бір уақытта қосып, электр желісіне күш түсірмеңіз;
  • Газдың кеміп қалғанын тексеру үшін сіріңке, оттықты қолданбаңыз;
  • Сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
  • Балалардың отпен ойнауына тыйым салыңыз, оларды қараусыз қалдырмаңыз;
  • Өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау, үйіңіз бен мүлкіңізді, жақындарыңызды өрттен қорғайтынын ұмытпаңыз;
  • Өрт болған жағдайда уақыт жоғалтпай бірден 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 2.3 / 5. Бағалар саны: 3

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.